236 rob
Фотосурет: ҚР ТЖМ және Мәжілістің баспасөз қызметі
12 ақпан сағат 10:00-де Мәжілісте орман өрттерінің алдын алу және олармен күрес тақырыбында Үкімет сағаты өтеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Тақырып жөнінде ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев баяндама жасайды.
Мәжіліс депутаты Аян Зейнуллин соңғы екі жылда елімізде екі ірі өрт орын алғанын атап өтті. 2022 жылы Қостанай облысында 40 мың гектар, былтыр Абай облысында 63 мың гектар орман алқабы отқа оранған.
2023 жылы Мемлекет басшысы материалдық-техникалық базаны жақсарту, ұлттық парктерде орман өрттерінің ошақтарын ерте анықтау жүйесін жедел енгізу және орман шаруашылығы қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды тапсырған еді.
Осыған орай Мәжіліс депутаттары Президент тапсырмасын орындау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде мемлекеттік органдардың ақпаратын тыңдайды. Өртті қайта болдырмау, алдын алу үшін қабылданатын шаралар мен әрекеттер талқыланады. Өйткені алдағы жаз ыстық болады деп болжанып отыр. Оған дайындықты қазірден бастау қажет.
Айта кетейік, Үкімет сағатына дайындық барысында Мәжілістің Экология және табиғат пайдалану комитетінің депутаттары «Бурабай» ұлттық паркіне барып қайтты. Ондағы тәулік бойы орманды автоматты режимде бақылайтын өртті ерте анықтау жүйесімен танысып, осы бағытты дамытудағы кедергілерді көріп келді.
Үкімет сағатының тікелей трансляциясын parlam.kz ресми сайтынан, Мәжілістің YouTube арнасы мен Facebook парақшасынан көре аласыздар. Біздің әлеуметтік желілердегі парақшаларымызды оқи жүріңіздер.
Источник: dknews.kz