292 rob
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланы
Топырағынан нұр саулаған абыздар елі Түркістанға шырайлы Шемонайхадан дұғай сәлем.
Ардақты әке-шеше амансыңдар ма? Бәйшешегі ақпанда гүлдейтін біздің Түркістан жанға жайлы мекен һәм рухани-мәдени өлке.
Бірақ биыл шыңылтыр аязымен тұла бойыңды қаритын шығыстың да ауа-райы жылдағыдан едәуір жылы екен. Жергілікті тұрғындармен қатар әскери қызметшілер де таң қалысады табиғаттың бұл қылығына. Қаруластарым маған «Шемонайхаға Түркістанның ыстығын сен алып келдің бе?» деп қалжыңдайды.
Күннің жылы болғаны қандай жақсы деп офицер, сержанттар да марқайып жүр.
Былтыр көлігіміздің аккумуляторын қуаттап, бір-бірімізді сүйреп күні-түні мазамыз кетуші еді, биыл темір аттың машақатын ұмыттық деп жүр олар.
Негізі, мен мерзімді әскери қызметімді өткеріп жатқан әскери бөлім шұрайлы жерде орналасқан екен. Ауыл шаруашылығының мамандары шығыстағы топырағы ең құнарлы өлке Шемонайхада деп айтыпты. Кез келген жеріне қазық қадасаң, бүр жаратын шүйгінді өлкенің егінді алқаптарына көз тастасаң шынымен сүйсінесің. Бір қарыс бос жер жоқ.
Мерзімді әскери қызметімді өткергеннен кейін де бұл жерге сіздерді алып келгім келеді. Өйткені, біздің көзге таныс емес табиғаттың керемет тұстары жетерлік екен мында. Әсіресе, асыл анашым, шығыстың жері сізге ұнайтына нық сенімдімін.
Газ қондырғысында жұмыс жасайтын әкемнің қалай? Біздің көйлегіміз көк болсын деп еш қажымай қауіпсіз іспен айналысып, еңбегін адал табатын әкенің қадірін жырақта жүргенде түсінеді екенсің. Ертең үйге барған соң мен де отбасымның бір тіреніші болатыным анық. Артымнан ерген үш балапанның болашағын жарқын етуге бірге ат салысуға дайынмын, менде.
Кейде бұрынғы қиқарлықтарым есіме түссе, өзімді іштей сөгіп аламын. Жарайды. Алда әлі бағымызды сынайтын буалдыр болашақ бар. Өмірім алда менің!
Отан алдындағы антына адал азамат араларыңыздан табылады, бұйырса!
Дін аман болыңыздар!
Мирас Шаншархан 6699 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері
Источник: dknews.kz