үй Қазақстан жаңалықтары Елордалық студенттер өнеркәсіптік кәсіпорындарды аралап қайтты

Елордалық студенттер өнеркәсіптік кәсіпорындарды аралап қайтты

0

291 rob

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бастамасымен Астана политехникалық колледжінің студенттері «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағына барып, ондағы кәсіпорындардың қызметін бағамдап қайтты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Аталған іс-шараның мақсаты жастарды өндіріс орындарының қызметімен жақынырақ таныстыру, кәсіпорындарда еңбек ететін мамандардың жұмысын дәріптеу арқылы олардың өндірістік процестегі рөлі мен міндеттерін көрсету.

Мәселен, елордалық жастар AVALON-K жиһаз жасау зауытын, жарықдиодты өнім түрлерін шығаратын LED Solutions компаниясын, телекоммуникациялық жабдықтар өндіретін Cuman кәсіпорны мен лак-бояу өнімдерін дайындайтын орындарды аралап шықты.

LED Solutions компаниясының өкілінің айтуынша, кәсіпорын түрлі пішін мен өлшемдегі шамдарды шығаруды жолға қойған. Өндірістің толық циклін бір алаңда топтастыру барлық кезеңді бақылауға және қажет болған жағдайда өзгерістерді жедел енгізуге мүмкіндік береді. Өнімнің жоғары сапасы технологиялық процес пен дайын өнімді бақылаудың көп сатылы жүйесіне байланысты.

Ал Cuman зауыты тұрмыста қажетті заманауи өнімдерді шығарумен айналысады. Атап айтқанда, Wi-Fi роутерлер, коммутатор аппараттары, үй және кеңсе тауарлары жоғары сұранысқа ие. Сонымен қатар «ВМП Астана» компаниясы еуропалық деңгейдегі лак-бояу бұйымдарын өндірісін қолға алған. Кәсіпорын өнімдері металл мен бетонды ұзаққа дейін сақтап, өнеркәсіптік және азаматтық мақсаттағы нысандардың қауіпсіздік деңгейін арттыруға арналған. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 5 мың тоннадан астам өнімді шығаруға қауқарлы.

Іс-шараның соңында ҚР ИИДМ Құрылыс индустриясы және ағаш өңдеу өнеркәсібі басқармасының басшысы Мұхамед Андаков мұндай өндірістік экскурсиялар студенттердің мамандықтарға деген қызығушылығын арттыруға айтарлықтай әсер ететінін айтты. Алдағы уақытта мұндай шараларды басқа өңірлерде де ұйымдастыру жоспарланған.

Источник: dknews.kz

Exit mobile version