үй Астанада Елордада конкурдан қыздар арасында ашық біріншілік өтті

Елордада конкурдан қыздар арасында ашық біріншілік өтті

14
0

Жарыстың жалпы жүлде қоры 6 000 000 теңгені құрады


                        Елордада конкурдан қыздар арасында ашық біріншілік өтті

Астанада 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай конкурдан қыздар арасында ашық біріншілік өтті, деп хабарлады Elorda.info.

«Арғымақ» ат-сауықтыру спорт кешенінде Астана, Алматы қалаларынан, Қарағанды, Ақмола облыстарынан келген 75 шабандоз додаға түсті.

Жарыстың ашылу салтанатына қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында «Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы тиіс. Оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз» деген болатын. Осы бағытта атқарылған бұқаралық сипаты бар спорттық шаралар аз емес. Біз қазіргі заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, ұлттық болмысымызды жаңғыртуға тиіспіз. Бүгінгі жарыстың басты мақсаты да – осы.

Жас ұрпақты қайсарлыққа, батылдыққа тәрбиелейтін ат спорты бүгінгі таңда елімізде қарқынды даму үстінде. Соның бір айғағы – бүгінгі қыздар арасында өтіп жатқан ашық біріншілік. Алдағы уақытта Астана мен барлық өңірлерде ат спортын кеңінен насихаттау және дамыту арқылы келешегі зор шабандоздар мен жылқыларды анықтау және дәстүрімізді дәріптеуге арналған жарыстар Астана ауқымында жиі өткізіліп тұрады деген ойдамын, — деді Самат Жылқыбаев жарыстың ашылу салтанатында.

Арғымақтар сайысында қыздар 4 санат бойынша жарысқа түсті. Бірінші санат – «Әуесқойлар санаты», мұндағы кедергінің биіктігі – 105 см. Екінші санат 12 мен 15 жас аралығындағы балаларға арналған, мұндағы биіктік – 110 см. Үшіншісі – «Ашық сынып санаты». Бұл жердегі кедергінің биіктігі – 120 см. Төртіншісі – «Екі кезеңнен тұратын ашық санат», ондағы биіктік – 120 см.

Жарыстың жалпы жүлде қоры 6 000 000 теңгені құрады. Айта кетейік, мұндай жарыс Астанада осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр.

Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен және Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлерінің федерациясының ұйымдастыруымен өтті.

Источник: kaz.elorda.info