үй Қазақстан жаңалықтары Орталық сайлау комиссиясы ҚХП партиялық тізімін тіркеді

Орталық сайлау комиссиясы ҚХП партиялық тізімін тіркеді

0

249 rob

Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен ағымдағы сайлау науқаны шеңберінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының жетінші отырысы өткізілді. Отырыста «2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауында «Қазақстан Халық партиясы» Қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу туралы» мәселе қаралды, деп хабарлайды ҚР ОСК баспасөз қызметі, деп хабарлайды DKNews.kz.

Отырысқа «Қазақстан Халық партиясы» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ермұхамет Ертісбаев, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары (БК режимінде) және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ Бас прокуратураның, әділет, ішкі істер, қаржы министрліктерінің жауапты лауазымды тұлғалары, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) сайлауды байқау Миссиясының өкілі шақырылды.

Отырыстың трансляциясы сурдоаудармамен қамтамасыз етіліп, интернет-ресурс пен Youtube арқылы өтті.

Отырысты аша отырып, Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізімдер бойынша Қазақстанда тіркелген 7 саяси партияның барлығы Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауына қатысуға жібергенін атап өтті.

Ол сондай-ақ а.ж. 1 ақпанда ОСК-ға Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауға партиялық тізімді ұсыну туралы Қазақстан Халық партиясының құжаттары тапсырылғанын еске салды. Орталық сайлау комиссиясы сайлау заңнамасына сәйкес кандидаттардың Конституциямен және Сайлау туралы Конституциялық заңмен қойылатын талаптарға сәйкестігін аңықтау бойынша тиісті рәсімдер жүргізді.

Күн тәртібі бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавқат Өтемісов баяндама жасады.

Ол «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 89-бабына сәйкес тіркеуге бір саяси партиядан бір ғана тізім жіберілетінін, оған саяси партиялар арасында бөлінетін депутаттық мандаттардың белгіленген санының отыз проценттен аспайтын адамдар саны енгізілгенін хабарлады.

Партиялық тізімде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар саны жиынтық бойынша оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде отыз процентін құрауға тиіс.

Қазақстан Халық партиясы 52 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынды.

Бұл тізімде 17 кандидат бар — әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар, бұл жиынтық бойынша 32,7 процентті құрайды.

Партиялық тізімге енгізілген барлық адамдар Конституция мен сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келеді.

Шавқат Өтемісов сондай-ақ партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялар партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін ҚР заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының он бес еселенген мөлшерінде Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасын енгізетінін хабарлады.

Парламент Мәжілісі депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 5 және одан да көп процентін алған саяси партиялар сайлау жарнасын төлемейді.

2021 жылғы қаңтарда өткен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында Қазақстан Халық партиясы сайлаушылардың 9,1 процентін алды. Осыған байланысты аталған партия сайлау жарнасын төлеуден босатылады.

ОСК мүшелері сәйкестікті аңықтау және тіркеу туралы тиісті хаттамаларға қол қойғаннан кейін «2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауында «Қазақстан Халық партиясы» Қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу туралы» қаулы қабылдады. Тіркелген кандидаттар тиісті куәліктерін алды.

ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров отырысты жаба отырып, Қазақстан Халық партиясының партиялық тізімі тіркелгенін және енді партия сайлау қорын қалыптастыру үшін арнаулы уақытша шот ашуға құқылы екенін атап өтті.

Источник: dknews.kz

Exit mobile version