252 rob
Фотосурет: ҚР ҚМ
Тараздағы Қарулы күштердің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы байланыс полкінің әскери қызметшісі капитан Баходир Атаханов жол бойында өртене бастаған көлікті сөндіріп, сақтап қалды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жеке автокөлігімен келе жатқан капитан Баходир Атаханов Сейфуллин мен әл-Фараби көшелерінің қиылысында бағдаршамның қызыл белгісі жанғанда тоқтайды. Осы сәтте ойламаған жерден жанында тұрған «Жигули» маркалы автокөлігі жана бастайды. Офицер абдырап қалмай, бірден көлігіндегі өрт сөндіргішін алып, көмекке жүгіреді. Қолындағы құралының көмегімен Баходир Атаханов көп өтпей-ақ жалынның бетін қайтарып, оқиғаның алдын алады.
Офицер бағдаршамның қызыл белгісі жанып тұрған кездегі бірнеше секунд ішінде өртті ауыздықтап үлгереді. Әрі қарай ол көлігіне оралғанда жасыл жанып, өз жолымен кетеді.
Бұл оқиға қаңтар айының басында болған. Алайда бейнебақылау камераларының арқасында әскери қызметшінің іс-әрекеті жазба мұрағатында сақталып қалған.
– Таразда жол қозғалысын бақылау үшін орнатылған бейнебақылау камераларына шын мәнінде бір машинаның тұтанған сәті, сондай-ақ басқа көлік жүргізушісінің батыл әрі нақты әрекеті жазылып қалған, – деп түсіндірді Жамбыл облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің бастығы Гүлсара Мұхтарқұлова. – Біз офицердің әрекетін адамгершілік деп бағаладық. Оның уақытылы көмегінің арқасында жолдағы басқа да адамдарға төнген елеулі қауіп сейілді.
Қарапайымдылығының арқасында Баходир Атаханов бұл оқиғаны әріптестеріне айтпаған. Мұндай жағдайда әркім осылай жасайтынына сенімді. Ең бастысы – жағдайды тез бағалау, қажетті әрекетке ден қою және соны істеу.
– Мен үшін басты ереже көлігімде әрқашан өрт сөндіргіш, дәрі қобдишасы және жолда қажетті құрал-жабдықтардың болуы, – деді Баходир Атаханов. – Көрші көліктің жана бастағанын көргенде, бір секунд та ойланбадым, өрт сөндіретін құралымды алып, бірден іске кірістім.
Батыл офицер өрт сөндіргіштің ілмегін тартқанмен, бірден істей қоймады. Сосын ілмекті тісімен тартып жұлып алып, өрт сөндіргіш құралын қосты. Ол бұл құралды қалай іске қосуды жақсы біледі: Баходир қызмет ететін әскери бөлімде қауіпсіздік шаралары мен төтенше жағдайлар бойынша сабақтар ұдайы өткізіліп тұрады.
Капитан Баходир Атаханов «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының байланыс полкінде қызмет етеді. Ол автоматтандырылған басқару жүйелері бөлімінің бастығы. Қарулы күштерде қызмет етіп жүргеніне 15 жыл. Осы жылдар ішінде өзін сауатты маман, жауапты офицер және сенімді жауынгер ретінде көрсетті.
– Офицерімізді әрдайым мақтан тұтамыз, оның әрекеті жоғары бағаға лайық. Адам өміріне қауіп төнетін кез келген жағдайда әскери қызметшілер дәл осылай әрекет етуі тиіс, – деп есептейді байланыс полкінің командирі полковник Сымбат Тұяқаев.
Источник: dknews.kz