үй Астанада Астанадағы алғашқы әуежайдың тарихы туралы не білеміз

Астанадағы алғашқы әуежайдың тарихы туралы не білеміз

29
0

Мемлекет тарапынан әуежайға жер 1931 жылы 12 қыркүйекте бөлінген екен


                        Астанадағы алғашқы әуежайдың тарихы туралы не білеміз

Фото: ашық дереккөз

Астана – адам танымастай өзгерген әсем шаһардың бірі де бірегейі. Сіз осыдан бір ғасыр бұрынғы елорданың кейпін елестетіп көріңізші. Сұрапыл соғыс кезінде іргесі сөгілмеген, қайта ұйымшылдықтың үлгісін көрсеткен қайсар қаланың суреті архивтерде менмұндалап тұр, деп хабарлады Elorda.info.

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Ақмола тұрғындары ұшақ құрастыру үшін қаражат жинайды. Игілікті істің нәтижесін халық он жылдан кейін, яғни 1930 жылы көреді. Әйтсе де, сол бір көктемнің жауынға толы болғаны соншалық, әуежайға пароммен жетуге тура келіпті. Бұл туралы мәлімет Астана қалалық мемлекеттік архивіндегі құнды құжаттарда бар.

Көктемдегі су тасқынының салдарынан әуежай ұзақ уақыт жұмыс істемейді. Қала мен әуежайдың арасын телефон мен паромдар байланыс­тырады. Тіпті алғашқы жылдары жүк тасымалы мардымсыз әрі ұшақтың қозғалысы баяу болғаны да жазылған.    

Алғашқы әуежайда әуе кемесінің ұшуы мен қонуына арналған төрт бұрышты алаң, теміржол вокзалына және ұшқыштарға арналған шағын үй орналасқан. Шамамен қаладан үш шақырым жерде, тегіс далада салынған. Бүгінде бұл мекен Қабанбай мен Сарайшық көшелерінің қиылысы маңында жатыр. Әйтсе де онда ескі әуе айлағының бірде-бір ізі жоқ.

Елордалық әуежайға 90 жылдан асты. Кәсіпорынның ресми «туған күні» – 1931 жылдың 1 желтоқсаны. Сол күні Семей мен Ақмола арасында тұрақты әуе қатынасы басталған екен.

1920 жылы Ақмола қаласында әуе флотына көмек көрсету жөніндегі арнайы комиссия құрылады. Комиссия ұшақ құрастыру ісіне жәрдемдесуге ниетті жандардың тізімін, аударымдарды есептеп, баяндап отырған. Мұны Андрей Дубицкий «Есіл бойындағы қала» кітабында жазған екен. Автор әуежай толықтай 1934 жылы салынып біткенін, қалалар арасындағы қатынастардың көбейгенін баяндайды.

Қала архивіндегі мәліметтерге сүйенсек, мемлекет тарапынан әуежайға жер 1931 жылы 12 қыркүйекте бөлінген екен. Жергілікті шаруа қожалығынан жер телімін бөліп беру мәселесі түпкілікті шешілгенше, жер жыртуды тоқтату туралы ұсыныстар да болған. Тіпті ол үшін өтемақы қарастырылыпты. 

Фото: Мемлекеттік архивтен алынды

Источник: kaz.elorda.info