231 rob
Фотосурет: pixabay.com
Кейінгі жылдары Қазақстанда бай музыкалық мұраны сақтауға және заманауи музыканы насихаттауға бағытталған көптеген жобалар жүзеге асып келеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Осы бағыттағы ең табысты жобалардың бірі – Нуми Мусалиеваның «Sazalem» жобасы.
2023 жылдың қаңтар айынан бастап Нумидың командасы қазақстандық орындаушылардың заманауи және классикалық музыкасына арналған «Sazalem» мобильді платформасын әзірлеуде. Бір жыл ішінде жобаның дерекқоры 25 мыңнан астам шығармаға толып, 1 миллионнан астам платформа қолданушысы жүктеп үлгерген. Әзірлеушілер «Sazalem» жобасын Қазақстанның бай мәдени мұрасын жинайтын және сақтайтын, сондай-ақ, оны әлемге танымал ететін онлайн платформаға айналдыруды жоспарлап отыр.
«Android жүйесінде біз 20 000-нан астам кері байланыс хабарламасын алдық, олардың көпшілігі біздің жасаған жұмыстарымызға алғыс білдірді. Өйткені біз бірінші кезекте эксклюзивті контентке, яғни аспаптық музыкалар мен күйлерге және әдебиетімізге назар аударамыз. Жаңа әртістер мен заманауи әндерге келетін болсақ, олармен арнайы мамандар жұмыс істемейді, бірақ олар біздің платформада бар болғандықтан, өнерсүйер қауымға тыңдауға мүмкіндік береміз», — дейді «Sazalem» стартап жобасының бас директоры Нуми Мұсалиева.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі креативті индустрия саласын қолдау мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер пакетін әзірлеп жатыр.
Жол картасы шеңберінде 2022 жылғы желтоқсан — 2023 жылғы ақпан айларында креативті жобалар питчингтері өткізіліп, 200-ден астам адам оқытылды.
Креативті индустрия салаларында жұмыспен қамтылғандар саны 10 жылда 74,2 мың адамға артып, 285 мың адамды құрады. Олардың көбісі Алматы (7,3%), Астана (6,4%) және Батыс Қазақстан облысында (4%) тіркелген. Жалпы бұл салада 32 мың кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Алматы, Шымкент, Атырау, Астана және Түркістан қалаларында 15-тен астам креативті хаб пен орталықтар құрылды.
Министрлік сонымен қатар Креативті индустрияны дамыту қорын құруды жоспарлап отыр, оның мақсаты – креативті индустриялар саласына қолдау көрсету, таланттарды қолдау, инфрақұрылымды дамыту, өнімдерді экспорттауға және коммерцияландыруға жәрдемдесу. Қазіргі уақытта Қордың жұмыс істеу тәсілдері пысықталуда.
Источник: dknews.kz