Фото: КазАзот
Еліміздегі импорттық өнімдерге тәуелділіктен арылып, өзіміздің өндірісті өркендету үшін «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, кәсіпорындардың кәсібін кеңейтуге мүмкіндік беріліп отыр. Сондай тиімді тетіктерді пайдаланған отандық компаниялардың бірі – «ҚазАзот» АҚ.
Ақтау қаласындағы «ҚазАзот» – елімізде аммиак және оның селитрасын өндіретін жалғыз зауыт. Кәсіпорын химиялық өнімдер, минералды тыңайтқыштар мен табиғи газды өндірумен айналысады. Мұнда шикізат түрінде өндірілген табиғи газ дайын өнімге айналып, аммиак селитрасын өңдеу мақсатында түйіршіктеу технологиясы пайдаланылады. Бүгінгі таңда мұндай технология тек «ҚазАзот» кәсіпорнында қолданылады және оның баламасы жоқ.
Кәсіпорын өз өнімдерін еліміздің әр аумағына жеткізумен қатар экспортқа бағдарланған. Яғни жүргізілген жаңғырту жұмыстарының арқасында әлем бойынша минералды тыңайтқыштар нарығында бәсекеге қабілеті артты. Компанияның өнімдері Еуропа елдеріне, Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия және басқа да алыс, жақын шет мемлекеттерге экспортталады.
-
Тақырыпқа орай: «Қарапайым заттар экономикасы»: отандық білім беру саласындағы мемлекеттік қолдау
Зауыт кәсіптің аясын одан әрі кеңейтіп, технологияны дамыта беруге мүдделі. Осы мақсатта «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алуды жөн көрді.
«Мемлекеттің қаржылай қолдауы аясында анағұрлым төмен пайыздық мөлшерлемемен несие алуға мүмкіндік бар. Біз өз кезегімізде «БанкЦентрКредит» АҚ арқылы небары 6 пайызбен қаражат алдық. Несиенің қалған бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланады. Бұл ретте қарыздың негізгі сомасын қайтару бойынша 24 айға дейін демалыстың берілуі көп көмек болды. Осындай тетіктердің арқасында бейтараптандыру және қалдық бөлімін салуға қатысты инвестициялық жобамыз сәтті жүзеге асты», — дейді «ҚазАзот» АҚ Бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Елена Биалиева.
Сөйтіп, «БанкЦентрКредит» АҚ бас кеңсесінде мақұлданған инвестициялық жобаға бөлінетін сома көлемі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорында қаралып, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде мақұлдаудан өткен соң «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының тізбесіне қосылды.
Соның нәтижесінде «ҚазАзот» 7 миллиард теңгелік жобаны қолға алып, осы жылдың мамыр айында тағы бір бөлімнің жұмысын іске қосты. Енді бу қоршаған ортаға мүлде шығарылмайды. Ол технологиялық процесске қайта оралып, өңделеді. Бұл өз кезегінде кәсіпорынның қуаттылығын 20%-ға арттырды.
Осылайша, «ҚазАзот» мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп, өнімділікті арттырып, экспорттық көлемді ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашып келеді. Сол арқылы елдің экономикасын өркендетуге сүбелі үлес қосуда. Экологияны қорғап, қоршаған ортаға кері әсер тигізбеуді де басты назардан қалдырған емес.
Айта кетейік, «Қарапайым заттар экономикасы» халық тұтынатын әлеуметтік маңызды тауарлардың импортын алмастыру үшін жасалған. Бағдарлама өңдеуші өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлерді қолдап, бәсекелестікті күшейтіп, отандық өнімді дамытуға бағытталған. Ең бастысы, еліміздің импортқа деген тәуелділігін жою болып табылады.
-
Тақырыпқа орай: «Қарапайым заттар экономикасы»: Отандық сүт өнімдері нарықты жаулай бастады
Қазір бағдарламаға 10 ірі банк пен Аграрлы несие корпорациясы қатысуда. Аталған бағдарламаны қаржыландыру Ұлттық Банктің еншілес ұйымы болып табылатын – «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ арқылы белсенді түрде іске асырылып келеді.
Бағдарлама аясында банк беретін несие пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Осылайша, отандық кәсіпкерге жаңа іс бастауға немесе қолда бар өндірісті кеңейтуге мүмкіндік жасалған.
Қазақстанның орнықтылық қоры «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының арнайы сайтын да іске қосқан болатын. Онда бағдарламаға қатысты толық мағлұматтар мен несиелеу шарттары, қажетті мерзімге несие сомасын есептеуге арналған калькулятор бар.
#эпв #казазот
Источник: nege.kz