213 rob
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі
Кеңестік кезеңде ұзақ уақытқа созылып, қаншама адамның өмірін жалмап, Отанның ғана емес, отбасының берекесін қашырған соғыстың бірі – Ауған елінде болған еді.
Бұл соғысқа Кеңестік республикалар құрамындағы Қазақстаннан да әскер алынып, ауыр жылдардың қасіретін тартты. Кім үшін, не мақсатпен, болып жатқаны белгісіз сұрқия соғыста еліміздің азаматтары әскерде берген антына адал болды, соңына дейін арпалысты.
Осы жылы бұл соғыстың аяқталғанына аттай 35 жыл толады. Ширек ғасырдан аса уақыт өтсе де, өзге елде өз елі үшін жан алысқанмен бірдей соғысқан ардагерлеріміздің жан жарасын ауған елінің қасіреті ақпанның аязындай қарып өтері сөзсіз.
Еліміздің ішкі тәртібін тізгінге алған Ұлттық ұланда ауған еліндегі ауыр жылдардың қайғысын көзімен көріп, басынан кешкендер де бар. Болмысында батырға тән батылдығы басым ардагерлеріміз өткен күннің оқиғасын жастарға тек үлгі ретінде үгіттеп, насихаттап келеді.
Бұлар отставкадағы аға прапорщиктер – Виктор Алексеевич Клязмин және Самарский Владимир Иванович. Бұл екі аға прапорщиктерді бір арнаға тоғыстырған 6506 әскери бөліміндегі әскери қызмет болды. 80-ші жылдарда ата-ананың ауыр еңбегі мен батыл бейнетін бала күнінен көріп, қалада тұрса да , қажырлы қызметтерін қара техниканы тізгіндеуден бастаған бозбала жігіттер, мерзімдік қызметтерін аяқтаған соң, біржола әскери қызметке оралуға бел буады. Бірі жеңіл автокөліктің, бірі ауыр техникалардың бірі бронетранспортердің роліне отырды. Виктор Алексеевич Клязмин Ауған еліндегі қызметке өз еркімен сұранғандардың қатарында болды. Таулы елдегі соғысқа таңдалып алынатын жауынгерлер терең тексерістен өтті. Мәскеудегі үлкен генералдармен жеке сұхбаттан кейін ғана тізімге ілінеді. Бір әскери бөлімдегі прапорщиктер бір отрядтың құрамында қара күздің қыркүйек айында Ауған еліндегі арпалысқа аттанып кетті.
Екі дос қызметтеріне байланысты екі қалаға бөлінді. Виктор Клязмин қауіпті орталық Кандагар қаласына аттанса, Самарский Владимир Газне қаласына кетті. Бұлар қызметі қатаң құпия сақталатын Ішкі әскердің «Кобальт» деп аталатын арнайы отрядының құрамында болды. Бұл елде сол кездегі теміржолдың, теңіз жолдарының жоқтығын, авиацияның нашар дамығанын ескерсек, басты күш тек қана таулы аймақтардағы жөнсіз жолдарда еді. Әскерге жеткізілетін барлық материалдар, мүліктер, азық-түліктің бәрі қара жолдың бойымен қатар тізілген көліктермен тасымалданды. Виктор Алексеевич Клязмин бронетранспортермен талай машиналардың легін қатерлі таулы жолда қалқан болып алып жүрді. Тау-тастың тасасында қас-қағымда өміріңді қылыштай кесіп түсетін дұшпандардың мергендері отыратын. Күнделікті қанша көлік өтікізілді, қанша рет шабуыл жасалды, қанша адам жараланды және өкінішке орай қанша адам қаза болғандығымен есептелетін бұл оның қарапайым ғана, алайда қаһармандықпен орындалатын басты борышы еді. 1981 жылдың наурыз айында болған үлкен шайқастардың біріне көмекке жөнелтілген машиналарды шекара аймағындағы басқа қаладан алып келуіне тура келеді. «Жолым болды, жол бойы ешқандай атыс-шабыссыз алып келдім, бірақ керісінше болуы да мүмкін еді, Ұлы Отан соғысы болсын ауған соғысы болсын бір ұққаным, сен жауды немесе жау сені алады»,- деп есіне алды, — Ауған еліндегі қасіретті жылдардан есімде сақталып қалғаны арамыздағы таза адамгершілік, ешкімді марапат та, атақ та, шен де қызықтырмады, өзі өмірде қандай бар, сол қалпы еді, қиын жолда бір-біріздің өмірімізді сақтауды алғашқы орынға қойдық, — дейді аға прапорщик Виктор Клязмин.
Владимир Иванович Самарский болса Газне қаласында қызмет етті. Олардың басты қызметі қарапайым халық арасында жүріп, барлау жүргізу, ақпарат жинау еді. Сол арқылы бандиттік топтарды жоюға арналған операцияларды ұйымдастыруға көмектесті. Жауынгерлік әртүрлі операцияларды ұйымдастырып, зерделеуге қатысқан арнайы офицерлердің автомобилінің жүргізушісі бола жүріп көптеген оқиғаларды бастан кешірді. Соғыс жүріп жатқан елдің қарапайым ғана бір ауылынан келесісіне бару үлкен қиындық туғызды. Жол бойы дұшпандардың әртүрлі топтары шабуыл жасауы мүмкін. Ауған асуында от кешкен Владимир Иванович соғыстың қатігездігіне талай көз жеткізді. Бала кезінде кинодан ғана көретін жан түршігерлік оқиғалар көз алдында орын алып жатты. Жылдан аса өзге елде өздерінің интернационалдық борыштарын өтеген аға прапорщиктер Владимир Самарский мен Виктор Клязмин 1981 жылы елге оралды. Әрине аман оралғандарына бек қуанышты еді, алайда соғыстың зардабы мен әсері, өмір бойы қалды….
Тарихымыздың шежірелі беттерінде қалған талай соғыстың бәрінде қаншама қаһармандық пен батырлықтың үлгісін көрсеткен тұлғаларымыз бар. Олардың ұлы ерлігін егемен елде еркін өсіп келе жатқан жас өрендерге насихаттап, ардагерлерімізді ардақ тұту асыл парызымыз екені даусыз.
Аға лейтенант Шынжігітова Малика, 6698 әскери бөлімі
Источник: dknews.kz