үй Қазақстан жаңалықтары Қазақстан Сенаты: Әлеуметтік-экономикалық дамуға жәрдемдесу үшін жаңа заңдар

Қазақстан Сенаты: Әлеуметтік-экономикалық дамуға жәрдемдесу үшін жаңа заңдар

4
0

189 Awrora

Қазақстан Сенаты: Әлеуметтік-экономикалық дамуға жәрдемдесу үшін жаңа заңдар

Фотосурет: Gov

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар сенатор Ақмарал Әлназарованың өкілеттігін тоқтату туралы мәселені қарады. Сондай-ақ күн тәртібіне шығарылған заңдарды ратификациялап, депутаттық сауалдарын жолдады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Палата Төрағасы, алдымен, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы белгілеп берген әлеуметтік-экономикалық дамуға қатысты міндеттерге тоқталып өтті. Мәулен Әшімбаев Президент тапсырмаларын іске асыру жолында барлық мүдделі тарап күш жұмылдырып, өзара іс-қимылды арттыру қажет екенін айтты.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев белгілеп берген міндеттер депутаттардың ерекше назарында болуы керек. Палатаның іс-шараларын ұйымдастыру кезінде де жан-жақты ескеруіміз қажет. Сенат жүктелген міндеттерді іске асыруға қажетті заңнамалық шешімдерді Мәжіліспен және Үкіметпен бірлесіп қабылдайды. Сондықтан барлық мемлекеттік органдармен қоян-қолтық жұмысымызды жалғастыра береміз. Алдағы уақытта елімізді одан әрі дамыту жолында жаңа Үкіметпен бірге нәтижелі еңбек етеміз деп сенемін» Мәулен Әшімбаев

Отырыс барысында депутаттар Мемлекет басшысының Жарлығымен Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалған сенатор Ақмарал Әлназарованың өкілеттігін тоқтату туралы қаулы қабылдады. Мәулен Әшімбаев әріптесіне заң шығару ісіне қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

Сонымен қатар сенаторлар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа электрондық нысанда қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу тәртібін айқындау бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Бұл заң Еуразиялық экономикалық одақ ішінде және ҚҚС төлеудің ашық тетігі бар үшінші елдермен де салық салудың тең жағдайын жасауға ықпал етеді. Ол үшін хаттама ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағында көрсетілетін электрондық қызметтер үшін жанама салық мәселелерін реттейді. Осылайша, заң салық салынатын базаны кеңейтуге, сондай-ақ, бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Палата отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының Үкіметі арасындағы адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң да мақұлданды. Аталған келісім екі ел арасындағы заңсыз көші-қонға қарсы шаралар қабылдау мақсатымен әзірленген. Осы құжат арқылы реадмиссияның құқықтық негіздері мен шарттары айқындалады. Келісімді ратификациялау тараптардың құзыретті органдарының заңсыз көші-қонға қарсы шаралар бойынша ынтымақтастығын арттыруға және екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға оң ықпалын тигізбек.

Одан бөлек, сенаторлар маңызды мәселелерге қатысты депутаттық сауалдарын жолдады.

Ернұр Әйткенов Павлодар облысының «Ертіс Орманы» орман резерватында ауылдарды су басу және өрт шығу қаупі төніп тұрғанын атап өтті. Осыған байланысты депутат Үкіметті аталған проблемаларды шешуге арналған шараларды қаржыландыруға ықпал етуге шақырды.

Арман Өтеғұлов Үкіметтің назарын шекара маңындағы ауыл тұрғындарын алаңдатып отырған проблемаларға аударды. Ол Батыс Қазақстан облысында шекара маңындағы ауылдарда инфрақұрылымның тозғанын атап өтіп, жағдайды жақсарту бойынша бірқатар шара ұсынды.

Ольга Булавкина Абай облысында орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қызметкерлерінің жалақысын ұлғайту, оларға әлеуметтік қолдау көрсету шараларын арттыру мәселесін көтерді.

Андрей Лукин анықталған құқық бұзушылық фактілері, кәсіпкерлердің мүдделері мен жауапқа тартылған кінәлілердің саны арасындағы теңгерімсіздік мәселесіне назар аударды. Сенатор бұған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің жетілдірілмеуі себеп екенін айтып, құжатқа бірқатар түзету енгізуді ұсынды.

Жанболат Жөргенбаев Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты генетикалық банкінің қызметін жандандыруды және ауыл шаруашылығы дақылдарының негізгі ресурстарын толықтыру, сақтау, өсімін молайту бағытындағы жұмысты тиісті деңгейде қаржыландырып, оған «Ұлттық» мәртебе беруді ұсынды.

Бибігүл Жексенбай өз сауалында Қазақстанның көрнекті тұлғаларының мұрасын зерттеуде жүйелі тәсіл қажет екенін тілге тиек етті. Бұл ел азаматтарының патриоттық сезімін арттыруға тың серпін береді.

Руслан Рүстемов Сыр өңірінде суармалы жерлердің тұздануына байланысты алаңдаушылық білдірді. Депутат атап өткендей, қазіргі таңда Қызылорда облысында мамандандырылған топырақтану зертханасын ашу қажеттілігі артып отыр.

Ғалиасқар Сарыбаев елдегі әуежайлар қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келмейтінін және авиакомпаниялар арасында бәсекелестіктің жоқтығын атап өтті.

Бекболат Орынбеков «Қарасу-Өтеген» учаскесіндегі республикалық жолды күрделі жөндеуге және «Қордай» шекаралық өткізу бекетінің жұмысын жақсартуға қатысты мәселені қозғап, сауал жолдады.

Источник: dknews.kz