үй Қазақстан жаңалықтары 2023 жылдың қаңтар айында Қазақстанда 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй...

2023 жылдың қаңтар айында Қазақстанда 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді

20
0

161 rob

2023 жылдың қаңтар айында Қазақстанда 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2023 жылғы қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов баяндама жасады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықовтың хабарлауынша, осы жылдың қаңтар айында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 5,6%-ды құрады. Оның ішінде нақты сектордағы өсім 2,3%-ды, ал қызмет көрсету саласында 7,6%-ды құрады. Барлық негізгі салалар бойынша оң динамика байқалады, бұл ретте сауда, ақпарат және байланыс, сондай-ақ құрылыс ең жоғарғы өсуді көрсетті.

«Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 18,3%-ды құрады. Инвестициялар ағыны өнеркәсіпте 9,2%-ға, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 12,6%-ға, сондай-ақ ауыл шаруашылығында – 33,7%-ға, жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 33,7%-ға, көлікте және қоймалауда – 31,8%-ға өсті» Тимур Жақсылықов

Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіштер Алматы, Ұлытау, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында байқалады.

Жекелеген облыстар бөлінісіндегі жоғары көрсеткіштер өткен жылдың базалық деңгейінің төмендігіне байланысты екенін айта кету қажет.

Алдын ала қорытынды бойынша 2022 жылы сыртқы сауда тауар айналымы 32,1%-ға өсіп, $134,4 млрд-ты құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 39,9%-ға өсіп, $84,4 млрд-қа жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 33,6%-ға ұлғайып, $26,5 млрд-ты құрады.

Тауарлар импорты 50 млрд. долларға тең. Жалпы, оң сауда балансы $34,4 млрд-ты құрады. Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу қарқынын сақталуда. Өндіріс көлемі 1,6%-ға өсті.

Т. Жақсылықовтың айтуынша, оң өсім 14 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсім Қызылорда, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалады.

Өңдеу өнеркәсібі салалары бөлінісінде машина жасау өндірісінің 12,1%-ға, оның ішінде автомобиль жасаудың – 27,5%-ға, компьютерлер мен жабдықтар жасаудың – 29,6%-ға өсуі қамтамасыз етілді.

Сондай-ақ өсу келесі салаларда байқалып отыр: азық-түлік өндірісі – 9,8%, мұнай өңдеу өнімдері – 11,1%, химия өнеркәсібі – 10,6%, сусындар өндірісі – 33,2%, фармацевтика өндірісі – 51%, жеңіл өнеркәсібі – 11,3%.

Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 1,2%-ға ұлғайып, соңғы 4 айдан бері алғаш рет оң өсуді көрсетті. Бұл ретте көмір өндіруді қоспағанда, өндіріс барлық көрсеткіштер бойынша өсім тіркелді.

«Атап айтқанда, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру 7,6%-ға, металл кендерін өндіру – 3,7%-ға, мұнай өндіру – 1%-ға, газ өндіру – 0,1%-ға, тау-кен өнеркәсібіндегі қызмет көрсету – 0,2%-ға ұлғайды» Тимур Жақсылықов

Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,5%-ға ұлғайды. Көрсеткіштің оң өсуі 15 өңір бойынша тіркелді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғарғы өсуі Солтүстік Қазақста, Ақмола, Алматы, Ұлытау және Ақтөбе облыстарында байқалды.

Биыл қаңтарда 1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылғы қаңтармен салыстырғанда 39,6%-ға артық.

Ең жоғарғы көрсеткіштер Алматы және Атырау облыстарында, Алматы және Астана қалаларында байқалды. Бұл көрсеткіштің айтарлықтай төмендеуі Ұлытау облысында тіркелді.

Ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 3,3%-ға ұлғайды.

Саладағы өндірістің оң өсуі 15 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсімді Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары көрсетті.

7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасындағы жалпы жағдай мынадай. Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсім тек 2 өңірде – Қостанай облысында және Алматы қаласында байқалды.

6 көрсеткіш бойынша өсім 10 өңірде тіркелді. Бұл Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстары және Астана, Шымкент қалалары.

5 көрсеткіш бойынша оң өсім 6 өңірде – Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында байқалды.

Қарағанды облысы 4 көрсеткіш бойынша өсім көрсетті.

Абай облысында тек 3 көрсеткіш бойынша оң динамика тіркелді.

Орталық және жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға назар аудару ұсынылады:

  • әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне және жеміс көкөніс өнімдеріне бағаның алып-сатарлық маусымдық ауытқуына жол бермеу жөніндегі шараларды іске асыру;
  • экономика салаларында өсудің оң қарқынын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды іске асыру, көктемгі-дала жұмыстарына дайындықта кешенді қолдау көрсету; 
  • Жобалық-сметалық құжаттама мен техникалық-экономикалық негіздемені сапалы дайындау, сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстарын уақтылы жүргізу және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаражатты өнім берушіге дейін жеткізуі;
  • Шикізаттық емес экспортты жан-жақты қолдау және баламалы экспорттық бағыттарды ұлғайту;
  • Су тасқынына қарсы кешенді дайындық жұмыстарын жүргізу.

