үй Қазақстан жаңалықтары Байрақты батальон

Байрақты батальон

63
0

340 rob

Байрақты батальон

Сарыарқаның алып төсінде орналасқан Қарағанды өңірі елімізге және алыс-жақын шетелдерге тек қара көмірімен, әйгілі боксшыларымен ғана танымал емес. 1939 жылы Мәскеу қаласында құрылған ГУЛАГ басқармасына қарасты Қарағандының іргесіндегі Долинка кентінде Карлаг еңбек түзету лагері пайда болды.

Байрақты батальон

Сол жылдардан бастап Кеңес өкіметінің әр түкпірінен репрессияға ұшыраған халықтар келіп, Долинкадағы мекемеде мерзімдерін өтеді. Арасында ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері болды. Тек 1959 жылы ғана мекеме өз атауын ауыстырып, Қарағанды облысы бойынша Ішкі істер органдарының жүйесіне енді. Мұнда Кеңес өкіметі бойынша ең ірі тузету мекемесі пайда болды. Сол арқылы бүкіл Одақтың аумағына танымалдығы артты. Десе де, бүгінгі мақаламыз мекемені мекендегендер туралы емес, сол қытымыр қыстың аязына, жаздың аптап ыстығына қарамастан қызметін атқарып жүрген нар тұлғалылар ұжымы жайында болмақ.

Байрақты батальон

Қарағанды қаласынан Долинка кентіне қарай жол тартып бара жатырмыз. Сондағы мақсатымыз — 6505 әскери бөлімінің 2-атқыштар батальонының тыныс-тіршілігі туралы мақала жазу. Дала ақдүлей боран. Ат құлағынан ары қарай ештеңе көрінбейді. Бірде жол бізді жоғарыда аталған батальонның бақылау-өткізу бекетіне жеткізді. Сыртқы ұқыптылық — ішкі жинақылықтың, өзін-өзі ұстай білушіліктің, өзіне және айналасындағыларға талап қоя білушіліктің белгісі емес пе? Әскери ұжымға кіре берісінен темірдей тәртіптің иісі аңқып тұр. Барлығы өз орнында. Бәлкім бұл ұзақ жылғы қалыптасқан әскери дәстүрдің ықпалы болуы мүмкін. Немесе жуырда тағайындалған батальон командирі майор Әлібек Ахметовтың талапшылдығы ма? Бекеттің есігі ашылды, біз осы сауалдардың жауабын білу үшін ішке кірдік. Бізді аталмыш батальон командирі майор Әлібек Оралұлы өзі қарсы алды.

Байрақты батальон

– Өздеріңіз көріп тұрғандай батальонның аумағы үлкен, – деп әңгімесін бастады батальон командирі. – Біздің міндет ҚАЖ түзету мекемелерін және төтенше резерв қоймасын күзету болып табылады. Батальон басқармасы және үш атқыштар ротасы бар. Олар үш, төрт, бесінші атқыштар роталары мен кинология взводы. Батальонда қазандық жұмыс жасайды. Байланыс торабында да әскери қызметкерлер қызмет атқарады. Біздің күзетімізге үш нысан алынған. Олар №30 түзету мекемесі, №31 өңдіріс аймағы және №31 тұрғылықты аймақ. Біздің батальон ауысым арқылы аталмыш нысандарды күзетеді, — дейді Әлібек Оралұлы.

Ұжым басшысы жуырда ғана тағайындалды демесеңіз, басшылық тарапынан зор сенімге ие. Осыған дейін көршілес батальонда штаб бастығы болып мол тәжірибе жинақтаған. «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Сәкентай Шекарбеков аталған батальонға жол жүрер алдында батальон командирі мен оның орынбасары – штаб бастығы туралы оң пікірлер білдірген болатын. Десе дегендей-ақ, екен. Жеке атқыштар батальонында игі жауынгерлік дәстүр қалыптасқан. Ал, батальон командирі майор Әлібек Ахметов болса, оны жалғастырып қана қоймай, әрі қарай дамытуға тырысуда.

– Атақты қолбасшымыз Бауыржан Момышұлы өзінің «Қанмен жазылған кітап: Соғыс психологиясы» атты еңбегінде: «Армияның басты күші мен негізгі байлығы — солдаттар. Сондықтан да басты назар өнерді, солдат кәсібін үйретуге, жауынгерді ұрыста аман сақтап қалуға аударылуға тиіс» деп
айтқан болатын. Біз тарихы терең әскери құрылымбыз. Бізге арнайы контингентті күзету сеніп тапсырылған. Біз әр кезде кез-келген оқыс оқиғаға дайын болуымыз қажет. Сондықтан негізгі назарымызды жеке құрамның жауынгерлік және моральдық-психологиялық дайындығына арнаймыз. Бұл өз кезегінде жауынгерлік қызметті атқаруға өз үлесін қосады. Жеке құрам дене дайындығы, қару-жарақпен атуға, міндеттерді түсініп, оларды әрі қарай орындауға жігерлі болғаны жөн. Біз әр айда гарнизондағы «Қарабас» оқу-жаттығу даласына шығамыз. Ол жерде қарудың әр түрлері бойынша атудан машықтанамыз. Кәсіби деңгейімізді шыңдаймыз. Онымен қоса, нұсқаулық сабақтары мен тәрбие сағаттары өткізіледі. Бірінші кезекте қызметіміз жауынгерлердің жеке қасиеттерін дамытуға бағытталады. Олар адалдық, қырағылық, сатылмаушылық және батылдық. Осындай қасиеттері басым жауынгерлер сын сағатта сынақта сүрінбей, міндеттерін соңына дейін орындайды, – дейді ол.

