үй Астанада Астанада 9 кандидат неліктен сайлауға жіберілмеді

Астанада 9 кандидат неліктен сайлауға жіберілмеді

14
0

Астанада бір мандаттық 19 сайлау округі бар


                        Астанада 9 кандидат неліктен сайлауға жіберілмеді

Фото: Оңалхан Өнерхан

Сайлауға санаулы ғана күндер қалды. Халық бұл сайлаудан үлкен үміт күтіп отыр. Мәжіліс пен мәслихат сайлауына дайындық қалай, қанша үміткер тіркелді? Бұл туралы Elorda.info тілшісі Астана қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бақыт Бектемісовадан сұрап білген еді.  

Астанада бір мандаттық 19 сайлау округі бар. Оның екеуі –  ОСК қаулысымен Мәжіліс кандидаттарының округі. 1-сайлау округі елорданың Алматы мен Байқоңыр аудандарын қамтыса, 2-сайлау округі Есіл және Сарыарқа аудандарының әкімшілік аумақтарын қамтиды. Мәслихатқа келер болсақ, бір мандаттық 17 сайлау округі құрылды. Қазіргі таңда ОСК-ның күнтізбелік жоспарына сай сәйкестікті анықтау, тіркеу рәсімдері аяқталды. Мәжіліске депутаттығына 83 кандидат тіркелді, оның 41-і – бірінші округтен болса, 42-сі – екінші округтен. Мәслихат депутаттығына 159 кандидат тіркелді. Қазіргі уақытта кейбір үміткерлерге қатысты сот процестері өтіп жатыр. Ол туралы толық айта алмаймыз. Өйткені сот процесі толық аяқталған жоқ. Мемлекеттік кірістер департаментіне тапсырған декларациясы бойынша сәйкессіздіктер анықталып, кейбір кандидаттардың тіркеулері кері қайтарылып, күшін жойды. Астана қаласы мәслихатының депутаттығына кандидаттардың тоғызының тіркеу бойынша шешімінің күші жойылды. Осындай мәселелер туындап отыр, — дейді Бақыт Бектемісова.

Ол саяси додаға қатысып жатқан үміткерлер арасында бәсеке жоғары екенін айтты.

Мәжіліске келер болсақ, бізде 2-ақ мандат бар, оған 83 адам таласады. Екінші округтен бір кандидат өз өтініші бойынша тіркелгеннен кейін шығып кетті. Бірінші округ бойынша 3 адамға сәйкестік анықталмай, сот үкімі шыққан. Мәслихатқа келер болсақ, бір мандаттық 17 орын бар, оған 159 кандидат таласады. Бәсеке өте жоғары.  Кандидаттардың ең үлкені 78 жаста болса, ең жасы – 21 жаста. Кандидаттардың жүргізіп жатқан үгіт-насихат жұмыстарына да көп дүние байланысты. Ол неғұрлым тартымды болса, сайлаушылар оны соғұрлым жақын қабылдайды деп ойлаймын, — дейді Бақыт Бектемісова.

Астана қалалық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша, елордадағы сайлау учаскелерінде қазіргі уақытта саяси науқанға дайындық қызу жүріп жатыр.

Сайлау учаскелерінің барлығы жұмысқа кірісті. Астанада 800 мыңға жуық сайлаушы бар. Қазір алған тізімдерді нақтылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біз үшін ең маңызды мәселе – сайлаушылар. Олардың өз учаскелерін табу мәселесі, 4 наурыздан бастап есептен шығару куәліктері беріліп жатыр. Өйткені Астана қаласының сайлаушылары басқа өңірге кететін болса, міндетті түрде дауыс беруге құқық беретін есептен шығару куәлігін алып кетуі керек. Сол рәсімдер жүргізілуде. Сайлаушылар өздерінің учаскелеріне келіп, тізімдегі мәліметтерін нақтылап жатыр. Саяси науқанға осындай үлкен дайындық жүріп жатыр, — дейді комиссия төрағасы.

Ол сондай-ақ елордадағы сайлау учаскелерінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға дауыс беруге бар мүмкіндіктің жасалғанын да атап өтті.

