ЖАҢАЛЫҚТАР "Әуежайды басып алу ісі" бойынша сотталғандардың адвокаттары мен жақтастарын апелляциялық сотқа кіргізбеді
- Мәншүк АСАУТАЙ
"Әуежайды басып алу" ісі бойынша аппелляциялық сотқа кіре алмай тұрғандар. Алматы, 19 қыркүйек, 2023 жыл Бөлісу
"Әуежайды басып алу ісі" бойынша сотталғандардың адвокаттары мен жақтастарын апелляциялық сотқа кіргізбеді Бөлісіңіз
Бүгін, 19 қыркүйекте Қаңтар оқиғасы кезінде "Әуежайды басып алу ісі бойынша" сотталғандардың шағымын қарайтын Алматы қаласындағы апелляциялық сот даумен басталды.
Алдын ала тараған хабарға қарағанда, сот отырысы сағат 15-те, сотталушылардың өкілдерінің тікелей қатысуымен өтетін болған. Сот отырысына келген адамдар көбейген кезде сот онлайн режимде өтетіні хабарланып, сотталушылардың туыстары, адвокаттары мен белсенділер наразылық білдірді.
Сот алқасның төрағасы Ержан Дәулиевтің сөзінше, апелляциялық соттың онлайн өтетіні барлық қатысушыға хабарланған.
Судьяның сөзіне қарағанда, апелляциялық сотқа шағым түсірген белсенділердің бірі Әйгерім Тілеужан камерадан шығудан бас тартқан.
Сот ғимаратының алдында тұрған адвокаттардың екеуі ZOOM арқылы сот процесіне қосылса, тағы үш-төрт адвокат қосыла алмай, сот залына кіргізуді талап етті. Олар сот ісін бұлай жүргізу заңға қайшы деп санайды. Адвокаттардың сөзінше, сот залындағы дыбыс бірде естілсе, бірде естілмейді.
Сотқа Рысбек Сәрсенбай, Зәуреш Баталова, Ғалым Ағелеуов, Арайлым Назарова секілді саясаткерлер мен қоғам белсенділері келген. Барлығы отыздан астам адам сот ғимаратының алдына жиналған. Сот ғимаратын полиция қатаң бақылап тұрды.
Қаңтар оқиғасы кезінде "әуежайды басып алу ісі" бойынша үкімді 11 шілдеде Алматы қаласының Наурызбай аудандық соты шығарған.
Судья Марат Кәкімжанов журналист, қоғам белсендісі Әйгерім Тілеужанды 4 жылға бостандығынан айырып, қауіпсіздігі орташа түзеу колониясына жіберу және сот залынан қамауға алу туралы үкім оқыған. Судья үкімі бойынша, Әйгерім Тілеужанның абақтыда қамауда отырған 1 тәулігі 1,5 тәулікке, үйқамақтағы 1 тәулігі тәулікке есептелген.
Судья айыпталушылар Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев, Жанайдар Кәрменовтің әрқайсын 8 жылға бостандығынан айырып, қауіпсіздігі орташа түзеу колониясына жіберу жөнінде үкім кескен. Олардың қамауда отырған бір тәулігі 1,5 тәулікке есептелген.
Сот үкімі шығарар күні де Наурызбай аудандық соты алдына сотталушылардың жақтастары, туыстары мен қоғам белсенділері бар, барлығы жүзден астам адам жиналған еді. Сот залына кіргендер айыпталушыларға бостандық сұрап ұрандатқан.
Сот үкімінен кейін журналистерге сұқбат беріп үлгерген Әйгерім Тілеужан өзін кінәсіз деп санайтынын, сондықтан "ешкімнің алдында басын иіп, тізесін бүкпейтінін" айтқан. Оның сөзінше үкімге биыл қаңтарда парламентте есеп берген Қазақстан бас прокуроры Берік Асыловтың "әуежайды басып алушылар" қатарында өзін де атағаны себеп болған.
Әйгерім Тілеужан мен оның адвокаты бұл мәселе бойынша Берік Асылов "кінәсіздік презумциясын бұзды" деп сотқа берген.
Үкім шығарылған тағы да үш адам сот үкімімен келіспейтінін, "Жаңа Қазақстан" соты әділетсіз өткенін айтты.
Биыл 30 наурызда Алматыда "Қаңтар оқиғасы кезінде әуежайды басып алу" ісі бойынша бес адамның соты басталған.
Источник: www.azattyq.org