93 Арман

Таяуда «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 әскери бөлімінің әскери қызметшілері керекуліктердің руханиятының орталығы болып табылатын Сұлтанмахмұт Торыайғыров атындағы облыстық кітапханада ұйымдастырылған рухани мұралардың асыл қазынасына айналған құтты мекен – Кереку топырағында түлеп ұшқан жерлесіміз, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің сүйікті шәкірті болған әдебиеттанушы, халық ауыз әдебиетін зерттеуші, фольклоршы, сыншы, жазушы, атақты ғалым, филология ғылымдарының докторы Бекмұрат Уахатовтың 90 жылдығына арналған «Бекмұрат Уахатов еңбектері-ұрпақ тәрбиесіндегі асыл қазына» атты конференциясына қатысты. Шараға С. Торыайғыров университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Мәшһүртанушы Айтмұхамбет Қасымбайұлы Тұрышев, Б.Уахатовтың көзін көрген, әсерлі әңгімесін тыңдаған С. Торыайғыров университетінің профессоры, Бекмаханов атындағы ғылыми орталықтың директоры, философия ғылымдарының кандидаты, тарихшы, ғалым Амантай Жетпісұлы Құдабаев, «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Серік Сатыбалдин, зейнеткер ұстаз Сағынбай Боранбайұлы, Б.Уахатовтың туысы Салтанат Қажымұратқызы қатысты. Конференция барысында зиялы қауым ағамыздың еңбектеріне, өміріне қатысты құнды деректермен, естеліктермен бөлісті. Жиналған қауымға Бекмұрат Уахатовтың бұрын жарияланбаған қолжазбаларынан құрастырылып, жарық көрген алты томдық шығармалар жинағы ұсынылды. Олар: «Асыл азамат», «Шеберлік туралы ойлар», «Қазақтың тұрмыс-салт жырларының типологиясы», «Өрнекті ойлар», «Көркемдік ізденістер», «Қазақтың халық өлеңдері». Сондай-ақ, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейімен бірігіп ұйымдастырылған «Ғылым сахабасы-Бекмұрат Уахатов әлемі» атты кітап көрмесі көпшілікке ұсынылды.
Атам қазақ «Халқым қандай десең, салтымнан сынап біл»деген екен. Әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі болады. Бұған ағамыздың «Қазақтың тұрмыс-салт жырларының типологиясы» атты еңбегі куә. Жалпы Б.Уахатовтың еңбектерін үш салаға бөлуге болады.Оның біріншісі-халық мұрасын жинап жарыққа шығару болса, екіншісі-қазақ ауыз әдебиетін зерттеу, бұған ағамыз 20 жылдан астам уақытын арнаған екен, үшіншісі-тәрбиелік мәні бар әңгімелері. Біздің әскери бөлімде еліміздің әртүрлі өңірінен келген сарбаздар қызмет өткереді. Осындай шараларға оларды қатыстырудағы мақсат олардың ой-өрісін кеңейту, білім қоржынына құнды мәліметтер беру, өңіріміздің зиялы қауымын насихаттау, дәріптеу, ұрпақтар жалғастығы, аға буынның кіші буынға берер тәлім-тәрбиесі.Осындай ғалымдарымыздың еңбектері шұғылалы күндей білім сәулесін келер ұрпаққа шаша берсін!
Лейтенант Дана МҰҚАНОВА, Павлодар қаласы
Источник: dknews.kz






