үй Астанада Былтыр елорданың 8 мекемесіне танымал тұлғалардың есімдері берілді

Былтыр елорданың 8 мекемесіне танымал тұлғалардың есімдері берілді

12
0


                        Былтыр елорданың 8 мекемесіне танымал тұлғалардың есімдері берілді

Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп басқарманың былтырғы атқарған жұмысы мен 2023 жылға арналған жоспарлары туралы айтып берді, деп хабарлады Elorda.info.

Басқарма басшысының айтуынша, қазақ тілі курсын 1 500 тыңдаушы оқыған. Оның 10-ы – мемлекеттік мекемелер қызметкерлері, 187-сі – медициналық, 85-і – білім, 110-ы – этномәдени бірлестіктер, 10-ы – заң қорғау, 402-сі – Астана қаласы әкімдігінің ведомстволық бағынысты мекемелердің қызметкерлері, 696-сы – қаланың ересек тұрғындары. Курс аяқталғаннан кейін тыңдаушылар ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тест тапсырды. 1 492 тыңдаушының коммуникативтік тілдік құзіреттіліктері бойынша деңгейлерін растайтын сертификаттар тапсырылды. Сонымен қатар 8 тыңдаушыға анықтама берілген.

Сондай-ақ 2022 жылы 110 мемлекеттік қызметші (Beginner – 64, Мid-beginner – 29, Elementarу – 4, Pre-Intermediate – 13) ағылшын тілі курсынан өтті. Астана қаласы тұрғындары арасында тілдік ахуалға әлеуметтік зерттеу жүргізіліп, қорытындысы бойынша мемлекеттік тілді әртүрлі деңгейде меңгергендердің үлесі 92,5%, мемлекеттік тілді еркін меңгергендердің үлесі 73,6%, орыс тілін әртүрлі деңгейде меңгергендердің үлесі 74,3%, ағылшын тілін әртүрлі деңгейде меңгергендердің үлесі 28,5 % екені анықталды.

Сонымен қатар Сәкен Есіркеп қала көшелеріндегі жарнамаларға жүргізілген рейдтер туралы да айтты.

Былтыр 4 аудан бойынша – 68 көшеге рейд ұйымдастырылды (Сарыарқа ауданы бойынша – 18, Алматы ауданы бойынша – 17, Байқоңыр ауданы бойынша – 17, Есіл ауданы бойынша – 16). Жалпы 2 300-ден аса нысан қаралып, кәсіп иелеріне заң талаптары түсіндірілді. Орын алған заң бұзушылықтар бойынша 1 100-ден астам нысан иелеріне жадынама таратылып, түзетуге ұсынымдар берілді. Заңға қайшы орнатылған 700-ден аса жарнама құрылғылары бірден алынып тасталды. Жарнама агенттіктері мен қала кәсіпкерлерінен, мекемелерден шамамен 1 700 эскиз жобасы келіп түсіп, тиісті түзетулер енгізілді. Оның 23-і – латын графикасында, – деді басқарма басшысы.

Қазіргі уақытта Астана қаласында атау берілген құрамдас бөліктердің жалпы саны – 1 127. Елорданың 8 мекемесіне Өзбекәлі Жәнібековтің, Қошке Кемеңгерұлының, Кемел Ақышевтың, Роза Бағланованың, Ермек Серкебаевтың, Дінмұхамед Қонаевтың, Фариза Оңғарсынованың, Ыбырай Алтынсариннің есімдері берілді. Сондай-ақ, ҚР Президентінің тапсырмасымен Астана қаласында жаңадан ашылған ауданға «Нұра» атауы, «Есіл» ауданындағы № 38 көшеге әл-Фарабидің есімі, 2022 жылы 16 қарашада елордада «Қаһарман» тұрғын үй кешеніндегі өртті сөндіру кезінде адамдарды құтқарып, өзі ерлікпен қаза тапқан Асқар Забикулиннің есімі Есіл ауданында Үркерде орналасқан «Е-583» жобалық көшеге берілді.

Источник: kaz.elorda.info