ЖАҢАЛЫҚТАР Даниал Ахметов ШҚО әкімі қызметінен босатылды
Даниал Ахметов. Бөлісу
Даниал Ахметов ШҚО әкімі қызметінен босатылды Бөлісіңіз
Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметінен босатылды. Тиісті жарлық жұма күні таңертең Ақорда сайтында жарияланды.
15 маусымда Шығыс Қазақстан облысы әкімі қызметін 2014 жылғы қарашадан бері атқарған Даниал Ахметовтің өкілеті аяқталған. Дәл осы күні ол 69 жасқа толған.
Бұған дейін 16 маусымда таңертең Өскеменде мәслихат депутаттары ШҚО әкімі болуға кандидаттарға дауыс беретіні хабарланған. Жергілікті телеграм-арналар ШҚО әкімі қызметіне кім тағайындалуы мүмкін екенін жазып жатыр. Азаттық тілшісі дауыс беру сәтінен ақпарат таратуға тырысқан, алайда жұма күні таңертең облыстық мәслихат сессиясы өтеді деген ғимаратқа тілшіні "алдын ала тіркелмедіңіздер" деп кіргізбеді. Ғимарат сыртында ұлдарының өлімін әділ тергеуді көп жылдан бері талап етіп келе жатқан ерлі-зайыпты зейнеткер Тарасовтар пикет жасап тұрды.
Мемлекеттік басқару аппаратындағы ардагерлердің бірі делінетін Даниал Ахметов кейінгі кезде өзінің ұлы мен оған жақын кәсіпкерлердің бизнесіне қатысты зерттеуге байланысты дауға ілінген. 8 маусымда журналист Асхат Ниязовқа берген сұхбатында ол ұлының тендер ұтқан кәсіпкерлерге қатысы жоғын айтып, ықтимал заңсыздықтарды теріске шығарған.
Источник: www.azattyq.org