Өз кезегінде, ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов 2023 жылғы қаңтарда жаһандық нарықтарда экономикалық өсу перспективаларының жақсаруына байланысты оң өзгерістер байқалғанын атап өтті. 

Халықаралық Валюта Қоры әлемдік экономиканың өсу болжамын 2,7%-дан 2,9%-ға дейін көтерді. Бұл көптеген елде экономиканың орнықтырақ болуына, логистикалық проблемалардың шешілуіне, карантиндік шектеулер алынғаннан кейін Қытайдың экономикалық белсенділігінің қалпына келуіне байланысты болады.

«Жыл басында әлемдік экономикалық белсенділік жақсарды. Қаңтар айында іскерлік белсенділіктің жаһандық композиттік индексі (global PMI) 2022 жылғы желтоқсан айындағы 48,2-ден 49,8-ге дейін өсті. Қаңтар айында өндіріс пен жаңа тапсырыстардың төмендеуі соңғы алты айдағы ең аз мәнді көрсетті және тұрақтана бастады. Бизнес өкілдерінің оптимизмі сегіз айлық максимумға дейін өсті» Берік Шолпанқұлов

Қазақстанда сегіз ай бойы теріс аймақта болған іскерлік белсенділік жақсара бастады. 2023 жылғы қаңтар айында іскерлік белсенділік индексі 50,7 болып, өсу аймағына көшті. Қызмет көрсету және өндіріс секторында іскерлік белсенділіктің жақсаруы байқалды, онда индекстер 52,1 және 51,3-ке дейін көтерілді.

Сонымен қатар жаһандық перспективалар үшін тәуекелдер балансы экономиканың төмен қарқынмен өсу және жоғары инфляцияның болу ықтималдығынан жағдайдың нашарлауына қарай ығысқан. Инфляция проблемаларының сақталуына байланысты Халықаралық Валюта Қоры бюджеттік шығыстардың өсуін алдын-алуды ескертеді, себебі ол қазіргі жағдайда инфляцияны одан әрі арттыруы мүмкін. 

Қытайдың шектеулерді алуынан туындаған оптимизм және әлемдік орталық банктердің ақша-кредит саясатын күшейтуінің ертерек аяқталуын күтумен қатар экономикалық өсу перспективаларының жақсаруы инвесторлардың күтулерін жақсартуға ықпал етті.

2023 жылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша, дамыған елдердің акциялары (MSCI World) 7,0%-ға өсті, АҚШ-тың 10 жылдық мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілігі 3,88%-дан 3,51%-ға дейін 37 базистік тармаққа төмендеді. Доллар индексі 1,4%-ға әлсіреді.

Инфляция қарқынының қысқаруына қарамастан, орталық банктердің қатаң риторикасы сақталуда. Бірақ нарықтар 2023 жылдың соңына қарай ақша-кредит саясатының жеңілдеуін күтіп отыр. Алайда, макроэкономикалық деректер аралас күйінде қалды. Дамыған елдердегі экономикалық белсенділік төмен, еңбек нарығындағы көрсеткіштер жоғары болып қалуда.

Қазақстанда инфляцияның айлық динамикасы 2022 жылғы наурыз айындағы ең жоғары мәнге (3,7%) жеткен соң төмендеп келеді. Биылғы қаңтарда айлық инфляция біртіндеп 1,1%-ға дейін төмендеді. Бұған қарамастан, ол орташа жылдық мәннен едәуір асатын деңгейде қалып отыр.

Жылдық мәнде инфляция биылғы жылғы қаңтарда 20,7%-ға жетті. Жылдық мәнде 25,7%-ға жеткен азық-түлік бағасының өсуі инфляцияның өсуіне көптеп үлес қосып отыр. Азық-түлікке жатпайтын инфляция да импорт тауарларының қымбаттауы мен оларға сұраныстың сақталуына байланысты 20,2%-ға дейін жеделдеді. Ақылы қызметтердің инфляциясы 14,2%-ға жетті.

Б. Шолпанқұловтың айтуынша, логистиканың өзгеруіне, жоғары инфляциялық күтулерге, сұранысты фискалдық қолдауға және кредит берудің ұлғаюына байланысты инфляция өсуін жалғастырып келеді. Сақталып отырған тәуекелдер базалық мөлшерлемені ағымдағы деңгейде ұстап тұруды талап етеді.

Биылғы қаңтарда теңгенің долларға қатысты бағамы 1 доллар үшін 460,52 теңгеге дейін 0,5%-ға нығайды. Ұлттық Банк валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.

Биыл қаңтар айында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің $453 млн сомасына валюталық түсімді сатуы және Ұлттық қордан республикалық бюджетке $228 млн мөлшерінде трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату теңгеге қолдау көрсетті.

«Қысқа мерзімді перспективада теңге динамикасы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы жағдайға байланысты болады. Ұлттық Банк дисбаланстардың жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстанады» Берік Шолпанқұлов

Жалпы халықаралық резервтер қаңтарда 3,5 млрд долларға ұлғайып, $94,3 млрд-ты құрады.

