үй Қазақстан жаңалықтары Отбасыны құтқарып қалған мемлекеттік қызметші марапатталды

Отбасыны құтқарып қалған мемлекеттік қызметші марапатталды

23
0

141 rob

Отбасыны құтқарып қалған мемлекеттік қызметші марапатталды

Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Ғалымжан Әкімбаев Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевтың алғыс хатымен марапатталды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ағымдағы жылдың ақпан айының басында толассыз жауған жаңбыр мен молынан түскен қардың еруіне байланысты облыстың үш бірдей ауданы су астында қалған еді. Бәйдібек ауданына қарасты Шаян-Мыңбұлақ тас жолында аяғы ауыр келіншегін жоспарлы медициналық тексеріске апара жатқан Қанарбұлақ ауыл тұрғынының көлігін су шайып кетеді. Машина ішінде жеті жасар ұлы да бар болатын. Жедел түрде оқиға орнына жеткен ауыл әкімі дереу әрекетке көшіп, адамдарды құтқаруға ұмтылады. Беліне арқан байлап, суға секірген әкімнің алғашқы әрекеті қатты ағыстың кесірінен сәтсіздікке ұшырайды. Екінші әрекетінде ғана көлікке жетуге мүмкіндік туған. Осылайша, әкім сол уақытқа дейін көліктің үстіне шығып үлгерген отбасы мүшелерін біртіндеп судан шығарып, алғашқы көмек көрсеткен. Азаматтар ауруханаға дер кезінде жеткізілді.

Ғалымжан Амантайұлының жедел және жанкештілік әрекетінің арқасында  бір отбасы құтқарылды.

Ерлік жасаған мемлекеттік қызметшіге ҚР МҚІА төрағасы арнайы жолдаған алғыс хатын Түркістан облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Өркен Балажанов табыстады.

Ғалымжан Әкімбаев Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Мемлекеттік қызметте 15 жылдан астам еңбек өтілі бар. Бес қыз бен бір ұлды тәрбиелеп отыр.

Источник: dknews.kz