үй Қазақстан жаңалықтары Отқа оранған үйден қарт кісіні құтқарып қалған Қарулы күштердің әскери қызметшісі ведомстволық...

Отқа оранған үйден қарт кісіні құтқарып қалған Қарулы күштердің әскери қызметшісі ведомстволық медальмен марапатталды

0

180 rob

Десанттық-шабуылдау әскерлеріне қарасты 18404 әскери бөлімінің сержанты Ерік Қасымбеков Төтенше жағдайлар министрлігінің «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Осы жылдың 18 қаңтарында Талдықорған қаласы Красин көшесіндегі бес қабатты үйде электр сымдарының тұйықталуынан өрт шықты. Сол күні жөндеу ротасы бөлімшесінің командирі Ерік Қасымбековке нарядта қызмет атқарғаны үшін демалыс берілген болатын.

Кіреберістегі айқайды естіген ол тез арада пәтерінен жүгіріп шығады. Әскери қызметші көршілерінен қарт кісі тұратын пәтердің жанып жатқанын естіп біледі. Ерік Қасымбеков еш ойланбастан пәтерге кіріп, қарт кісіні қауіпсіз жерге алып шығады.

Әскери қызметшінің бұл батыл әрекеті назардан тыс қалмады. Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары азаматтық қорғаныс подполковнигі Игорь Жуков Ерік Қасымбековке салтанатты жағдайда марапат табыстады.

– Қарулы күштер әскери қызметшісінің батыл қимылы адам өмірін сақтап қалды. Ол отқа оранған пәтерден 84 жастағы әйелді құтқарып алып шықты. Оның жанқиярлық әрекеті ескерілмей қалған жоқ. Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен Ерік Қасымбеков ведомстволық медальмен марапатталды, – деді облыстық департамент өкілі.

Мұндай қиын жағдайда әскери десантшы Ерік Қасымбековке басқаша әрекет ету мүмкін емес еді. Адамдарға қол үшын созып, құтқару – нағыз ер жігіттің ісі.

Источник: dknews.kz

Exit mobile version