Астанада ерекше қажеттіліктері бар сайлаушыларға жағдай бұрыннан жасалып келеді. Оларға толыққанды жағдай жасалған. Сайлау учаскелерінде тактильді сілтемелер, ұстайтын тұтқалар, пандустар қарастырылған. Пандусы жоқ жерлерде, екінші қабатта орналасқан учаскелерде көтеретін лифті немесе уақытша орнатылған пандус бар. Оларға арналған арнайы кабиналар бар. Басқа кабиналарға қарағанда ондай кабиналардың көлемі де, өлшемі де ерекше. Арбамен келетін азамат бюллетеньді отырып толтыруға толыққанды мүмкіндік жасалған. Онда үлкейтіп көрсететін лупа да бар, көзі көрмесе, Брайль қарпі бар. Ол да қамтылған. Әр кабинаның жанында жеке бұрыш ұйымдастырылған. Ол жерде бюллетеньді қалай толтыруы керектігі туралы аудиожазба бар, — деп Бақыт Бектемісова.

Ол осы сайлаудың ерекшелігі туралы да айтып өтті.

Алдағы сайлауға келетін болсақ, бізде аралас сайлау өтпек. Мұндай аралас сайлау бізде көптен бері болмаған. Тәуелсіз ел тарихында алғаш рет осынша көп көлемде кандидаттар сайлауға түсіп жатыр. Оның ішінде, Астана болғандықтан болар, мұнда саяси аренада жүрген тұлғалар көптеп шоғырланған. Жалпы демократияға бет бұрып, саяси додаға түсуге ниет білдірген азаматтардың саны елордада өте көп. Басқа өңірлерге қарағанда қызығушылық танытып отырғандардың ең көп саны Астанада болып отыр. Комиссиялар өз жұмыстарын жүргізуде. 19 наурызда олар сағат таңғы 06:00-ден бастап жұмысын бастайды. Сағат 07:00-ден бастап дауыс беру басталып, 20:00-де аяқталады, — деп атап өтті Бақыт Бектемісова.

Астана қалалық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша, елордада дауыс берушілерге 4 бюллетень беріледі.

Өңірлерде 5 бюллетень беретін болса, республикалық маңызы бар қалалар мен Астанада 4 бюллетень түрі болады. Біріншісі –Мәжіліс сайлауына партиялық тізімдер бойынша ұсынылған бюллетень болса, екіншісі – бір мандаттық сайлау округтері бойынша жеке бюллетень. Мәслихат сайлауы бойынша да дәл солай. Мәслихатқа партиялық тізімдер ұсынған бюллетень және бір мандаттық сайлау округтері бойынша жеке бюллетень. Астана қаласы бойынша Мәжіліс депутаттығына 7 партияның тізімдері ұсынылып, бюллетеньге енгізілген болса, мәслихатқа 6 партия ғана өзінің тізімдерін ұсынды. Тек ЖСДП ұсынған жоқ, қалған 6 партия өздерінің тізімдерін ұсынды. Қазіргі таңда кейбір декларациялар бойынша Respublika партиясы мен Қазақстан халық партиясы атынан партиялық тізімге ұсынылған кандидаттардың ішінен сәйкессіздіктер анықталып, партиялық тізімнен алып тастау туралы шешім қабылданды. Respublika партиясы сотқа берген жоқ, ал ҚХП-дан бір кандидат сотқа беріп, қазір процесс әлі жүріп жатыр, — деп атап өтті Бақыт Бектемісова.

Ол саяси додаға түсетін кандидаттардың үлкен жауапкершілікті сезінуі қажет екенін айтты.

