үй Астанада Әкемді құтқаратын едім… – 38 жыл еңбек өтілі бар елордалық дәрігер

Әкемді құтқаратын едім… – 38 жыл еңбек өтілі бар елордалық дәрігер

18
0

Бауырларыммен бірге аудандық ауруханаға барып, папамызға тамақ таситын едік


                        Әкемді құтқаратын едім... – 38 жыл еңбек өтілі бар елордалық дәрігер

фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Әрбір адамның туғаннан бастап есейгеніне дейін ең көп кездесетін дәрігері — педиатр. Оның өзге дәрігерлерден орны бір бөлек. Педиатр баланың физикалық және психикалық дамуын бақылап, өз жасына сәйкес дамып жатқандығын қадағалап, түрлі балалар ауруларының алдын алып, емдейді. Осы салаға 38 жылын арнаған Роза Өтегенова елордадағы №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында жұмыс істейді. Тәжірибелі дәрігер Elorda.info тілшісіне бұл мамандыққа қалай келгені туралы баяндап берді.  

Дәрігер Роза Қарағанды қаласындағы Мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетін тәмамдаған. Оның алғаш еңбек жолы туған жері Қостанай облысы Амангелді ауданында басталған. Бастапқыда учаскелік дәрігер, кейін аудандық аурухананың балалар бөлімінің меңгерушісі және педиатр дәрігер болып қызмет атқарған. 13 жыл бойы аудандағы балалар денсаулығына қамқор болған кейіпкерім тілдесу барысында алғаш елордаға қалай көшіп келгенін еске алды.

Аудандық аураханадан кеткеннен бері 25 жыл бойы осы ауруханада жұмыс істеп келемін. Біздің аурухана ең алғашқы балалардың жұқпалы аурулар ауруханасы болып есептелді. 2019 жылдан бері атауы №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы болып өзгертілді. Соңғы 13 жыл директордың медициналық бөлім жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарып келемін. Мен осы ауруханамен бірге өсіп, дамып келе жатырмын деп айта аламын. 1997 жылдан бері осы қаланың тұрғынымын. Аурухана ғана емес, елорданың да дамуы менің көз алдымда. Тоқсаныншы жылдардың соңында аурухана 120 орындық қана болған, қазір орындар саны 300-ге дейін өсті, — деді ол.

Роза Өтегенованың сөзінше, бұл салада қызмет етуге оның әкесі себепкер болған. Елорда тұрғыны өрімдей жас кезінде асқар тауынан айырылуы оның медқызметкер мамандығын таңдауына себеп болғанын жасырған жоқ.

Мен 10 жаста болғанда әкем жол апатына түсті. Ол кезде папам жас еді. Кішкентай болсақ та, бауырларыммен бірге аудандық ауруханаға барып, папамызға тамақ таситын едік. Сол кезде папам «Жылама, жылама» деп айта беретін. Әжем «бәрі жақсы болады» деп бізді жұбатты. Бірақ кішкентай болсам да жүрегім бір жамандықты сезгендей болды. Бір аптадан соң әкем қайтыс болды. Дәл сол кезде дәрігер боламын деп ұйғарым жасамасам да, кейін, өсе келе мен үшін дәрігер болу үлкен атақ болып есептелді. Сол кезде дәрігер болғанымда папамды құтқаратын едім деген ой келді. Мектеп бітірген кезде ойымда басқа мамандықты таңдаймын деген ой да болған жоқ. Себебі, түпкілікті дәрігер болатынымды білдім. Мектепті алтын медальге бітіріп, Қарағанды қаласына оқуға түстім,- дейді ол.

 

Бала дәрігері болуға екінің бірі батылы жетпейтіні рас. Сырқатын айтуға тілі жоқ сәби мен әртүрлі жастағы түрлі мінез-құлықты балалармен жұмыс жасау үшін байқампаздық пен қырағылық қасиеттерінен бөлек, ата-аналармен әрқашан байланыс орната білу де маңызды.

