үй Астанада Елордада «Гауһартас» қойылымының премьерасы өтті

Елордада «Гауһартас» қойылымының премьерасы өтті

22
0


                        Елордада «Гауһартас» қойылымының премьерасы өтті

Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында Қазақстанның еңбек ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы, драматург Дулат Исабековтің «Гауһартас» музыкалық драмасының премьерасы өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Жазушының 25 жасында әскерде жүріп жазған сүбелі туындысы Кеңес кезінде де әдебиетсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленгені белгілі. Жетпісінші жылдардың ортасында осы повестің негізінде түсірілген кинорежиссер Шәріп Бейсембаевтің «Гауһартас» фильмі көрілімі жағынан «Қыз Жібектен» ғана бәсі төмендеу болды. Міне, арада шамамен жарты ғасырдай уақыт өткенде көркем шығарма енді сахналық формасын тауып, көрерменге қайта жол тартып отыр. 

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарындағы ата кәсіп – шопандықпен айналысып, қарапайым ғана тіршілік кешкен шағын отбасының тіршілігін суреттейтін әдеби туынды қазіргі көрермен үшін өзекті бола қоймасы кәдік. Алайда туындының сахналық нұсқасы шығарманы қайта түлетіп, жаңа белеске шығарды. Мұны, әсіресе, есті дүниенің бәріне елп етіп, еліте қоймайтын жастардың көңілінен шыққанынан-ақ байқадық. Осы орайда Музыкалық жас көрермен театрының баспасөз хатшысы Әділғазы Кереевтің: «Сатылымға шыққан күні премьераның 4 күнгі билеттері екі-ақ сағатта сатылып кетті. Мұндай бұрын-соңды болмаған. Тіпті мәртебелі қонақтарымыз үшін орын таба алмай әбден састық», — деген сөзін келтіре кетуді жөн көріп отырмыз. Бұған бірдеңе алып-қосудың өзі артық сияқты.

Хош, шығарманың сахналық нұсқасын жасаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қоюшы-режиссер Асхат Маемировтің қойылым алдындағы: «Біз бәріміз де толқып тұрмыз. Сахна сыртындағы 60 әртіс те толқулы» деген сөзінің жаны бар. Өйткені қай режиссер үшін де бүгінгі біз өмір сүріп жатқан кезеңнен гөрі өткен ғасырдың уақыт бедерін айнытпай беруді былай қойғанда, ұқсатып берудің өзі үлкен шеберлікті қажет етеді. Қойылым шынайы шығуы үшін сахнаның декорациясы, реквизиттер, костюм, кейіпкерлердің қимыл-қозғалысы, сөйлеу мәнері, музыка, хореография – бәрі-бәрі әр деталіне дейін өзара үйлесім табуы аса маңызды.

Ал театр ұжымының қобалжуына тағы бір себеп – мәртебелі қонақтар арасында арнайы Алматыдан ат шалдырып келген шығарма авторы, жазушы-драматург Дулат Исабековтің болуы. Қай кезде де ең басты сыншы, ол, әлбетте, шығарма авторы.

Қойылым желісі бас кейіпкер – Қайыркеннің монологымен өрбіп отырады. Бұл рөлді «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Асылхан Төлепов сомдады. Қыр басында қой бағып, ауылдан оқшау отырған осынау жалғыз үйдің қоңырқай, біртоға өміріне өзгеріс енгізген оқиға – Тастанның келін түсіруі расында көрерменді бір серпілтіп алады. Ылғи сайдың тасындай өнерлі жастардан құралған театр әртістерінің әндері мен билері көрерменді еріксіз елітіп, әсерлі күйге бөлегенін атай кету керек.

Жан сарайына мөлдірлік пен іңкәрлік тұнған, әнге ғашық жас келін Салтанаттың рөлін кейіптеген 18 жасар Инабат Ризабекова, мал мен көкпардан басқасына жаны селт ете қоймайтын қаталдау, дөрекілеу, кейде тіпті ожарлау Тастанның рөлін бейнелеген Оразалы Игілік, Тастанның әкесін ойнайтын Қазбек Есқара, анасын сомдайтын Қалима Наушабаева және өзге актерлер өздеріне жүктелген образдарды барынша шынайы, шебер ойнап шықты. Көрерменнің қойылым кейіпкерлерімен бірге мұңайып, бірге қуануы – актерлердің өз образымен біте қайнасып кеткенінің өлшемі болса керек. Бұл тұрғыда театр ұжымы осынау батпандай жауапкершілікті абыроймен атқарып шықты деуге негіз бар.   

Қойылым соңында сөз алған Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Бәйкен: «Араға жарты ғасыр салып, елорда сахнасында көрермендерімен сахналық формада қайта қауышқан «Гауһартас» өзінің жаңа ғұмырын бастады деуге болады», — дей келіп, шығарма авторына қала әкімі Жеңіс Қасымбектің ыстық ықыласын жеткізіп, иығына шапан жапты.

Ал Дулат Исабеков өз кезегінде: «Талай премьераны көріп жүрміз, алайда бұл премьераның жөні бөлек. Өйткені сахнада – «Гауһартас», — дей келіп, Астана қаласы әкімдігіне, театр ұжымына, қоюшы-режиссер Асхат Маемировке үлкен алғысын білдірді. Актерлердің ойынына, хор мен оркестрдің шеберлігіне ерекше тоқталған жазушы жалпы алғанда қойылым өте жоғары деңгейде шықты деп түйінді бағасын берді.  

Естеріңізге сала кетейік, «Гауһартас» музыкалық драмасының премьерасы алдағы 19, 20 ақпан күндері Музыкалық жас көрермен театрында жалғасатын болады. 

Рауан Сәбитұлы

Источник: kaz.elorda.info