Өзін-өзі ұсынғандар арасында да сотқа дейін барғандар бар. Бірінші сатыдағы сот проецесінен өтті. Олар аппеляцияға бере ме, жоқ па деп күтіп отырмыз. Толық нүкте қойылған жоқ. Бірақ бізде декларация бойынша өте алмай қалған кандидаттар бар. Мұнда үлкен жауапкершілік бар екенін айта кеткен жөн. Кандидаттардың түсінбейтіні декларацияны олар тіркеуге дейін өткізуі керек. Ол тіркелгеннен кейін ғана 15 күн ішінде салық органдарымен бірлесіп декларацияның сәйкестігі тексеріледі. Сол бойынша кандидаттар бізге тіркеуімізді негізсіз жойып жатсыңдар деп ренжіп, комиссияны кінәлап жатыр. Мұнда комиссияның еш кінәсі жоқ. Сайлау туралы конституциялық заңды ашып, анық оқитын болсақ, әр сайлау бойынша норма, ереже қарастырылған, толық әрі анық жазылған. Сол заңның нормалары бойынша кандидаттар тарапынан түсініспеушіліктер туындап жатыр. Бұл да бір үлкен сабақ болатын шығар. Осынша кандидаттар қатысып жатқан мұндай деңгейдегі аралас сайлау бойынша елімізде тәжірибе болмаған. Көш жүре келе түзеледі. Осы сайлаудан кейін үлкен сабақ алып, мол тәжірибе жинаймыз, — деді ол.

Сонымен қатар Бақыт Бектемісова осы сайлаудың тағы бір жаңашылдығына тоқталып өтті. Ол – тек аккредиттелген байқаушылардың сайлауға қатысуы.

Тағы бір ескеретін жайт бар. Ол – Сайлау туралы конституциялық заңға енгізілген байқаушыларға қатысты тармақ болып отыр. Осы жолғы сайлаудан бастап тек аккредиттелген ұйымдардан ғана байқаушылар саяси додаға қатыса алады. Астана қаласы бойынша 11 ұйымнан өтініш келіп түсті. Бір ұйымның ережесінде байқау жүргізу нормасы қарастырылмағандықтан, ол аккредиттеуден өтпеді. Кешегі күнге дейін бес ұйым аккредиттеуден өтті. Өздерінің тиісті куәліктерін алды. Қазір сайлауға дайындалып жатыр. Осы бір аптада қалған ұйымдар аккредиттеуден өтеді деген ойдамыз. Олардың барлығына қатысты шешімді Әділет департаментінің берген жауабына сәйкес қабылдаймыз. Өйткені олардың берген ұсыныстарынның Жарғысының үзіндісін Әділет департаментіне сәйкестікке тапсырып, сұраным жасаймыз. Осындай жаңалық болып жатыр, — дейді сайлау комиссиясының төрағасы.

Алайда азаматтар тарапынан да байқаушыларға қатысты сұрақтар туындап жатыр.

Бұған байланысты да: «Неге жеке азаматтар қатыса алмайды?» деген түсініспеушіліктер болып жатыр. Заңның нормасы болғандықтан, сайлау комиссиясы заң аясында жұмыс істейді. Соны түсіну қажет. Заңды қабылдаған аумақтық сайлау комиссиясы емес. Сондықтан заң қабылданғаннан кейін бәрі де сол заң аясында жұмыс істеуі керек. Сайлау туралы конституциялық заңды жақсылап оқып, біліп, түсініп, нормаларымен жақын танысып, ұғып алғандары өздеріне жақсы. Жұмысқа да кедергі болмас еді,- дейді Бақыт Бектемісова.

Ол сонымен қатар Сайлау туралы конституциялық заңға мандаттың кері қайтарылуы туралы жаңа норманың енгізілуі жайлы да айтып берді.

Тағы бір ескеретін жағдай бар. Үміткерлерге сайлау туралы конституциялық заңға енгізілген жаңадан норма бар.  Ол – мандаттың кері қайтарылуы. Соны ескеру қажет. Бұған дейін: «Мен манадтқа ие болдым. Болды. 5 жыл депутат боламын» деп жағасын кеңінен жайып жүрсе, қазіргі уақытта ондай болмайды. Мандаттың кері қайтарылуы дегеніміз – депутат 5 жыл сайланатын болса, бірінші және соңғы жыл депутат ретінде міндетін атқара береді, тек 2,3,4  жылдары сайланған депутаттар сайлаушыларға берген уәдесін орындамаса, бағдарлама бойынша жұмыс істемесе, сол сайланған округ бойынша сайлаушылардың берген ұсыныстарын, талаптарын орындамайтын болса, онда оның депутаттық мандатын кері қайтарып алуға бастамашылық жасауға құқығы бар. Бұл – сайлаудың, еліміздегі саяси жүйенің  демократиялық көрінісі, — деп сөзін түйіндеді Бақыт Бектемісова.

Аяулым Серікқызы

Источник: kaz.elorda.info