2023 жылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша, алтын-валюта резервтері валютадағы активтер мен алтын бағасының өсуіне байланысты $36,7 млрд-қа дейін $1,6 млрд-қа артты.

Ұлттық қордың активтері биыл қаңтарда негізгі әлемдік индекстердің өсуіне байланысты $57,6 млрд-қа дейін 3,4%-ға немесе $1,9 млрд-қа ұлғайды.

Ұлттық қордан республикалық бюджетке 235 млрд теңгеге трансферттер бөлу үшін жыл басынан бастап $228 млн-ға Ұлттық қордың валюталық активтері сатылды. Түсім 197 млрд теңгені, оның ішінде шетел валютасында $152 млн-ды құрады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері жыл басынан бастап 224 млрд теңгеге немесе 1,5%-ға ұлғайып, қаңтар айының соңында 14,8 трлн теңгені құрады.

Жыл басынан бастап инвестициялық кіріс көлемі 66,2 млрд теңге, зейнетақы жарналары – 156,1 млрд теңге, зейнетақы төлемдері – 21,0 млрд теңге, мерзімінен бұрын алу сомасы – 11,4 млрд теңге болды.

«116,1% жинақталған инфляциямен салыстырғанда зейнетақы активтерінің жинақталған кірістілігі шоғырландырылған сәттен бастап 116,9%-ды құрады» Берік Шолпанқұлов

2023 жылдың қаңтар айында Қазақстанда 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді

Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, мемлекеттік бюджетке 1,5 трлн. теңге шамасында кірістер түсті немесе жоспар 144,0%-ға орындалды. Республикалық бюджетке 1,1 трлн теңге кірістер түсті немесе жоспар 139%-ға орындалды. Кірістер бойынша жоспар 310 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар – 302 млрд теңгеге асыра орындалды.

Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомасы корпоративтік табыс салығына, қосылған құн салығына және шикі мұнайға экспорттық кеден бажына тиесілі.

Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың асыра орындалуына 382 ірі салық төлеуші бойынша 2022 жылғы қаңтармен салыстырғанда ағымдағы жылғы қаңтарда мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 48,8%-ға немесе 53 млрд теңгеге өсуі әсер еткен.

Қосылған құн салығы бойынша жоспардың асыра орындалу факторлары:

  • тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сату бойынша айналымның өсуі;
  • қосылған құн салығын төлеушілердің 18%-ға өсуі;
  • өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда ағымдағы жылғы қаңтарда үшінші елдерден импорт көлемінің 84%-ға өсуі.

Шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың асыра орындалуы негізінен АҚШ долларына шаққанда теңге бағамының 6,6%-ға төмендеуіне байланысты болды.

«Жергілікті бюджеттердің кірістері 160%-ға атқарылды және 394 млрд теңгені құрады. Жоспар 148 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша – 131 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар барлық өңірлерде асыра орындалды» Ерұлан Жамаубаев

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 93,5%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары – 94,7%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 96,3%-ке атқарылды.

Республикалық бюджет бойынша 1,5 трлн теңге сомасына шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 84 млрд теңгені құрады, оның ішінде 13 млрд теңге – үнемдеу. Игерілмегені – 71 млрд теңге.

«Ең көп игерілмеу сомасы Денсаулық сақтау, Мәдениет және спорт, Экология және табиғи ресурстар, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінде қалыптасты» Ерұлан Жамаубаев

Игерілмеудің негізгі себептері: төлемнің негізділігін растайтын құжаттардың болмауы немесе ұсынылмауы; шарттарды, қосымша келісімдерді жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу; бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) іске асыру жөнінде нормативтік құқықтық актілерді уақтылы қабылдамау; орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларды, уақтылы ұсынбау; конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 423 млрд теңгені құрады. Атқарылмағаны – 16 млрд теңге. Осы жылы өңірлерге 1,2 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. 1 ақпанға бекітілген қаржыландыру жоспарына сәйкес 10,2 млрд теңге сомасына нысаналы трансферттер бөлінді, оның 98,5%-ы игерілді. 150 млн теңге игерілмеген.

2023 жылғы қаңтарда 1,3 трлн теңгеден астам сомаға 65 мыңнан астам мемлекеттік сатып алу рәсімі камералдық бақылаумен қамтылды. Тексеру қорытындылары бойынша 6 038 рәсім бойынша бұзушылықтар анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 73%-ін орындады. 136 аудиторлық іс-шара өткізілді.

Аудитпен шамамен 68 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды. 3 млрд теңгеге жуық қаржылық бұзушылықтар анықталды.

Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепте көрсету жолымен 320 млн теңгеге бұзушылықтар жойылды.

Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 131 ұсыным берілді.

Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 675 объектіні сату көзделген.

Есептік кезеңде сомасы 308 млрд теңгеге 368 объект сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді.

40 объекті сатылуға қойылды. 61 объекті қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді. 206 объекті сату алдындағы дайындықта.

Источник: dknews.kz