Бала өмірдің мәні ғой. Кішкентай науқастар келгенде өзімнің жүрегіп ауырып кетеді. Жұмыстан тыс уақытта да балаларды ойлап жүремін. Бізде бала ауырса, үйде барлығынын мазасы кетеді ғой. Организмі жас болғандықтан тез емделуге болады. Кейде иммунитеті төмен бала келеді, ол кезде дәрілерді көп қабылдауға тура келеді. Бала дәрігері психолог сияқты жұмыс істейді деп нақты айта аламын. Қабылдауға әртүрлі ата-аналар келеді. Мазасызданып тұрған баланы емдеу үшін бізге қосымша мәліметтер керек болады. Сол кезде ата-анасына немесе туыстарына барлығын түсіндіру керек. Олар агрессия көрсетіп жатады. Дәрігер тексерісі кезінде де әртүрлі тәсілдерді қолданамын. Бала кейде аппақ киім мен медициналық құралдардан да қорқып жылауы мүмкін. Ондай жағдайда бірге күліп, тіпті ойнап кетемін. Ал балақай сауығып шыққанда төбем көкке көтеріледі. Дәрігер үшін ата-ананың «рахметінен» артық ештеңе жоқ шығар. Қиыншылығы болса да, бұл мамандық менің өмірім, осы салада қызмет ету үлкен жауапкершілік, — дейді ол.

Роза Өтегенова өзінің алғашқы науқастарын қабылдаған күнді күліп еске алады.

Жас маман болып өзімнің туған жеріме оралдым. Аудандық ауруханаға көпбалалы ана келді. Ол өзі тағы бір баласына жүкті еді. Оған өкпенің қабынуы деген диагноз қойылды. Толық ем алу үшін ауруханаға жату туралы айттым. Сол кезде «балаларымды кім қарайды, үйде болуым керек» деп қарсылық білдірді. Қайта-қайта үйіне барып, оған болашақ сәбиіңіз үшін емделу керек екенін айтып отырдым. Бір күні барсам, менің келгенімді көріп, тығылып қалыпты. Осындай қызық оқиға болған. Ақырында ауруханаға жатты. Кейін маған рахметін айтып, артымнан келе бергенін жақсы болды деп айтқан. Дені сау сәби дүниеге келді. Бір қызығы, ол бала өскеннен кейін маған өз баласын тексертуге алып келген. Қазір әлі де еске алып, бір күліп аламыз, — дейді ол.

Балалар дәрігерінің міндетіне баланың денсаулығын емдеу мен алдын алу шараларын жүргізу ғана емес, баланың өсу динамикасын қадағалау мен оның ана-аналарына бала күтімі туралы кеңес беріп отыру да кіреді.

Қазір тек белгілі бір маусымда ғана балалар арасында осындай аурулар жүреді деген ұғым өзгерді. Оған қала тіршілігі, сыртқы миграция мен тамақ сапасы себеп деп айтуға болады. Балалар арасында анемия, витамин жетіспеушілігі жиі байқалып жатады. Әрбір әйел жүкті болған сәттен бастап баланың денсаулығын ойлау керек. Қазір жас аналар сәбі 1 жасқа толғаншы алуға қажетті вакцинаны алмай жатады. Бұл өте маңызды, себебі балалар арасында жұқпалы аурулар тез тарайды. Ал вакцина болса, ол ауруды жеңіл еңсереді. Уақытылы учаскелік дәрігер тексерісінде болған дұрыс. Одан бөлек ойыншықты сатып алғанда да үлкен мән беру керек.Оның сапасы мен пішіні маңыздырақ. Кейде олар тері ауруларын қоздыруы мүмкін. Ата-аналар арасында бала денсаулығын алдын алу мәдениеті 100 пайыз қалыптасты деп айта алмаймын, — дейді балалар дәрігері.

«Ауырып жазылған жан – олжа, жоғалып табылған мал – олжа» демекші, адам үшін ең басты орында тұратыны, әрине, денсаулық. Осы «олжаны» бізге сыйлайтын, оны ауырлықтан шығарып алып беретін дәрігерлер мерейі үстем бола берсін.

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

 

 

Источник: kaz.elorda.info