үй Астанада «Ағаларыммен бірге «ЗиЛ» жүргізетінмін»: 12 жыл автобус тізгіндеген елордалық әйел

«Ағаларыммен бірге «ЗиЛ» жүргізетінмін»: 12 жыл автобус тізгіндеген елордалық әйел

0

Астанада автобус жүргізетін 5 әйел бар

Фото: Оңалхан Өнерхан

Астана секілді үлкен шаһарда қоғамдық көлік жүргізу оңай емес. Көлік өлшемдерін білу бір бөлек, жолаушылар алдындағы жауапкершілік одан да маңызды. Міне, осындай жауапты міндетті атқаратын Сәкен Пішенбайқызы бұл кәсіпті нәзік жандылар да абыроймен атқара алатынын дәлелдеп жүр. Көлік басқаруда 20 жылдық тәжірибесі бар ол елордада троллейбус қатынаған уақыттан бері жұмыс істейді. Elorda.info тілшісі жүргізуші әйелмен кездесіп, оның  қоғамдық көлік басқарудағы қызығы мен қиындығы туралы әңгімесін тыңдап қайтты.

Оқи отырыңыз: Елордада автобус жүргізетін 5 нәзік жанды бар

Бүгінде Астанада автобус жүргізетін 5 әйел бар. Оның бірі бүгінгі біздің тақырыбымызға арқау болған – Лейб Сәкен Пішенбайқызы. 56 жастағы кейіпкеріміз Қорғалжын ауданының тумасы. Бастапқыда троллейбус кондукторы болып жұмыс істеген. Кейін көлік басқаруға қызығушылығы оянып, 8 ай бойы троллейбус жүргізушісі болуға дайындалып, қажетті санаты жазылған куәлік алған. Ол алғашқы жұмыс күнін еске алып, троллейбус және автобус басқарудың қиындығы туралы айтып берді.

Көлік жүргізуге қызығушылығым бала кезімде басталды. Ағаларыммен бірге «ЗиЛ» жүргізетінмін. Ол кезде ГАИ болған жоқ, бойым жетпесе де отырып алатынмын. Міне, осылай қызығушылық арта берді.  2000 жылдары алғаш рет троллейбус жүргіздім. Бұл көлік құралы автобусқа қарағанда қиын еді. Әрқашан төбедегі штангаларда қарау керек, ол желіден шығып кетсе оны қалпына келтіру қиындық тудыратын. Жол қозғалысы кезінде бұрылу оңай болған жоқ. Кейін Астанада троллейбустардың жүруі тоқтатылып, автобус жүргізушісіне ауыстым. Бірақ оған тағы да 1 жылдай оқыдым. Алғаш автобус тізгіндеп жүргенде бір қызық оқиға болды. Жұмыс уақыты аяқталған соң автобус жүргізушілері көлікті келесі күнге дайындап, қажетті жанармай мен дизель отынын құйып қоюы керек. Ал троллейбусқа дизель отыны құйылмайтын еді. Мен сол әдетіммен автобусқа дизель отынын құймай кеткенім әлі есімде. Бастапқыда қиын болады ғой, қазір үйреніп кеттім. Осы уақытқа дейін №42, №18, №29 автобустарында жүргізуші болдым. №25 электр автобусын жүргізгеніме үш жыл болды, — дейді Сәкен Пішенбайқызы.

Кейіпкерім өз сөзінде автобусты күтіп ұстау жүргізушіге байланысты екенін айтып өтті.

Жұмысқа келу уақытым кестеге байланысты. Егер таңғы рейс болса, онда жұмысқа 5-те келу керек. Дәрігердің жалпы тексерісінен кейін механикке барамын. Ол автобусты тексереді. Жолға шығуға рұқсатты осылай аламыз. Кейін өзім автобустың майын қарап, дөңгелектерін тексеріп шығамын. Жұмыс күні кестеге байланысты әртүрлі уақытта бітеді. Сосын жүргізуші орнын тазалау жұмысына кірісемін. Электр автобусты қуаттағышқа қойып, айналарын сүртемін. Әйел болған соң шығар, кейде уақытқа қарамай тазалап жүріп қаламын. Осылайша, келесі күні жолға шығатын әріптесіме барлығын дайындап кетемін. Күні бойы өзіміз жүретіндіктен әрқашан таза болған дұрыс қой, — дейді ол.

