ЖАҢАЛЫҚТАР Бішкек: Қазақ-қырғыз шекарасында жағдай тұрақталып келеді
Қазақ-қырғыз бекетіндегі көлік кезегі. 24 тамыз 2023 жыл. Бөлісу
Бішкек: Қазақ-қырғыз шекарасында жағдай тұрақталып келеді Бөлісіңіз
Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдай тұрақталып қалғанын хабарлады.
Комитет екі ел шекарасындағы кейбір өткізу бекеттерінде көліктер кезегі ақырындап қысқарып келе жатыр деді.
"28 тамыздағы жағдай бойынша "Кен-Булун", "Чалдыбар", "Чон-Капка" өткізу бекеттерінде көліктер кезекте тұрған жоқ. Ал "Ақ-Тілек" өткізу бекетінде қазір шамамен 140 көлік тұр. Кеше, "Ақ-Тілек" бекетінен Қырғызстаннан 292 көлік шығып кетті" деп хабарлады қырғыз шекара қызметі.
Өткен аптада қазақ-қырғыз шекарасындағы "Кен-Булун" және "Ақ-Тілек" өткізу бекетінде жүк көліктерінің ұзын кезегі пайда болып, Қырғызстан тарабы қазақ шекарашылары күніне 5-6 машинаны ғана өткізіп жатқанын айтқан. Өткізу бекеттерінде 350-490 көлікке дейін тұрғаны айтылған.
Қазақстан ҰҚК-ның шекара қызметі өткізу бекеттерінде заңға қайшы әрекеттерді болдырмас үшін кешенді шара жүріп жатқанын мәлімдеген.
26 тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайды "екі ел арасында қалыптасқан серіктестік және бауырластық қарым-қатынас аясында реттеуді" тапсырған еді.
"Тауарларды шекара арқылы заңсыз тасымалдауға жол бермеу үшін цифрландыру мен автоматтандыруды неғұрлым белсенді енгізу мәселесі бойынша қырғыз тарапымен келіссөздерді жалғастыру қажет" деген Тоқаев.
Қазақ-қырғыз шекарасындағы кезек Жамбыл облысында су тапшылығымен тұспа-тұс келді. Жамбыл облысында шаруалар пайдаланатын судың 80 пайызы Қырғызстаннан келеді. Шекарадағы жағдай ушыққан шақта Қазақстан "су жібермей қойған Қырғызстанды жазалап жатыр" деген сөз де айтылды.
Источник: www.azattyq.org