үй Астанада Елордада «Аягүл» кітабының тұсаукесері өтті

Елордада «Аягүл» кітабының тұсаукесері өтті

27
0


                        Елордада «Аягүл» кітабының тұсаукесері өтті

Бүгін Астанада танымал жазушы, журналист, Серпер сыйлығының, Президент стипендиясының иегері, марқұм Аягүл Мантайдың құрметіне еске алу кеші өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Кеште Қайнар Олжай, Ғазиза Құдайбергенқызы, Махат Садық сынды қоғам қайраткерлері сөз алып, «Аягүл» атты кітаптың тұсаукесерін жасады. Ұлттық академиялық кітапханада болған іс-шарада  Аягүлдың қаламдас құрбы-достары естелік әңгімелерін айтты. Ал Астана Жастар театрының актрисалары  А.Мантайдың шығармасына негізделген  "Мұң" триптихінен үзінді сахналады. Қойылымның режиссері  – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.

Кітаптың тұсаукесерінде "Егемен Қазақстан" газетінің журналисі Аягүл Сейілова,  Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының актрисасы Бақыт Жұмағұлова, журналист, зерттеуші ғалым Риза Әлмұқан, ақын Салтанат Мәдиярқызы және тағы басқа зиялы қауым өкілдері, алыс-жақыннан келген Аягүлдің адал оқырмандары сөз сөйледі. Жазушы Гүлжан Амангелдіқызы  өз сөзін: «Аягүл қоғамнан әділет іздеп өтті», деп түйіндеді. 

"Аягүл" кітабын жазушының сырлас досы Бану Оңдасынова құрастырған. Жинақ екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде А.Мантайдың елдегі және шеттегі қаламдас достарының естеліктері топтастырылса, екінші бөлімінде Аягүлдің шығармалары ұсынылған. Жинақ «Курсив» баспасынан басылып шыққан. Кітапты шығаруға қолдау білдірген – ақын, қоғам қайраткері Мақпал Мыса. Жинақты кітап дүкендерінен алуға болады.

Талантты жазушының алғашқы кітабы – "Жаңбырлы көктем" 2009 жылы мемлекеттік бағдарламамен шыққан. Ал екінші кітабы араға он жыл салып,  «Қаламгер» баспасында "Жүрекке оралу" деген атпен жарық көрді. Аягүл өмірден озған соң, «Уақыттың көз жасы» атты кітабын Жазушылар Одағының мүшесі Қасымхан Бегманов шығарған.

«Мен әлі таудың етегінде жүрмін. Рас! Енді өрмелей бастаймын. Сосын міндетті түрде Өмір-тауымның, Әдебиет тауының ең биік шыңыңа шығам!» деп жазған екен Аягүл 2020 жылдың 4 тамызындағы әлеуметтік желідегі жазбасында. Арманына жете алмады. Бірақ шығармаларымен, кітаптарымен қаламгердің екінші ғұмыры жалғасып жатыр.

Айта кетейік, көрерменді тебіренткен  еске алу кешінің модераторлары – Аягүлмен  рухтас болған құрбылары Алма Сайлауқызы мен Жазира Мейрамбекқызы. Дәл осындай шара 22 ақпанда  Шымкент қаласында «Абай  сommunity center» орталығында, ал 26 ақпанда «Alatau creative hub» шығармашылық  кешенінде өтеді деп жоспарланып отыр.

Источник: kaz.elorda.info