үй Қазақстан жаңалықтары Экономика Журналист Хасен Оралтайдың туғанына 90 жыл толуына орай «Азаттық радиосынан сөйлеп тұрмыз»...

Журналист Хасен Оралтайдың туғанына 90 жыл толуына орай «Азаттық радиосынан сөйлеп тұрмыз» атты кітап жарық көрді

0

ЖАҢАЛЫҚТАР Журналист Хасен Оралтайдың туғанына 90 жыл толуына орай "Азаттық радиосынан сөйлеп тұрмыз" атты кітап жарық көрді

Азаттықтың қазақ редакциясын ұзақ жыл басқарған Хасен Оралтайға 90 жыл толуына орай ұйымдастырылған ғылыми конференцияның материалдары және "Азаттық радиосынан сөйлеп тұрмыз" атты кітап. Алматы, 4 мамыр, 2023 жыл. Бөлісу

  Журналист Хасен Оралтайдың туғанына 90 жыл толуына орай "Азаттық радиосынан сөйлеп тұрмыз" атты кітап жарық көрді Бөлісіңіз

Азаттықтың қазақ редакциясын ұзақ жыл басқарған Хасен Оралтайдың туғанына 90 жыл толуына орай Алматыда "Азаттық радиосынан сөйлеп тұрмыз" атты кітап таныстырылды. Азаттық радиосының ардагеріне арналған ғылыми конференция өтіп, қала маңындағы ықшамауданда Хасен Оралтай атындағы көше пайда болды.

"Азаттық радиосынан сөйлеп тұрмыз" атты кітап Азаттық радиосының ардагері, журналист Хасен Оралтайдың туғанына 90 жыл толуына және Азаттық радиосының 70 жылдығына арнап дайындалған.

Кітапта Азаттықтың Қазақ қызметінің тарихы баяндалған және көп жыл бойы басшысы болған Хасен Оралтайдың жеке архивінде қағазға сақталған радиохабарлардың мәтіні берілген. Марқұмның архиві Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада сақталған.

4 мамырда Алматыда Хасен Оралтайдың туғанына 90 жыл толуына орай "Хасен Оралтай және ел тәуелсіздігі үшін қызмет етудің құндылығы" атты ғылыми конференция өтті. Оған Азаттық радиосында Хасен Оралтаймен бірге жұмыс істеген адамдар, көрнекті қоғам қайраткерлері, тарихшы ғалымдар және журналистің туыстары қатысты.

Конференцияда филология ғылымдарының докторы, абайтанушы Мекемтас Мырзахметов, тарихшы Мәмбет Қойгелді, жазушы, Азаттық радиосының бұрынғы қызметкері Смағұл Елубай, Азаттық радиосының бұрынғы директоры Чарльз Карлсон және тағы да басқа зиялы қауым өкілдері сөз сөйледі.

Олар Хасен Оралтайды "совет заманында империалистік идеяға қарсы күрескен қайраткер еді" деп еске алды.

– Сталин заманында Алаш азаматтарының үні өшірілді. Хасен аға сол үнді өшірмей, Азаттық радиосы арқылы Алаштың үнін жалғастырған сөз майданының батыры болды. Әкесі қан майданда қарумен жүздеген, мыңдаған адаммен күрескен болса, Хасен ағаның сөз майданы миллиондардың құлағына жетті. Ол күн сайын қызыл империяның әлімжеттік саясатының артын ашумен болды. Мінеки, сондықтан да біз бүгін осынау аруақты ардақтап отырмыз, – деді Смағұл Елубай.

Азаттықтың Қазақ редакциясын ұзақ жыл басқарған Хасен Оралтайдың 90 жылдығына арналған ғылыми конференция. Алматы, 4 мамыр 2023 жыл.

Ғылыми конференцияда жазушы Тұрсын Жұртбай, тарихшы Нәбижан Мұқаметханұлы, ақын Жұмаш Кенебай, бұрындары Азаттық радиосында тілші болған Досан Баймолда, Саясат Бейісбай және тағы басқа ғалымдар мен қоғам қайраткерлері баяндама жасады. Ғылыми-практикалық конференция материалдары да кітап ретінде басылып шықты.

Конференциядан кейін марқұмның құрметіне ас таратылды. Одан соң Алматы қаласындағы Өжет ықшамауданында Хасен Оралтай атындағы көшенің ашылу рәсімі өтті.

Хасен Оралтай 1933 жылы Қытайдың Тарбағатай аймағында туған. Әкесі Қалибек Хәкім Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының бірі болған.

Хасен Орталтай – 20-ғасырдың 40-жылдары Қытайдың Шыңжаң өлкесінен Түркияға ауған мыңдаған қазақтың бірі. Ол Түркияда тұрғанда қазақ халқының азаттығы жолында күрескен Алаш азаматтарының үлгісімен газет, журнал, кiтап шығарумен айналысқан. Хасен Оралтай Азаттық радиосында 1968 жылдан 1995 жылға дейін қызмет еткен.

Оның соңғы жеті жылында Азаттық радиосы Қазақ бөліміне жетекшілік еткен.

Ол Азаттықта жұмыс істеген 27 жылда советтік бұғаудағы қазақтың өзекті мәселелерін көтерумен болды. Қазақстан халқына еркін де, бейтарап ақпарат жеткізуге тырысты.

Хасен Оралтай 2010 жылы 14 сәуірде Германияда қайтыс болған.

Источник: www.azattyq.org

Exit mobile version