үй Қазақстан жаңалықтары Экономика Күйген Jusan иісі. НЕГЕ «Jusan bank» даулы дивидендтерді төлеуден тартынып отыр?

Күйген Jusan иісі. НЕГЕ «Jusan bank» даулы дивидендтерді төлеуден тартынып отыр?

18
0


                Күйген Jusan иісі. НЕГЕ «Jusan bank» даулы дивидендтерді төлеуден тартынып отыр?

Фото: Nege.kz

«Jusan bank» қазанның 28-29 күндері акционерлерін жинап, дивиденд төлеу бойынша шешім шығарып, қожайындарына дивиденд аударуы тиіс еді. Белгісіз себептермен, ол жиналыс кейінге қалдырылды. Ресми себеп – кворум жоқ.

Оның алдында «Jusan bank» 2021 жылдың және өткен жылдардың үлестірілмеген таза кірісін акционерлеріне дивиденд ретінде төлеуге шешім қабылдаған болатын. Осы мақсатта акционерлердің ортақ жиналысы 28 қазанға қойылған еді. Бірақ банк кворум болмағандықтан, жиналысын өткізе алмады және ол жаңалықты Қазақстан қор биржасында жариялады.

Дәл осы отырыста әр акцияға 1042 теңгеден, жалпы алғанда акционерлерге 136,8 миллиард теңге төленуі керек еді. Кейбір ақпарат құралдары дивидендтердің көлемі 172 миллиард теңге деп жазып жүр. Бұл ақша қайдан келді? Банк 2021 жылы тек 16,5 миллиард теңге таза пайда көрген. Қалғаны – өткен жылдардың үлестірілмеген пайдасы. Бірақ ол ақшаны әу баста акционерлер банктің цифрлік экожүйесін дамытуға инвестициялаймыз деген болатын. Енді ойларынан айнып, өздеріне алып алуға асығып отыр.

2021 жылдың қортындысы бойынша «Jusan bank» АҚ акционерлер тізімі. Дереккөз: KASE

2021 жылдың қаржылық есебіне сай «Jusan bank» акционерлік қоғамына екі тарап иелік етеді.  Банк акцияларының 78,73 пайызы «First Heartland Securities» қолында. Ал 20,11 пайыз акциясын Ғалымжан Есенов ұстап отыр.

  • Банкті барынша сорып алайық. «Jusan bank» акционерлері НЕГЕ мемлекетті «лақтыруға» дайындала бастады?

Акционерлерге қатысты детективті, шытырман оқиғалар жүріп жатыр. Жақында банк өзінен-өзі «біздің Нұрсұлтан Назарбаевқа еш қатысымыз жоқ» деп мәлімдеді.

Мұның алдында «Jusan bank» болсын, оның негізгі қожайыны – «First Heartland Securities» акционерлік қоғамы болсын, қаржылық есептерінде, банктің түпкі қожайыны «Назарбаев фонд» жеке қоры деп ашық жазылып келген еді. Мысалы, «Jusan bank» АҚ 2019 жылдың қаржылық есебінде Назарбаев қоры көрсетілген. Ал «Назарбаев фонд» жеке қорының жалғыз құрылтайшысы – Қазақстан Республикасының азаматы Нұрсұлтан Назарбаев.

Кенеттен, Назарбаев қорларының бәрі жоқ болып кетіп, АҚШ-тың Невада штатында тіркелген «NU Generation Fund» деген қор пайда болады. Сондықтан, енді ресми түрде Назарбаевтың банкке қатысы жоқ.  

  • Jusan bank «национализациясы». Банк НЕГЕ болашақта мемлекетке қайтуы мүмкін?

НЕГЕ жұрттың бәрі Jusan bank-тің дивидендіне қадалып отыр? Оқырманда «Ол жеке банк ретінде кімге не берерін өзі шешпей ме?» деген сұрақ туындауы мүмкін.

Оның себебі бар. Jusan bank мемлекеттен 1,5 триллион теңге көмек алған және оны көпке созбай қайтарамыз деген уәдесі бар. Бірақ таза пайдасын мемлекетке беріп, ақырындап қарыздан құтылудың орнына олар ақшаны акционерлеріне бермек. Ал мемлекет қашан өз ақшасын қайтарады? Ол жағы белгісіз.

Егер таза пайдасын мемлекетке бермесе, ақшаны былайша қайтара алмайтыны көрініп тұр. Себебі, 2021 жылдың қортындысы бойынша «Jusan bank» активтері 2,6 триллион теңгеге жетіп тұрды. Оның ішіндегі ақша және оның эквиваленттері 900 миллион теңгеден, ал клиенттерге берген кредиттері 700 миллиард теңгеден асты. Бірақ банктің 2,1 триллион теңгеге міндеттемелері бар.

#jusan #fhs #nu

Источник: nege.kz