үй Қазақстан жаңалықтары Экономика АЭС жасыл экономикаға кереғар келе ме?

АЭС жасыл экономикаға кереғар келе ме?

16
0


                АЭС жасыл экономикаға кереғар келе ме?

Фото: egemen.kz

Еліміз қоршаған ортаны қорғауға ерекше мән береді. Сондықтан да 2016 жылы табиғатқа шығарылатын парниктік газдарды азайту мақсатында Париж келісімін бекітті. Бұл келісімнің тарихын аз-кем шолып өтсек, Францияның астанасында 2015 жылы 12 желтоқсанда қабылданды. Келесі жылында бұл құжатқа Қазақстан да қосылды.

Келісімнің мақсаты – парниктік газдардың көлемін азайту, климат өзгерісіне бейімделу және зиянсыз технологияларды дамыту үшін қаржы көздерін қалыптастыру. Өйткені, ғаламдық жылынудың алдын алуға әлем жұртшылығы бірлесе атсалысуы тиіс. Оның өсімін 2°C-ден төмен ұстап тұруға келісім жасалды. Сосын 1,5°C-ге дейін шектеуге бел буып отыр. Осы келісім бойынша, Қазақстан 2030 жылға дейін парниктік газдарды 15 пайызға дейін қысқарту міндетін мойнына алды.

Бұл – өндірістің 1990 жылдардағы көлемі. Қазақстанның экономикалық қуаты артқан сайын, энергия көздеріне деген сұраныс та артып келеді. Экономика мен қоршаған ортаны қорғау таразы басында тұр десек, артық айтпағандық. Сонда қайтек керек?

Әрине, бұл тығырықтан шығатын бірден-бір жол – зияны аз балама энергия көздерін табу. Осы кезге дейін бұл бағытта іске асырылып жатқан жобалар аз емес. Соның бірі – «жасыл экономика». Мәселен, Алматы облысында жалпы инвестициялық құны – 8,7 миллион АҚШ доллары, қуаты 8.45 МВт болатын «ВЭС Нурлы» ЖШС ашылды. Бұл жоба жылына 14 297 тоннаға дейін зиянды түтін шығаруды қысқартады.

Бұдан бөлек, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан мен Қостанай, Маңғыстау облыстарында жалпы қуаты 105,85 мегаваттық 10 жел және 1 биогаз станциялары салынды. Мұның құны 36 млрд теңге болды. Бұл жобалар қаншалықты өзін өзі ақтап жатыр? Бұл сауалға энергетика сарапшысы Жақып Хайрушев былай деп жауап берді:

«Ережеге сәйкес, құрылыс басталған кезде, инвестор жобаның қаржылық-экономикалық үлгісін жасайды. Онда барлық шығындар көрсетіледі. Бұл жобалар аукциондағы саудадан өтсе, демек, бұл – инвесторларды барлық шарттардың қанағаттандырғаны. Жобаның өміршеңдігіне қызыққаны».  

Десе де, кейбір сарапшылардың пікірінше, бұл қуат көздерімен экономикамыздың жыртығын жамай алмайды екенбіз. Өйткені, қуаты жеткіліксіз. «Атом электр стансасын салмасақ, бірнеше жылдан кейін жарықсыз отырамыз» деген энергетика мамандары да табылды.

«Қазақстан АЭС-сіз жарықсыз қалмайды, бірақ көміртекті бейтараптыққа көшу жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау қиын болады», – дейді Жақып Хайрушев.

Оның айтуынша, Атом энергетикасының алты бірдей артықшылығы бар.

Біріншісі, таза ауа және атмосфера. Бұл да 2060 жылға дейінгі көміртегін азайту жөніндегі еліміздің мойнына алған міндеттемесінің бір бағытына кіреді. Атом энергетикасы атмосфераны былғамайды. Климатты өзгертіп, топырақ пен мұхиттардың суына дейін бүлдіріп жатқан парниктік газдарды шығармайды. Сонымен қатар, АЭС – өнеркәсіптік көлемде электр қуатын өндірудің экологиялық таза тәсілі.

«Қазіргі таңда атом саласында радиоактивті қалдықтарды қауіпсіз әрі тиімді қолданудың қажетті технологиялары бар», – дейді сарапшы.

Екіншісі, адам потенциалын арттырады екен.

«Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та сөз етті. Ол Қазақ жастарының арасынан инженерлердің көп шыққанын көргісі келетінін айтты. Ядролық технологияларды игеріп, дамыту қазіргі кезеңде жастарымыз үшін күрделі әрі қызық талап болмақ», – дейді энергетик.

Үшіншісі, АЭС құрылысы экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындары ашылады. АЭС құрылысындағы бір жұмыс орны жанама салаларда он жұмыс орнын ашуға түрткі болмақ.

Атом энергетикасын дамыту ғылыми зерттеулердің, жоғары технологиялық өнімдердің экспортының көлемінің артуына және басқа да салалардың дамуына ықпал етеді.

 Төртіншісі, атом стансасы ауа-райының қолайсыздығына қарамастан 24 сағат бойы электр қуатын өндіре алады.  

 Бесіншісі, 4 пайызға дейін байытылған уранның бір келісі жағылған 100 тонна болатын сапасы жоғары тас көмір немесе 60 тонна мұнайдың қуатын бермек.  

  Алтыншысы, басқа қалдықтардан, күлден артықшылығы, уран материалы толық өртенбейді. Қайта қолдануға болады. Болашақта қалдық мүлде қалмайтындай етіп пайдалануға болады. Заманауи технологиялар бұған кепілдік бермек. Мәселен, АҚШ-тың 60 жыл бойы пайдаланған ядролық отындықтарының қалдығы небәрі футбол алаңындай ғана жерді (9 метр тереңдікте) алады екен.  

Источник: nege.kz