үй Қазақстан жаңалықтары Ұлттық ұлан сарбазы ұстазына хат арнады. Сәлем хат

Ұлттық ұлан сарбазы ұстазына хат арнады. Сәлем хат

2
0

184 Awrora

Ұлттық ұлан сарбазы  ұстазына хат арнады. Сәлем хат

Фотосурет: Ұлттық Ұлан

Құрметті де, ардақты менің ұстазым, Әсем Нұрбекқызы! Сізге Павлодар қаласы 5512 әскери бөлімінен сәлем жолдаймын!

Қазіргі таңда осы әскери бөлімде Отан алдындағы борышымды атқарып жүрмін. Әскери қызметте жүргенімізге бір айдан аса уақыт болды. Осы бір ай уақыт ішінде біршама нәрсеге үйрендік. Күнделікті уақыт тәртібіне, үш мезгіл тамақтануға, үлгі киім пішінін сақтауға, таза әрі ұқыпты жүруге және одан бөлек көптеген нәрсеге әскери өмір үйретті. Бүгінде сапта жүрген сарбаздардың қатарына қосылдық. Жаны жайсаң жауынгерлік жолдастарым да баршылық.

«Ұстазы  жақсының, ұстамы жақсы»,- дейді ғой халық даналығы.

Осы күнде мектеп қабырғасында жүрген кездерім, әсіресе ұлағатты ұстаздарымның, оның ішінде сіздің біз сияқты өскелең ұрпаққа берген ақыл-кеңестеріңіз есіме жиі түсіп кетеді. Әскерде өмір мектебі ғой. Осы сөздеріңіз менің өмірлік ұстанымыма, бағдарыма айналды, көңілге медет болды. Сіз берген тәлім-тәрбиеңіздің арқасында әскери өмірдің қиыншылықтарына және ауыртпалығына табандылықпен төтеп беріп жүрмін.

Әрбір жердің өзінің қызықтары бар. Бұйыртса екі-үш аптадан кейін қалаға, яғни қоғамдық тәртіпті cақтау бойынша патрульдік қызметке шығатын боламыз. Сонымен қатар қызметімізді атқарып, бір жылымыз бір айдай болмай ертең-ақ елге оралатын боламыз. Ал сізге тілерім жұмысыңыз табысты, өміріңіз баянды, отбасыңыз берекелі, бақытты болсын! Сізге өмірдегі бар жақсылықты тілеймін. Бала-шағаңыздың қызығын көріп, жүзіңізден күлкі кетпей күліп-ойнап жақындарыңыздың қасында жүре беріңіз. Ұстазым, сізге алғысым шексіз. Өршіл рухты, талапты шәкірттеріңіздің қатары көбейе берсін!

  Нұркелді Отанов

5512 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері

Источник: dknews.kz