Қала көшелерінде қозғалыс үздіксіз жалғаса береді. Кептелістен бөлек, жеңіл көліктердің автобус жолағына килігіп, жол бермейтін сәттері де болатыны жасырын емес. Сәкен Пішенбайқызы қалада жүргізуші мен жолаушы мәдениетінің төмен екенін айтады.

Жол үстінде әртүрлі жағдайлар болады. Жеңіл көлік мінген жастар неше түрлі әңгіме айтып кетеді. Автобустағы адамдардың денсаулығына мен жауап беремін. Кенеттен тоқтап қалған жағдайда кейбір жолаушылар құлап қалуы мүмкін. Осыны көлік жүргізушілері түсінсе деймін. Өз басым жол сұраған жүргізушіге жол беремін. Ал жолаушыларға келетін болсақ, қазір көбі құлаққаппен жүріп, жүргізуші айтқанын тыңдамай жатады. Жүргізушінің жанында тұрып алып, оның бағыт-бағдар қарауына бөгет жасайды. Карантин кездері автобусқа кіріп-шығу тәртібі енгізілді ғой. Бірақ елордалықтар оған әлі үйренген жоқ. Көбі алдыңғы есіктен шығуды қалайды. Ол тәртіп жолаушылардың ыңғайы үшін жасалған ғой, сонда аялдамадан түсетін немесе кіретін жолаушылар бір-біріне кедергі жасамайды. Автобусқа кірген соң ары қарай салонға өту керек екенін айтамын. Кейде адамдар сол үшін ренжіп, балағат сөз айтып жататындар да бар. Бірақ оған құлақ үйреніп қалды ғой, — дейді кейіпкеріміз.

Жүргізуші әйел сұхбат барысында өзінің тұрақты жолаушылары бар екенін де айтып өтті.

Менің жиі көріп тұратын жолаушыларым бар. Әсіресе, қарт адамдар мені көргенде рахметтерін айтып, қалтасындағы кәмпит, тәттілерін ұсынып жатады. Ерлер қауымы «автобусты жақсы жүргізесіз» деп мақтап кетеді. Әлия Молдағұлова көшесінде ылғи бір қарияны көремін. Ол автобусқа мінбесе де, қолын бұлғап амандасып жүреді. Осындай жолаушылар жүргізуші көңілін көтереді, — дейді Сәкен Пішенбайқызы.

Үш немеренің әжесі атанып отырған жүргізуші сұхбат барысында жолаушылардың төлемақысы мен автобус жолағы туралы да өз ойын бөлісті.

Бұл – менің автобус жүргізгелі екінші көлігім. Автобус бұзылған жағдайда техникалық көмек шақырамын. Егер ұсақ-түйек ақаулар болса, өзім жөңдеп аламын. Электр автобусының іші тыныш қой, жолаушылар мені бірден естиді. Қазір бұрынғыдай емес, қала ішінде автобус жолақтары бар. Кептелісте көп тұрмаймыз. Ал жолаушылардың жолақысы цифрландырылды. Бұрын қиын болатын, жолға қараймыз, кірген жолаушының ақшасын алып, қолымызды созып билет шығаратын едік. Қазір  төлем жүйесіне алаңдамаймыз, — дейді ол.  

Айта кетейік, бүгінде елордада 1500 автобус жүргізушісі бар. Мыңға жуық қоғамдық көліктің 850-890-ы күн сайын жолаушылар тасымалдауға шығады.

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

Источник: kaz.elorda.info

Exit mobile version