үй Қазақстан жаңалықтары Экономика Мәслихат НАШ! Алматы әкімдігі НЕГЕ құрылыс лоббиінің тұзағына ілінді?

Мәслихат НАШ! Алматы әкімдігі НЕГЕ құрылыс лоббиінің тұзағына ілінді?

25
0


                Мәслихат НАШ! Алматы әкімдігі НЕГЕ құрылыс лоббиінің тұзағына ілінді?

Фото: Nege.kz

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ірі қаржылық топтардың лоббиіне, шешім қабылдауына қатысты пікір білдіріп, лоббиді заң аясында реттеуді ұсынды. Ал дәл осы кезде, онсыз да зор болып тұрған құрылыс компанияларының лоббиі еселеп күшеймек. Олардың бірнеше белсенді мүшесі Алматы Мәслихатының депутаттығына өтіп алды. Төмен пайыздық ипотекалық бағдарламалар нарықтан кетіп жатқанда, құрылысшылар жаңа жол іздеп жатыр. Ол қандай жол?

Алматы Мәслихаты биылдан бастап құрылысшылар мекеніне айналды. Депутаттыққа өткендер ішінен кем дегенде төртеуі – құрылыс бизнесінің белсенді мұшелері. Мысалы, Ералы Сауранбаев — Құрылыс саласы Одағының төрағасы, әрі «SHEBERBUILD» құрылыс компаниясының қожайыны. Мұрат Өтемісов «Kusto Group» құрылыс компаниясының өкілі. Ал Әміржан Нәбиев «Атрикс-Строй» құрылыс компаниясының бас директоры. Төртінші депутат — Болат Ибрагимұлы «Qazaq Stroy» құрылыс компаниясының атқарушы директоры болып табылады.  

  • Тақырыпқа орай: «Қуат» осылай құлаған. «BI Group», «Базис» сынды құрылыс алпауыттары НЕГЕ қаржылық жағдайын жасырып отыр?

Мәслихат – Алматы әкімдігінің шешімдеріне тікелей ықпал ете алатын орган. Қоғамдық ұйымдар, халық өкілдері Алматыдағы ұлтарақтай жерге салынып жатқан нүктелік құрылысқа қарсы шығып, біршама құрылыстың жүруін қиындатқан болатын. Халық талабына Алматы әкімдігі де құлақ асуға мәжбүр болды. Енді құрылысшылар Мәслихатты өз бақылауына алғандықтан, Алматыда осы бағытта жағдай ушықпақ.

Алматыдағы RAMS компаниясы туғызған жағдай. Фото: facebook.com/savealmaty

«Құрылыс саласындағы жағдай шынымен де қиын. Соңғы 3-4 айда, тіпті, ресми статистикаға жүгінсек, халықтың кірісі шамамен 10 пайызға төмендегенін көріп отырмыз. Бұл өте үлкен құлдырау», — дейді, «Ұлағат Консалтинг групп» директоры, экономист Марат Қайырленов. Оның айтуынша, мұндай жағдайларда жылжымайтын мүлік бағасының төмендеуі мүмкін.

«Екінші жағынан, құрылыс – еліміздегі экономиканың маңызды локомотивтерінің бірі екенін бәрі де түсінеді. Ол жерде көп адам жұмыс істейді. Құрылыста да, құрылыс материалдарын өндіруде де. Сондықтан құрылыс компаниялары әлеуметтік тұрақтылық мәселесін алға тартып, билікке қысым көрсетіп отыр. Әрине, олардың баяғыдай құрылыс көлемін азайтпау үшін лоббиді күшейтетіні түсінікті. Бірақ бағалар төмендеуі керек. Иә, құрылысшылар соңғы жылдары жылына 18 миллион шаршы метрден үй тұрғызып келді, бірақ сапа төмендеп кетті»

Мәслихатты жаулап алған құрылысшылар мемлекеттік қаржыға ауыз салуын тоқтатпады. Мысалы, жеңіл ипотекалық бағдарламалар қысқарып жатқандықтан, олар мемлекеттік «Отбасы банкімен» келісімге келіп, оның ипотекалық бағдарламасы аясында өз үйлерін сата бастамақ. Сарапшылардың ойынша, ипотеканың көптігінен халық ештеңе ұтпады. Тек құрылыс компаниялары өз қолтасын томпайтты және бағаларды бірнеше есе қымбаттатып жіберді. Нәтижесінде қазіргі жағдайға келіп отырмыз: ипотека қанша жеңіл болса да, үй бағасының қымбаттығынан ай сайынғы төлем мен алғашқы жарнаны халықтың қалтасы көтермейді.

  • Тақырыпқа орай: Close book. Айдын Рахымбаев НЕГЕ уәдесінде тұра алмады?

Мәслихатқа еніп алған құрылыс компаниясы өкілдері Алматы бюджетіне қол жеткізіп отыр. Бұл өте қауіпті. Сарапшы Расул Рысмамбетов осы жағдай Алматыны қала ретінде құртуы мүмкін деген пікірде.

Егер Қазақстан әділетті курс алып, ірі қаржы топтарының лоббиін заң аясында бақылағысы келсе, құзырлы органдар Алматы Мәслихатының ендігі шешімдерін жіті назарда ұстау керек. Егер Мәслихаттағы құрылысшылар урбанистика, бас жоспар, бюджет бөлу мәселесіне араласа бастаса, олар мұнда халықтың қамы емес, өздерінің қалтасы үшін келді деген сөз.

#алматы #мәслихат #құрылыс

Источник: nege.kz