ЖАҢАЛЫҚТАР Полиция Қаңтар кезінде"жоғалып кеткен" Өзбекстан қазағына байланысты істің мән-жайын айтудан бас тартты
- Мейірім БАҚЫТЖАН
Райымбек даңғылымен Әшімов көшесіне қарай шеруге шыққан демонстранттар. Алматы, 5 қаңтар 2022 жыл. Бөлісу
Полиция Қаңтар кезінде"жоғалып кеткен" Өзбекстан қазағына байланысты істің мән-жайын айтудан бас тартты Бөлісіңіз
Алматы қалалық полиция департаменті Қаңтар оқиғасы кезінде уақытша ұстау изоляторына қамалып, кейін із-түзсіз жоғалып кеткен Өзбекстан қазағы Мақсет Қанатбаевқа байланысты істің мән-жайын айтудан бас тартты. Алматы полициясы Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына (Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) сілтеп, Азаттық сұрақтарын жауапсыз қалдырды.
Алматы прокуратурасы бұл істі 4 сәуірден бері қалалық полиция департаменті тергеп жатқанын хабарлаған.
Істегі жәбірленуші Мақсет Қанатбаевтың өкілі, әрі "Халықаралық құқықтық бастама" қорының заңгері Амангелді Шорманбаев полиция департаментінің істі объектив тергейтініне сенбейді. Оның болжамынша, "Мақсет изоляторда өлтіріліп, мәйіті бір жаққа лақтырып тасталған" болуы мүмкін.
– Заңда «мүдделер қайшылығы» деген ұғым бар. Полиция қызметкері жасаған қылмысты полицияның өзіне тергету мүдделер қайшылығын тудырады. Олар бір-біріне жауапкершіліктен құтылуға жағдай жасайды. Сол үшін қылмысты ашуға, объектив тергеу жүргізуге мүдделі болмай отыр, — деді Шорманбаев Азаттыққа.
Азаттық жолдаған «мүдделер қайшылығы», «объектив тергеу» туралы сұрақтарына Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғали Заппаров жауап бермеді. Ресми жауапта тергеу жалғасып жатқанын, қалған мәлімет тергеу құпиясы екенін жазған. «Істе күдікті бар ма?» деген сұрақ та жауапсыз қалған.
Алматы полиция департаменті кейінгі кезде жәбірленушінің өкілі Шорманбаев жолдаған сауалдарды да жауапсыз қалдырған.
– Хаттарымызға жауап бермейді. Не бітіріп жатқандарын, тергеу қалай жүріп жатқанын айтпайды, — дейді ол. Іс ашық тергеліп жатыр, құпия белгісі жоқ.
Енді "Халықаралық құқықтық бастама" қоры Қазақстан билігінің бұл істі тергеуде немқұрайлық танытқаны үшін БҰҰ-ның Адам құқығы комитетіне шағымданбақшы.
Мақсет Қанатбаевтың жоғалып кетуіне байланысты қозғалған істі бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тергеді. Алайда былтыр желтоқсанда іс «дәлелдеме мен күдіктінің табылмауына байланысты» тоқтатылған. Кейін сот шешімімен істі тергеу қайта жалғасқан.
32 жастағы Мақсет Қанатбаевты 6 қаңтарда Алматы полициясы уақытша ұстау изоляторына қамаған. Оның изоляторға кіргені туралы дерек бар. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, Қанатбаев 12 қаңтарда изолятордан шығарылған. Алайда оның мекемеден шыққаны туралы дәлел жоқ.
Источник: www.azattyq.org