ЖАҢАЛЫҚТАР Бірнеше қалада белсенділер оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлинді еске алып, ас берді. Дәмханаларды полиция бақылаған
Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин. Бөлісу
Бірнеше қалада белсенділер оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлинді еске алып, ас берді. Дәмханаларды полиция бақылаған Бөлісіңіз
1 шілдеде Алматы, Астана, Шымкент, Қостанай және өзге қалаларда белсенділер оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлинді еске алып, ас берді. Бүгін саясаткердің дүниеден өткеніне 40 күн толды.
Белсенділердің айтуынша, сенбі күні ас өткен дәмханалар маңында полицейлер жүрген, ал Павлодар облысында Алматыдағы асқа бармақ болған бір белсенді қамалған.
"Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастама топ өкілі Бибігүл Иманғалиеваның айтуынша, Алматыда ас берілген дәмхана маңында жәй киім киген полицейлер жүрген. Олар көлікте отырып, шараны сырттай бақылаған.
"Негізі біз Қостанайда да жасаймыз деп жарияладық қой. Сол жақта брондап қойған дәмхананың өкілі кеше бізге ас өткізуден бас тартатынын хабарлады. "Администратор шатысып қалған екен, сол күнге басқа шара бар екен" деп "отказ" берді. Осыдан соң біздің сол жақтағы белсенді балаларымыз бір үйде бас қосып, дұғаларын оқып, атап өтті. Алматы, Шымкент, Астанада еске алу шарасы дәмханада болды. Алматыда бізге дәмханаға келіп, ешкім тиіскен жоқ. Алайда дәмхананың маңында жәй киім кигендер бізді бақылап отырды. Олар қазір полиция формасымен де жүрмейді" деді ол Азаттыққа.
Оның айтуынша, Жетісу аудандық әкімдігі дәмханаға "бақылау үшін" бір жігітті жіберген. "Алға, Қазақстанның" Телеграм-арнасында жарияланған видеода “әкімдік не үшін жіберді?” деген сұраққа өзін Жетісу ауданы әкімдігінің (Алматы қаласы) өкілі Аслан деп таныстырған жігіт жауап бермейді.
Алматыдағы ас кезінде белсенділер Жасарал Қуанышәлиннің оппозициялық белсенділігіне тоқталып, өмірінің соңына дейін "биліктің бітіспес оппоненті" болып кеткен саясаткердің қайраткерлігіне тоқталды.
"40 жыл билікпен алысу оңай емес. Екі-үш жылдың ішінде біз сыр бере бастадық. "Қойшы, біздің жеке сәйкестендіру нөмірін бұғаттап қояды", "бізді ұстап алады" деп әңгіме айтамыз. Ал ол 40 жыл бойы билікпен қырылысқан" деді асқа жиналғандардың бірі.
Бибігүл Иманғалиеваның айтуынша, Алматыдағы асқа қатысуға келмек болған Екібастұз тұрғыны Жанат Жамалиев 1 шілдеде 5 күнге қамалған. Оған әзірге қандай айып тағылғаны белгісіз. "БелсенділерЭкстремистЕмес" тобының мәліметінше, Жамалиев бұған дейін полицейлер үйінің маңын торуылдап жүргеніне шағымданған. Sud.kz сайтында 1 шілдеде оның соты өткені, істі судья Динара Менжанова жүргізгені жазылған. Алайда сот шешімі әлі жарияланбаған. Ақпаратқа қарағанда, Жамалиев аспен қатар марафоншы Марат Жыланбаевты қолдау шарасына да қатысқысы келген.
1990 жылдардан бері Қазақстанның саяси өмірінде белсенді күрескерлігімен көзге түскен қоғам қайраткері, көп жылын оппозицияда өткізген Жасарал Қуанышәлин 18 мамырда 74 жасында Алматыда қайтыс болды.
Жасарал Қуанышәлин 1994-1995 жылдары Қазақстан Жоғарғы кеңесінің депутаты болған. Кейін оппозицияға өтіп, түрлі ұйымның қатарында билік саясатын ашық сынап келді.
2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кетіп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған соң да, саяси өзгеріс болатынына сенбейтінін білдірді. Тоқаев билігі "саяси реформалардың бірі" деп атаған саяси партиялар туралы өзгеріс "көзбояушылық екенін дәлелдеу үшін" саяси партия құрып, тіркетуге тырысты. Алайда Жасарал Қуанышәлин тіркемек болған саяси партияны Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасынан кейін де түрлі себепті алға тартып, тіркемеді.
Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясы өкілдері Жасарал Қуанышәлиннің асында келесі аптада партияны тіркеуге 16-рет өтініш беретінін айтты.
Источник: www.azattyq.org