үй Астанада Елордалықтар наурызкөже пісіруге қанша қаражат жұмсайды

Елордалықтар наурызкөже пісіруге қанша қаражат жұмсайды

16
0

Еліміздің әр өңірінде наурызкөже әртүрлі әдіспен дайындалады


                        Елордалықтар наурызкөже пісіруге қанша қаражат жұмсайды

фото: el.kz

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында әр отбасы Наурыз мейрамының басты тағамы – наурызкөже дайындайды. Наурызкөжені Қазақстанның әр өңірі өзіндік әдіспен пісіреді. Көжені әзірлеуге елордалық бір отбасы шамамен қанша теңге жұмсайды? Elorda.info тілшісі есептеп көрді.

Жыл басы – Наурыз жақындағанда әрбір үйде келер жылғы тоқшылық пен ырыс, құттың жоралғысы ретінде дастарқанға өзге де ұлттық тағамдармен қоса, міндетті түрде наурызкөже қойылады.

Түркі халықтарының ұғымында жеті саны қасиетті саналғандықтан наурызкөжеге жеті дәм қосылады. Ата-бабаларымыздың айтуы бойынша, бұл күні наурызкөжені тойып ішкен адам жыл бойы молшылық пен тоқшылықта болады. Еліміздің әр өңірінде наурызкөже әртүрлі әдіспен дайындалады. Әрбір әйелдің өзінің дәстүрлі тағам дайындау әдісі бар.

Биыл мейрам қарсаңында елордалықтар аталған ұлттық тағамды дайындауға орташа есеппен қанша ақша жұмсайтынына, сондай-ақ көжеге қосылатын дәмдердің бағасына шолу жасап көрдік.

Фото-коллаж: Елтай Нұрғазин/Elorda.info

Қашанда қазақы дастарқанның берекесін ет келтіреді. Сол себепті наурызкөжеге қазақтың төл асы – ет қосылады. «Ұзынсарыға» сақталған сүрі етті қазан толсын, ас мол болсын деген ырыммен тұтастай наурызкөжеге салып, қайнатады. Қалада сүрленген ет 2800 теңгеден басталса, қазы бағасы 4000 теңгеден сатылып жатыр. Ұлттық тағамға түрлі жарма да қосады. Дәнді дақыл қосудың бір мағынасы – бір тамырдан өсіп-өнген дәндей ұрпағымыз көп болсын деген тілек болса керек. Елорда базарларында тарының жарты келісі – 330 теңге, бидайдың жарты келісі – 500 теңге, арпаның жарты келісі – 300 теңге тұрады. Көжеге міндетті түрде ақ құяды. Бұның да астарында ақ мол болсын деген ниет бар болар. Бірі сүт қосса, енді бірі айран құюды жөн көреді. Қала базарларында сүт өнімдерінің бағасы 500 теңгеден басталады. Ұлттық тағамдар қатарына кіретін құрт та көженің дәмін келтіреді. Базарда құрттың жарты келісі 1000 теңге тұрады. Қажетті азық-түліктің бағасын есептей келе, астаналық бір отбасы наурызкөжеге шамамен 10 мың теңге жұмсайтыны белгілі болды.

Әрине, наурызкөжеге белгілі бір тағам түрін қосу керек деген арнайы нұсқау жоқ. Әркім қолындағы бар азық-түлігіне қарай пісіреді. Тіпті кейде көкөніс пен жеміс қосатындар да бар. Дәм саны жетеу болса, болғаны.

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

Источник: kaz.elorda.info