үй Қазақстан жаңалықтары Экономика ШҚО-да полиция алтын фабрикасына қарсы шыққан Маралды ауылының тумасын ұстап, кейін босатқан

ШҚО-да полиция алтын фабрикасына қарсы шыққан Маралды ауылының тумасын ұстап, кейін босатқан

11
0

ЖАҢАЛЫҚТАР ШҚО-да полиция алтын фабрикасына қарсы шыққан Маралды ауылының тумасын ұстап, кейін босатқан


ШҚО-да полиция алтын фабрикасына қарсы шыққан Маралды ауылының тумасын ұстап, кейін босатқан

Алтын фабрикасына қарсы шыққан Маралды ауылының тумасы, Өскемен тұрғыны Тоқтасын Нәбиев. Өскемен, 27 шілде 2023 жыл. Бөлісу

  ШҚО-да полиция алтын фабрикасына қарсы шыққан Маралды ауылының тумасын ұстап, кейін босатқан Бөлісіңіз

Кеше, 27 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылының тумасы Тоқтасын Нәбиевті полицейлер Өскемендегі үйінен алып кетіп, облыстық полиция департаменті ғимаратында үш сағат тергеп, кейін босатқан. Полицейлер 19 шілдеде Маралды ауылында болған жанжалға қатысты "Жаппай тәртіпсіздік» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, куәгерлерді шақырып жатқанын айтқан. Бұл жөнінде Азаттыққа Нәбиев пен Маралды ауылының тұрғындары хабарлады.

Өскеменде тұратын Нәбиевтің Азаттыққа айтуынша, полиция оған бір жылдан бері алтын фабрикасын салуға наразы болып келе жатқан Маралды ауылының халқын "WhatsApp желісі арқылы заң қызметкерлеріне бағынбауға шақырдың" деген.

– Мемлекетке қарсы шығып, заңды бұзыңдар деген үндеу жасаған жоқпын деп айттым, – деді тұрғын.

Нәбиевті полиция департаменті ғимараты алдында оннан астам ауылдасы тосып алды. Жиналғандар сол жерде облыстық полиция департаменті басшысына видеоүндеу жолдап, ауыл адамдарына "қысымды" тоқтатуды талап етті. "Адамды арнайы шақырту қағазынсыз ұстауға болмайды" деді.

Жиналған жұрт "19 шілдеде болған жанжалда халыққа қысым көрсеткендерді тауып, жазалау керек" деді. Бұдан бөлек, олар жанжалға қатысты халық ұжым болып түсірген арыз "қаралмай жатқанын", ауыл адамдарына органдар тарапынан "қысым күшейгенін" айтты.

Жиналғандар арасынан екі адам полиция ғимаратына, департамент басшысымен кездесуге кіріп шықты.

– Күршім аудандық полиция бөлімінде "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын білдік. Полицейлер барлық арыз-шағым, соның ішінде ауыл адамдарының да арызы қаралып, осы тергеп-тексеру басталғанын түсіндірді, – деді департамент ғимаратынан шыққан Сафура Баяндинова.

Азаттық Маралдыдағы оқиғаға қатысты қозғалған қылмыстық іс және Нәбиевтің ұсталуы туралы толығырақ ақпарат сұрап, облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысына сауал жолдады, әзірге жауап келген жоқ.

Тоқтасын Нәбиевті полиция ғимараты алдынан тосып алуға жиналған Маралды тумалары. Өскемен, 27 шілде 2023 жыл.

19 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы Маралды ауылында жанжал болған. Сол күні халық алтын қазатын компания қоғамдық тыңдау өткізеді деп жиналған, бірақ компания қоғамдық тыңдау уақытын кейінге шегерген.

Халық сол күні алтын фабрикасын салатын компания аумағында "белгісіз адамдар" пайда болғанын, олар "тұрғындарға күш көрсеткенін" айтқан. Тұрғындар "фабриканың күзетінде Күршім ауданында тұратын, халық танитын адамдар істейді, ал бұл келгендер басқа, бұлар — бандит" деді.

Ал фабрика құрылысын жүргізіп жатқан "ВСАМ Продакшн" компаниясының басқарушы директоры Марат Аусабаев сол оқиға жөнінде "тұрғындар компанияға шабуылдап, күзетшілерді соқты" деген.

ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиға болған күннің ертеңінде Азаттыққа жағдайдың мән-жайы тексеріліп, құқықтық шешім қабылданатынын мәлімдеген.

Маралды ауылының төңірегінде алтын өндіретін фабрика салу мәселесіне байланысты былтырдан бері бірнеше рет қоғамдық тыңдау өтіп, жергілікті тұрғындар қарсылығын білдірген. Олар "алтын шаятын қоспалар экологияны ластап, өзенді былғайды" деп есептейді. Компания оны жоққа шығарып, жұмысты талапқа сай істейтінін айтқан.

Маралды тұрғындары зауыт салдырмау үшін бірнеше рет президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдаған. Биыл үкімет фабрика жұмысы уақытша тоқтатылғанын, тек тәжірибелік-өнеркәсіптік мақсатта алтын өндіріліп жатқан хабарлаған.

Маралды ауылының іргесінде Maralicha және Maralicha-Gold деген тау-кен кәсіпорындары жер қойнауын барлап жатыр. Ал "ВСАМ Продакшн" компаниясы сол жерге алтын өндіретін фабрика салуды көздейтіні туралы ақпарат тараған.

Азаттық фабрика салатын компания иелерінің бірі, кәсіпкер Айдын Рамазановтың Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметінен таяуда босаған Даниал Ахметовтің ұлымен бизнес-серіктес екенін анықтаған.

Источник: www.azattyq.org