үй Қазақстан жаңалықтары Экономика ForteBank оған 82,6 миллиард теңге төлеп бермек. Өтемұратовқа НЕГЕ ешкім кедергі бола...

ForteBank оған 82,6 миллиард теңге төлеп бермек. Өтемұратовқа НЕГЕ ешкім кедергі бола алмады?

8
0


                ForteBank оған 82,6 миллиард теңге төлеп бермек. Өтемұратовқа НЕГЕ ешкім кедергі бола алмады?

Фото: Nege.kz

ForteBank 2022 жылды рекордтық табыспен аяқтады. Таза пайда – 98 миллиард теңге. 2 мамырдан кейін банк оның 82,6 миллиард теңгесін олигарх Болат Өтемұратовқа санап береді. Себебі банк акцияларының 84,32 пайызы Өтемұратовтың қолында.

Мемлекет Болат Өтемұратовтың дивиденд алуына шектеу қоя алмайтын болды. Себебі, ForteBank кезінде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры арқылы мемлекеттен көмек алса да, ол дивиденд төлеу шектелетін қаржы көздері қатарына кірмейді. BES.media порталының сауалына берген жауабында ҚНРДА осындай позиция ұстанған.

  • Өтемұратов пен ForteBank. Акционердің басына түскен іс НЕГЕ банкке әсер етпейді?

Өткен жылдың соңында ҚНРДА «Банктер туралы» заңға түзетулер енгізді. Онда қаржылық тұрақтылықты немесе сауықтыруды қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бюджеттен, Ұлттық қордан, Ұлттық банктен немесе оның еншілес ұйымдарынан қаражат алған банктерге қарыздарын өтеп біткенше дивиденд бойынша шектеулер қойылады. Бірақ, «Самұрық-Қазына» бойынша жүрген қаржы ол шектеулерге енбеген.

«ForteBank» АҚ балансында «Банктер туралы» Заңның 16-бабының 3-2-тармағына сәйкес оның қаржылық тұрақтылығын және (немесе) сауықтыруын қамтамасыз ету үшін алынған мемлекет қаражатының жоқтығын ескере отырып, «ForteBank» АҚ-ға шектеулер қолданылмайды», — деп жазылған, ҚНРДА жауабында.

Банктің 2022 жылдың 30 қыркүйегіндегі есебіне сәйкес, 2022 жылдың үшінші тоқсанында ForteBank балансында «Самұрық-Қазына» қорының қаражаты жатты. 2014 жылы қайта құрылымдау жүріп жатқанында Альянс Банк (артынан Темрбанкпен бірігіп, ForteBank деп аталды) қордан көмек алған болатын. Ол Қордың 220 миллиард теңгені банкке депозит ретінде 10 жылға, яғни 2024 жылға дейін 4 пайыз жылдық мөлшерлемемен орналастырылу арқылы жүрді. 2018 жылдың күзінде ForteBank осы депозитке айырбас ретінде 220 млрд теңгеге облигациялар шығарып, ол бағалы қағаздарды «Самұрық-Қазына» сатып алған еді.

«ForteBank» АҚ 2022 жылдың 9 айы бойынша қаржылық есебі

ForteBank алдағы мамыр айының басында акционерлердің жалпы жиналысын өткізеді. Сол кезде жылдық аудиттелген қаржылық есептілік бекітіліп, дивиденд төлеу мәселесі шешілетін болады. Банктің таза пайдасы 98 миллиард теңге болғандықтан, Болат Өтемұратовтың оның 82,6 миллиард теңгесін алуға құқығы бар.

«ForteBank» АҚ акционерлер тізімі. Дереккөз: kase.kz

Расымен де, биыл ForteBank жақсы жұмыс істеді. Негізгі табысты кредит беруден түскен проценттер құрады. Ол қаржылық есептілікте «проценттік табыс» деп аталады. Банк активтері 15%-ға өсіп, 2,8 триллион теңге болған. Несие портфелі 45%-ға өсіп, 1,17 триллион теңгеге жетті. Депозиттік портфель 16%-ға өсіп, 2 триллион теңге болды.

Банк 2022 жылы 2021 жылмен салыстырғанда өз пайдасын 53 пайызға арттыра алды. Сарапшылар ForteBank-тің жақсы өсуін оның басшылығына Бекжан Пірматовтың келуімен байланыстырады. Бекжан Пірматов – Ұлттық Банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың інісі және банк секторын өте жақсы білетін маман. Ол кредиттерді барынша көп берді және одан проценттік табыс түсірді.

«Кәсіби жұмыс істей отырып, біздің команда 2022 жылы нарықтағы бар мүмкіндіктерді пайдалана алды. Тәуекел деңгейін көтермей, біз банктегі сапалы клиенттер санының артуына қол жеткіздік. Бұл бизнестің барлық салаларында тамаша көрсеткіштер алып келді. Ол нәтижелерді рейтингтік агенттіктер де бағалады. Өткен жылы екі ірі халықаралық агенттік біздің несиелік рейтингімізді жоғарылатты», – деді «ForteBank» АҚ басқарма төрағасы Б.Пірматов.

Ия, шынымен де, 2023 жылдың наурыз айында S&P Global Ratings «ForteBank» АҚ рейтингі бойынша болжамын «тұрақтыға» дейін жақсартып, рейтингті «BB-/B» деңгейінде растап берген болатын Артынан Fitch Ratings банктің ұзақ мерзімді рейтингін «Тұрақты» болжамымен BB- деңгейіне дейін көтерді.

Бір сөзбен айтқанда, ForteBank – тұрақты қаржы институты және Болат Өтемұратовқа жыл сайын заңды түрде кем дегенде 70 миллиард теңге кэш әкеліп тұруға мүмкіндігі бар. Және «Жаңа Қазақстан» оған түсіністікпен қарайды. Бұдан артық не керек?

#fortebank #утемуратов #пирматов

Источник: nege.kz