Командир өзгеге талап қоймастан бұрын, ең алдымен өзіне қаталдық танытады. Оның айтуынша, бірінші басшы жеке құрамға үлгі. Оның жеке тәрбиелігі, мәдениеттілігі жеке құрамға әсер етеді. Әлібек Оралұлы 2011 жылы Ұлттық ұлан жоғары әскери орнын аяқтағаннан кейін, өзін кәсіби және жауынгерлік даярлықта шыңдап келеді. Ұжымды алға жылжытуға үлес қосуда. Оған штаб
бастығы капитан Нұржігіт Мақтабай және батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Айдос Жақыпов көмектесуде.

– Батальонда тәрбие жұмысы үнемі жүргізіледі. Аптасына екі рет психологиялық тренингтер, үш рет тәрбие жұмысы жүргізіледі. Тәуліктік кезекшілікке түсер алдында тәрбиелік нұсқаулықтар жасалады. Әр жауынгермен, келісімшарт қызметінің әскери қызметшілермен жеке сөйлесу, сұхбаттасу өтеді. Батальонда клуб жұмыс жасайды. Онда біздің бұқаралық шаралар ұйымдастырылады. Жуырда Шахтинск және Долинка кентінің әкімдігімен келісіп, қаланың Мәдениет үйінде сарбаздардың қатысуымен шаралар ұйымдастырылды. Жергілікті билік өкілдерімен ықпалдастық негіздегі қарым-қатынас орнатылған. Бұдан бөлек, Карлаг мұражайымен де келісім орнатылған. Сарбаздар демалыс күндері мұражайға тегін кіріп, іштегі тарихи жәдігерлермен таныса алады. Барлығы әскери қызметшілерді қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге бағытталған. Біздің мақсат Отан қорғауға дайын тұратын ел азаматын тәрбиелеу, – дейді батальон тәлімгері.

Батальон тәрбиешісі келесі деректермен бөлісті. Батальонға еліміздің тоғыз өңірінен сарбаздар келіп, қызмет атқаруда. Барлығы өз міндеттеріне ұқыпты. Сонымен қатар, сотталғандарды күзететін сарбаздардың ешбірі тәртіп бұзбайды екен. Бұл да батальонда алған тәлім-тәрбиенің әсері. Сарбаздардың арасында кейбірі келісімшарт негізінде қызметтерін жалғастыруға ынта танытады. Кей сарбаздар мерзімді қызметтен кейін де батальонға оралып, қызметке тұру үшін құжаттарын жинайды. «Ондай азаматтар үшін есігіміз әр кезде ашық», – дейді офицер. Клуб демекші, клуб бастығы сержант Олжас Төлеутаев та өз ісіне берік маман. Осы өңірдің тумасы Долинка кентінің тарихын жақсы біледі. Уақыт тауып бізді елдімекендегі мұражаймен таныстырды.

– «Бұл мұражай біздің танымал мәдениет орнымыз. Келген меймандар және сарбаздарымыз осы мекеде болған оқиғаларды білгені дұрыс. Мұражайдан шыққан сарбаздардың көзқарастары жақсы жаққа өзгереді. Олар рухани тұрғыдан есейіп шығады», – дейді ол.

Батальон командирі майор Әлібек Ахметов айтып өткен қазандыққа да бардық. Онда елеулі еңбегімен көзге түсіп жүрген сержант Евгений Карагуз үздіктердің қатарында. Қазандықтың қыстыгүні тоқтаусыз жұмыс жасап тұру үшін бар күш-жігерін салған. Одан бөлек, еңбек орнында ынғайлы жуынатын бөлме, кабинет жасақталған. Келген адам қазандықтың ішіндегі тазалық пен ұқыптылыққа таңданысын танытады. Басшылықтың айтуынша, Евгений Карагуз өз ісіне берілген сақа маман. Адам өз қызмет орнына деген осыншама сүйіспеншілікті аталмыш сержантқа қарап білуге болады. Әр маман осындай қасиетке ие болса, онда қызметіміз де оңтайланатыны сөзсіз.

Бұдан бөлек, саптық алаңындағы жауынгерлік қызметке түсу алдындағы нұсқаулықтарға куә болдық. Қақаған
қыстың ақ боранында жауынгерлеріміз міз бақпай, саптық жүру әдістерін көрсетті. Жеке құрамның көзіне қызметкер деген ыждаһаттық пен ішкі қуатты байқадық. Бір қызығы – бұл батальонда бір мәрте тыйым салынған заттарды өткізу дерегі тіркеліпті. Сырттан түзету мекемесіне тыйым салынған заттарды лақтыру деректері соңғы төрт жылда орын алмапты. Батальон басшылығы айтқандай, сыртқы күштердің ондай жымысқы ойлары кемеге жетпей-ақ, орындалмайтынына көз жеткізеді. Бұл да озық қызметтің дәлелі.

Сарбаздар күнделікті қарумен қарауыл қызметіне түседі. Олардың қызметі қауіп-қатермен байланысты. Олар күнде бастарын қатерге тігіп, тәуекелге барады. Тәуекелсіз жеңіс болмайды. Біздің жеңіс – тыныш күндеріміз. Батальонның күрделі қызметінде сәттілік жолдас болғай!

Майор Дарын СЕЙІТОВ

Источник: dknews.kz