үй Қазақстан жаңалықтары Экономика Сот моральдық өтемақы талап еткен Қаңтарда жақындарынан айырылған азаматтардың өтініштерін орындамады

Сот моральдық өтемақы талап еткен Қаңтарда жақындарынан айырылған азаматтардың өтініштерін орындамады

19
0

ЖАҢАЛЫҚТАР Сот моральдық өтемақы талап еткен Қаңтарда жақындарынан айырылған азаматтардың өтініштерін орындамады


Сот моральдық өтемақы талап еткен Қаңтарда жақындарынан айырылған азаматтардың өтініштерін орындамады

Қаңтар кезінде қару кезеніп тұрған әскери қызметкерлер. Бөлісу

  Сот моральдық өтемақы талап еткен Қаңтарда жақындарынан айырылған азаматтардың өтініштерін орындамады Бөлісіңіз

2 тамызда Астана қаласының Есіл аудандық соты моральдық өтемақы талап еткен Қаңтар кезінде жақындарынан айырылған азаматтардың өтініштерін кері қайтарды. Бұған дейін Қаңтар оқиғасы кезінде жазықтан-жазықсыз оққа ұшқан 18 жастағы Нұрлыбек Тұраровтың анасы Ғалия Бақытжанова, оққа ұшқан Амангелді (құжат бойынша Омонгелді – З.Ә) Жарақашовтың әйелі Гүлзира Нәдірова, Қаңтарда қаза болған Марат Мұсабековтің әйелі Айнаш Смағұлова, оққа ұшқан Дархан Пірмановтың әкесі Әлихан Пірманов қаржы министрлігі үстінен шағым түсіріп, моральдық өтемақы талап еткен. Алайда осы аптада сот олардың өтінішін қанағаттандырмады.

Шағым түсірушілердің өкілі Зоя Әбілдина шешімді заңсыз деп санайды және жуырда апелляцияға беретінін айтты.

"Заң бойынша, кінәлілер анықталған кезде моральдық өтемақы кінәлі тұлғадан өндіріп алынады. Ал нақты жағдайда аталған азаматтардың жақындарын өлтіргендер жауапкершілікке тартылған жоқ. Мемлекет оларды [оқ атқандарды] ақтады. Қозғалған қылмыстық істер "қылмыс құрамы болмағандықтан" тоқтатылған. Мемлекет оларды ақтады екен, демек жәбірленушілерге моральдық өтемақы төлеу міндетін де мойнына алуы керек қой" деді ол 3 тамызда Азаттыққа.

Оның айтуынша, моральдық өтемақы шығындары үкімет резерві есебінен толтырылуы тиіс, ал бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі қаржы министрлігі болғандықтан шағым сол министрлік үстінен түсірілген.

Зоя Әбілдинаның сөзіне қарағанда, сот кезінде қаржы министрлігінің заңгерлері "моральдық өтемақы мұрагерлік құқыққа кірмейді, себебі бұл азаматтардың жеке тұлғасымен байланысты" деген.

"Шынымен де Азаматтық кодексте мұрагерлік құқық туралы бап бар. Алайда нақты жағдайда оны пайдалануға болмайды, себебі бұл адам өлтіру қылмысымен байланысты. Мемлекет моральдық өтемақыны беруі тиіс" деді ол.

"Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина да сот шешімін сынап, "сонда қазақстандықтардың өмірі құнсыз болғаны ма? Азаматтардың өмір сүру құқығы ше?" деп жазды.

Азаттық сотқа қатысқан қаржы министрлігінің заңгерлеріне хабарласқан кезде олар бар сұрақты қаржы министрлігінің баспасөз қызметіне қоюды сұрады. Қаржы министрлігінің баспасөз қызметінен әзірге жауап алу мүмкін болмай тұр.

Ақпаратқа қарағанда, Қаңтарда қаза болғандардың туыстары сотқа шағымды жеке-жеке түсірген. Алайда сот "жүктеме көп болғандықтан және өзге себептерге байланысты" істі бір өндіріске біріктірген. Шағым берушілердің әрқайсысы соттан моральдық өтемақы ретінде 30 млн теңге өндіріп беруді талап еткен.

Қаңтар кезінде оқ жарақатынан қаза болған Пірманов пен Мұсабековтің үстінен тергеу органдары "жаппай тәртіпсіздік" бойынша қылмыстық іс қозғаған, кейін дәлел таппай істі тоқтатқан.

Бейбіт басталып, соңы дүрбелеңге ұласқан Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда кемі 238 адам қаза тапты. Құқық қорғаушылардың айтуынша, қаза болғандардың өліміне қатысты қозғалған қылмыстық істердің көбі "қылмыс құрамы болмағандықтан" тоқтатылған. Маусым айында "Ескертусіз қасақана оқ ату" атты есебін жариялаған құқық қорғаушылар Қаңтар кезінде азаматтардың өмір сүру құқықтары бұзылғанын айтып, адам өлімі туралы тоқтатылған және "құпия" деп танылған істердің бәрін ашуды және бейбіт халыққа заңсыз күш қолданған құқық қорғау органдары өкілдері мен әскери қызметкерлерді жауапқа тартуды талап еткен. Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасын халықаралық дәрежеде зерттеу туралы ұсынысты кері қайтарған.

Источник: www.azattyq.org