245 rob
Фотосурет: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Қорғаныс министрінің орынбасары Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды, передает DKNews.kz.
Өңірде Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-майор Қаныш Әбубәкіров Приозерск, Балқаш және Қарағанды гарнизондарының нысандарын тексерді.
Жұмыс сапары барысында ол жеке құраммен кездесулер өткізіп, мерзімді қызметтегі сарбаздарды заттай мүлікпен қамтамасыз ету, тұрғын үй-тұрмыстық жағдайды, медициналық көмек көрсету және жеке құрамды тамақтандыруды ұйымдастыру мәселелерімен танысты. Министрдің орынбасары казармаларды жылытуға, материалдық құралдарды есепке алуға, сумен жабдықтауға және электр энергиясын үнемдеуге ерекше назар аударды.
Қарағандыда және оған жақын Сарань, Ақтас, Абай, Теміртау қалаларында, сондай-ақ Спасскте генерал-майор Қаныш Әбубәкіров әскери бөлімдерге барып, борышын өтеп жүрген жауынгерлерге жасалған әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды, қазандықтардың жұмысын, киім-кешек қоймаларының, асханалардың, моншалардың, оның ішінде кір жуу комбинаты және Қарағанды мен Балқаш қалаларында жеке құрамға көрсетілетін жуыну қызметінің жай-күйін тексерді.
Облыс орталығында министрдің орынбасары «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысы басқармасының әскери қызметшілерімен және әскери лазареттің жеке құрамымен кездесті.
Комиссия құрамына келген офицерлер тыл қызметтерінің есебін жүргізу тәртібі мен есеп-қисаптың жай-жапсарын, жанар-жағармай материалдары қорларының бар-жоғын тексерді. Бөлімше командирлеріне тауарлық-материалдық құндылықтарды сақтауда және азық-түлік қызметін ұйымдастыру мәселелерін де іс жүзінде көмек көрсетілді.
Генерал-майор Қаныш Әбубәкіров шұғыл шешуді қажет ететін мәселелерді анықтап, әскери объектілерді салу және оларды күрделі жөндеуден өткізу жөніндегі 2023–2025 жылдарға арналған жол картасын іске асыруға байланысты тапсырмалар берді.
Источник: dknews.kz