ЖАҢАЛЫҚТАР Жеңілдікпен тіркелгісі келетін шетелдік көлік иелері "1 қыркүйекке дейін және кейін" деп бөлмеуді талап етті
- Нұртай ЛАХАНҰЛЫ
Шетелдік көліктерін жеңілдікпен заңдастыруды талап етушілер. Алматы, 17 шілде, 2023 жыл Бөлісу
Жеңілдікпен тіркелгісі келетін шетелдік көлік иелері "1 қыркүйекке дейін және кейін" деп бөлмеуді талап етті Бөлісіңіз
Бүгін Алматыда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының алдына шетелдік көліктерді заңдастыру науқына іліне алмаған көлік иелері наразылық жиынын өткізді. Олар "шетелден әкелінген көліктердің бәрін тіркеуге мүмкіндік берсін, 1 қыркүйекке дейін, одан кейін деп бөлмесін" деген талап қойды.
2022 жылы 1 қыркүйектегі жолдауында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда тіркелмей жүрген көліктерді жеңілдікпен тіркеп, заңдастыру туралы бастама көтерген. Тоқаев жеңілдікпен тіркеуге ілінетін көліктердің шегі ретінде өзі жолдау жасаған күн — 2022 жылдың 1 қыркүйегін көрсеткен. Бұл бастама бойынша, жеңілдікпен заңдастыру науқаны 2023 жылдың қаңтарында басталып, шілденің біріне аяқталған.
Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жасаған күні шетелден Қазақстанға беттегендер немесе алдын ала ақшасын төлеп, тапсырыс күтіп отырғандар жеңілдікке іліне алмай қалған.
Жиынға қатысқандар арасында көлігінің Қазақстанға қашан әкелінгенін білмейтіндер де бар. Алматы облысы Қарасай ауданының тұрғыны Алмасбек Измаханов 1994 жылы шыққан көлігін заңдастырғысы келеді, бірақ Қазақстанға қашан кіргені білмейді.
— 2022 жылы сатып алдым. Маған дейін бірнеше адамның қолынан өткен, бәрі де сақтандыру полисінсіз пайдаланған. Сол себепті көліктің Қазақстанға қай уақытта әкелінгенін анықтай алмай отырмыз. Міне, бірінші шілдеден бастап сақтандыру полисін күніне 1500 теңге төлеп жүрмін,- дейді Алмасбек.
Наразылық жиынына келгендердің бірі Ерболат Жұмағалиевтің көлігі Қазақстанға 2019 жылы Армениядан әкелінген. Ол да Қазақстан азаматынан сатып алған.
-Қолымыздағы құжатымызда Қазақстанға 2019 жылы әкелінгені көрсетілген. Бірақ кеден бақылауындағы деректерден көрінбей тұр. Сақтандыру полисі де жоқ,- дейді ол. Көлікті мүгедек қызын тасу үшін кредитке алғанын айтады.
Источник: www.azattyq.org