172 rob
Фотосурет: Үкіметінің Баспасөз қызметі
Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин вьетнамдық SOVICO Group холдингінің тең негізін қалаушысы және басқарма төрағасы Нгуен Тхань Хунгпен кездесті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Тараптар екі ел ынтымақтастығының перспективті бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, вьетнамдық холдинг Qazaq Air әуекомпаниясын сатып алуға қызығушылық танытты. Сондай-ақ электрондық коммерцияны, логистикалық қызметтерді бірлесе дамыту мәселелері пысықталуда.
Еске сала кетейік, биыл тамызда Мемлекет басшысы Вьетнам Социалистік Республикасына ресми сапары аясында SOVICO Group басқарма төрағасымен кездесу өткізді. Қазақстан Президенті компанияның елімізде сауда-логистикалық орталық құру және елімізге рейстер санын арттыру жөніндегі жоспарларын құптады. Үкімет инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуде.
«Мемлекет басшысының осы жылдың тамыз айында Вьетнамға сапары кезінде компанияңыздың Қазақстанмен ынтымақтастығын кеңейтудің іргетасын қаладық. Сол кезде «Қазпошта» АҚ-мен өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Ал бірнеше күн бұрын тауарларды кедендік декларациялау, логистика қызметтерін көрсету туралы келісімге қол қойылды. Біздің өзара қарым-қатынастарымызда бюрократия болмауға тиіс. Бізге әлеуетті әуе компаниялары мен логистика қажет, мұның бәрі SOVICO Group-та бар» Серік Жұманғарин
SOVICO Group — жылжымайтын мүлік, банк ісі, авиация, энергетика, туризмді қоса алғанда, түрлі салаларда қызмет ететін Вьетнамдағы әртараптандырылған конгломерат. Холдинг VietJet Avication компаниясын иеленеді және бақылайды.
2023 жылғы қаңтар-қыркүйекте Қазақстан мен Вьетнам арасындағы тауар айналымы $808,6 млн құрады, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 2,3 есе жоғары ($351,6 млн). 2023 жылғы қаңтар-қыркүйекте Қазақстаннан Вьетнамға экспорт 2,7 есеге өсіп, $146,8 млн құрады. Қазақстанға Вьетнамнан импорт 2,2 есеге ($661,8 млн) өсті.
Источник: dknews.kz