ЖАҢАЛЫҚТАР Жоғарғы сот Қаңтар оқиғасына байланысты айыпты деп танылған Жанмұрат Аштаевты ақтады
- Дилара ИСА
Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған үш белсенді. Солдан оңға қарай: Қайрат Сұлтанбек, Жанмұрат Аштаев және Ләззат Досмамбетова. Шымкент, 13 шілде, 2022 жыл. Бөлісу
Жоғарғы сот Қаңтар оқиғасына байланысты айыпты деп танылған Жанмұрат Аштаевты ақтады Бөлісіңіз
14 наурызда Астанада Жоғарғы сот Қаңтар оқиғасына байланысты сотталған Жанмұрат Аштаевтың кассациялық шағымын қарап, ақтап шығарды. Ал онымен бірге сотталған Досмамбетованың ісін рақымшылық заңына жатқызды.
"Шымкент қалалық соты мен әл-Фараби аудандық сотының Аштаев жөніндегі қаулысының күші жойылсын. Аштаевтың іс-әрекетінде Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-3 бөлігінде көзделген құқықбұзушылық болмауына байланысты іс тоқтатылсын. Аштаев қамаудан дереу босатылсын. Оның қылмыстық-процестік істі жүргізген органның заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген зиянды өндіруге құқығы бар деп танылсын” деді судья.
Аштаевтың әйелі сот қаулысын естігенде көзіне жас алып, бұл күнді көп күткенін, дәлелсіз айыпталғанын дәлелдеу ауыр болғанын айтты.
"Қуанышымды сөзбен жеткізе алмай тұрмын" деді ол Азаттыққа.
Сотқа белсендінің әйелі, адвокаты мен жақтастары қатысты. Түзеу мекемесінде техникалық мүмкіндік болмағандықтан, Аштаевтың өзі қатыса алмады.
16 қаңтарда Жоғарғы сот белсендінің ісін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы қаулы шығарған.
Аштаев – Шымкентте Қаңтар оқиғасына байланысты сотталып, қамауда болған жалғыз адам. Онымен бірге сотталған белсенді Қайрат Сұлтанбек рақымшылыққа ілініп, бостандыққа шыққан, ал Ләззат Досмамбетованың жазасын өтеу мерзімі кейінге қалдырылған.
Жоғарғы сот Қаңтар оқиғасы бойынша сотталған адамды алғаш рет ақтап отыр.
Жоғарғы сот Досмамбетованың ісін де рақымшылық заңына іліндірді. Жоғарғы сотқа арызды Аштаев пен оның қорғаушылары жазған. Қорғаушылар белсенділердің айыбын дәлелдейтін бірде-бір мәлімет жоқ екенін, үшеуі телефон арқылы сөйлескен сөздері үшін ғана сотталғанын алға тартып, әл-Фараби аудандық соты мен Шымкент қалалық соты қаулысының күшін жоюды, Аштаев пен Досмамбетованы ақтауды немесе рақымшылық заңын қолдануды сұрады.
Источник: www.azattyq.org