үй Қазақстан жаңалықтары Әке көрген оқ жонар

Әке көрген оқ жонар

23
0

317 Awrora

Әке көрген оқ жонар

«Отан отбасынан басталады» деген дана сөз өте орынды айтылған. Отбасынан алған үлгілі, өнегелі тәрбие – бұл кез-келген баланы алдағы уақытта белгілі бір жетістікке жетуіне сондай-ақ өмірінде өз орнын адаспай табуға жетелейтіні сөзсіз. Оған дәлел бүгінгі әңгімеге арқау болар әскери қызметшілердің отбасы.

Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінде бір отбасынан екі бірдей ер азамат ел тыныштығын қорғау жолында әскери қызмет атқарып жүр. Олар әскери бөлімнің артиллериялық-зениттік дивизионының аға маманы (аға жүргізушісі) старшина Нематжан Режаматов пен ұлы  лейтенант Зулфаржан Хадиматов.

Старшина Нематжан Режаматов 25 жылдан аса уақыт 6506 әскери бөлімінің автомобильдік паркінде қызмет атқарып
келеді. Ол 1994-1996 жылдары Тараз қаласында 5485 әскери бөлімінде мерзімдік қызметін атқарды. Алғашқы қызмет жолын жедел мақсаттағы батальонда брондытехниканың жүргізушісі болып бастайды, одан автомобильдік техниканы жөндеу шеберханасының бастығы, кейін қайта жүргізушілік қызметке ауысады. Содан бері әскери бөлімде жүргізуші-нұсқаушы лауазымын абыроймен атқарып келе жатқан беделді әскери қызметшілердің қатарында.  Жалпы әскери жүргізуші  – ол әрқашан әмбебап маман, жеке құрам тасымалдайтын көлікті де, брондалған ауыр техниканы да жүргізумен қатар оның бұзылған жерін жөндеп қатарға қоюы тиіс. Әскери ортада бұл маманның өзіне тән ауыртпашылықтары да бар. Алайда осы бір қызметті 25 жылдан аса уақыт тізгіндеп келе жатқан старшина Нематжан Режаматовтың әскери бөлімнің жауынгерлік жолындағы еңбегі де ерен. Бөлімнің тарихи жолдарының куәсі болғандықтан жауынгерлерге үйреткені көп  тәжірибесі мол әскери қызметшілердің бірі. Жасы 45-ті алқымдаса да ауыр техниканың құлағында ойнайтын нағыз кәсіби маман екенін алыстан байқауға болады. Автомобильдік парктегі кез-келген қызметте жүрген жас әскери қызметшілерге ұлағатты ұстаздан кем емес, білгенімен бөлісуден жалықпаған.

Артиллериялық-зениттік дивизионының командирі майор Жұпарбек Бақытжан: – «Бұл әскери қызметшінің мен үшін орны бөлек. «Көп жасағанна сұрама, көпті көргеннен сұра» деп айтады ғой. Өйткені өзге түгілі өзім де ол кісінің ақыл кеңесін тыңдаймын. Дивизионда сержанттық құрам арасында абыройы мен беделі бөлек, тағлымды тәжірибесі бар старшиналардың қатарында. Жастарға үлгі болар нағыз еңбек адамы десем де болады», – дейді.

Әке көрген оқ жонар

Әскери бөлімде жылына екі рет жасақталатын жас жүргізушілер взводының сарбаздарына үнемі жетекшілік етеді. Әрбір сарбазды техникаларға бекіткенде де үш ай бойы оқытып, дайындауға ат салысқан старшина Нематжан Режаматовтың кеңесі ауадай қажет.

Тұңғыш ұлы лейтенант
Зулфаржан Хадиматов болса, әкенің ізінен алыстамай командалық тактикалық автомобильмен қамтамасыз ету  мамандығын әскери оқу орнында жоғары білім арқылы игеріп шықты. Ұлттық ұланның Академиясынан жақында ғана түлек болып ұшқан жас офицер Зулфаржан Хадиматов – бүгінде автомобильдегі жедел мақсаттағы батальонда взвод командирі қызметінде.

Жас лейтенант: «Мен әкемнің қызметінде, осы әскери бөлімнің қабырғасында балалық шағым өтті десем де болады. Мектептен бос уақытым бола қалса әкеммен бірге әскери бөлімге келуші едім. Мұндағы сарбаздар, олардың атқаратын қызметтері, әскери киімдері маған өте таңсық көрінетін. Әкемнің машинасына отырып, сарбаздармен жүретінмін. Онымен бірге әскери техникаларды жөндеуді оның бөлшектерін алып, салуды үйреніп жүрдім. Сол кезден бастап-ақ  менің болашақтағы мамандығымды әскери саладан басқа да елестете алмадым. Әскер саласында мамандық таңдауымды 11
сыныпқа жақындағаннан бастап әкеме айта бастадым, алайда әкем аздап қарсылық білдіргенмен кейін қолдау білдіріп, әскери оқу орнына түсуіме көмегін аямай, қасымда жүрді. Осылайша мектепті аяқтаған соң ойланбастан Ұлттық ұланның  Академиясына оқуға түстім. Әскери антымды қабылдап болған соң әкемнің: «Әскери қызметке қызығушылық танытып, шешім қабылдадың, өзіңе артылатын жүктің салмағын да сезін. Енді артқа қайтуға кеш. Өміріңді Отан қорғауға арнаған соң, офицер деген атақтың абыройы мен беделіне нұқсан келтіруші болма!» деген сөзі үнемі санамда сайрап тұрды», – дейді.

Старшина Н. Режаматовтың екінші ұлы Зиятжан болса медицина саласында III курс студенті. Ол да диплом алған соң әскери медицина жолына баруға қарсы еместігін айтып қалды.  Әскери қызметшілердің отбасы
сыйластық, шыдамдылық, өзара сенім мен түсіністік орнаған сенімді тыл мен кішігірім одақ екені сөзсіз. Ұлттық ұлан қатарында қызмет атқарып жүрген әкелі-балалы әскери қызметшілер қашанда өзге әскери қызметшілерге үлкен өнеге.

Аға лейтенант Малика ШЫНЖІГІТОВА,

Шымкент қаласы

Источник: dknews.kz