үй Қазақстан жаңалықтары Экономика Теңгеден рубль құралады. Назарбаевтың Ресейдегі бизнесі НЕГЕ табыс әкеле бастады?

Теңгеден рубль құралады. Назарбаевтың Ресейдегі бизнесі НЕГЕ табыс әкеле бастады?

11
0


                Теңгеден рубль құралады. Назарбаевтың Ресейдегі бизнесі НЕГЕ табыс әкеле бастады?

Фото: Коллаж NEGE

«Назарбаев фонд» жеке қорының иелігіндегі Ресейдің «Азия-Тынық мұхит банкі» 2022 жылды табыспен аяқтап, биылдың бірінші тоқсанында да жақсы нәтижелер көрсетті. «Жаңа Қазақстан» Jusan банкті қысып, «жанын мұрнының ұшына әкеліп» жатса, «Ескі Ресей» керісінше, Нұрекеңе майдай жақты. Бірінші президенттің ондағы банк бизнесі де өрлей бастады.

Нұрсұлтан Назарбаевты «банк бизнесінің академигі» десе болады. Қазақстаннан маза кете бастағаннан кейін, оған қарасты «Pioneer Capital Invest» компаниясы 2021 жылы Ресейдің «Орталық Банкі» өткізген аукционға қатысып, «АТБ Банкті» (Азия-Тынық мұхит банкі) 193 миллион долларға сатып алған болатын.

Фото: amur.life

Сол кезде «Pioneer Capital Invest» директорлар кеңесінің төрағасы болған Данияр Әкішев Назарбаев сатып алған жаңа банктің директорлар кеңесін басқаруға өтті де, Мәскеуге қоныс аударды. Данияр Әкішевті сіз бен біз жақсы білеміз. Данияр Талғатұлы – экс бас банкир, 2015-2019 жылдары Ұлттық Банкті басқарған еді.

Данияр Әкішев. Фото: inbusiness.kz

Біраз уақыт өткеннен кейін, Азия-Тынық мұхит банкі «Pioneer Capital Invest» компаниясынан «Назарбаев фонд» жеке қорының иелігіне ресми түрде ауысты. Бұл қорды Назарбаевтың тағы бір сенімді өкілі Аслан Сәрінжіпов басқарады.

  • «Жаңа Қазақстанда» енді орын жоқ. Назарбаев НЕГЕ Ресейдің банк секторына кетті?

Азия-Тынық мұхит банкі негізінен Ресейдің шығыс бөлігінде, яғни Қытаймен шектесетін аумақтарында қызмет етеді. Дәл осы банк Ресейге санкция салынбай тұрып та, юаньмен жақсы жұмыс істей бастаған болатын. Ал санкция, параллельді импорт жағдайында «АТБ Банк» дәурені жүре бастады.

  • Кимге «Жаңа Қазақстан» қызық емес сияқты. Бұлар НЕГЕ Ресейге қарап «ұлып» отыр?

2021 жылы банкроттыққа ұшырап, Ресей Орталық Банкінің арнайы оңалту процедурасынан өткен банкті сатып алғанда Назарбаев біраз шығынданған еді. Есесіне, 2022 жылы банк 325,3 миллион рубль немесе 1,5 миллиард теңге таза табыс әкелді.

АТБ Банк 2022 жылдың қаржылық есебі

Азия-Тынық мұхит банкінің биылғы табысы одан да зор болайын деп тұр. Бірінші тоқсанның қортындысы бойынша банк 625 миллион рубль немесе 3 миллиард теңге табысқа шықты. Дәл осылай жалғаса беретін болса, Нұрсұлтан Назарбаев банкті сатып алуға кеткен 200 миллион долларды 3-4 жылда ақтап алмақ.

Назарбаевқа қарасты қаржыгерлер аукционда Азия-Тынық мұхиті банкі үшін соңына дейін күрескен еді. Бұл таласта олар «Промсвязьбанк», «Совкомбанк» сынды банктерді артта қалдырды. Енді міне, осы нәтижелі жұмыстың жемісін көре бастады.

#АТББанк #Акишев #Назарбаев

Источник: nege.kz