үй Астанада Барлығы Астанадан басталады… – Кәрімбек Құрманәлиев

Барлығы Астанадан басталады… – Кәрімбек Құрманәлиев

0

Ол елордаға қатысты мәселелерді Қоғамдық кеңес мүшелері де көтеріп келе жатқанын айтты

фото: ашық дереккөзден

Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, ҰҒА академигі, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Астана қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңес туралы пікірін білдірді, деп хабарлады Elorda.info.

Келелі кеңесте елордада қордаланған көкейтесті мәселелері күн тәртібіне көтерілді. Атап айтқанда, Президентіміз ЭКСПО аумағындағы бос жатқан жерлерді жаппай қала тұрғындары демалатын орынға айналдыру, Астана келбетін келісті ету, ғимараттарды салуда әлемдік сәулет үлгілерін тиімді пайдалану,көшенің көркін бұзған жарнамаларды реттеу туралы мәселелерді  тілге тиек етті. Ашығын айтсақ, әрбір көтерілген көкейтесті мәселе елорда тұрғындарын көптен бері толғантып жүргені анық еді. Әсіресе, «Бұдан былай көлік тұрағы болмаса, бір де бір үй салынбауы керек. Жалпы, ашық алаңда орналасқан автотұрақтар ақылы болуы керек. Әйтпесе, осындай келеңсіз жағдайлар жалғаса береді. Үкіметке нақты шешім қабылдауды тапсырамын. Сондай-ақ Министрліктер үйінің маңында автотұрақ тапшы. Жұрт көлігін қайда қоярын білмей әуре-сарсаңға түседі. Тіпті, көліктерін жақын жердегі үйлердің ауласына қоюға мәжбүр болады. Бұл тұрғындарға үлкен қолайсыздық тудырады» деген Мемлекет басшысы көптің көңіліндегісін дөп басқанын айтқанымыз абзал, — деді академик.

Кәрімбек Құрманәлиев өз сөзінде елордаға қатысты мәселелерді қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері де осыған дейін көтеріп келе жатқанын айтты.

Кеңесте шешімін таппай келе жатқан  маңызды мәселеге мән беріп, Үкіметке арнайы тапсырма беруі — Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты іске асып жатқанының жарқын көрінісі деп бағалауға әбден болады. Жоғары білім бойынша республикалық Тәуелсіз эксперттер тобының басшысы ретінде маған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елорданың білім деңгейін халықаралық деңгейге көтеру, ол үшін әлемдік университеттердің бөлімшелерін ашуды қолға алып, педагог мамандардың тапшылығын жоюды міндеттеп, қаланың білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтеру керетігі туралы айтқаны қатты әсер етті. Жақында ғана Астана қаласының жаңа әкімі Жеңіс Қасымбек Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездескенде де осы мәселені көтеріп, елордада педагогикалық университет ашу керектігін айтқан едік. Енді, міне,  Мемлекет басшысы «Елімізге халықаралық стандарттарға сай аккредитациядан өткен білім ошақтары қажет. Жоғары оқу орындары көштен қалмауға тиіс. Мен бұған дейін елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының санын көбейту жөнінде тапсырма бердім. Бұл жұмысты, ең алдымен Астанадан бастау керек. Әкімдік мамандар дайындау үшін университеттермен ынтымақтастықты жандандыруы қажет, – деп атап көрсетуі — бұл салада да оң өзгерістер болатынын байқатты. Білім мен жоғары білім саласының өкілі ретінде, Президент тапсырған міндеттер үдесінен шығу үшін әркім өз саласы бойынша көтерілген мәселенің оң шешілуіне атсалысса, нұр үстіне нұр болар еді дегім келеді, — деп пікірін түйіндеді.

Источник: kaz.elorda.info

Exit mobile version