үй Қазақстан жаңалықтары ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің апталық жұмысына шолу

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің апталық жұмысына шолу

28
0

344 rob

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің апталық жұмысына шолу

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Азиядағы ФИБА атқарушы директоры Хагоп Хаджирианмен кездесті. Тараптар елімізде баскетболды дамыту үшін ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Халықаралық баскетбол федерациясы Қазақстанда кеңсе ашу мүмкіндігін қарастыруда. Айта кетейік, бүгінде елімізде 25 кәсіби клуб жұмыс істейді, ал баскетболмен айналысатын қазақстандықтардың саны 400 мың адамды құрайды, деп хабарлайды DKNews.kz.

«Астана Опера» театрында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына арналған Гала-концерт өтті. Маңызды кеште әлемдік деңгейдегі өнерпаздар — португалдық опера әншісі Сюзана Гашпар, Мария Мудряк пен Медет Шотабаев өнер көрсетті. Гала-концерт бағдарламасында А.Жұбановтың «Айтым сәлем, Қаламқас», Л.Хамидидің «Қазақ вальсі» және т.б. музыкалық туындылар ұсынылды.

Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен түсірілген қазақстандық «Паралимпиец» фильмі Үндістанда өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының кинофестивалінде жоғары марапатқа ие болды. Режиссер Алдияр Байрақымовтың «Паралимпиец» фильміндегі басты рөлді сомдаған Асқар Ілиясов «Үздік ер адам рөлі» сыйлығын жеңіп алды. Фестивальге 14 елден барлығы 57 туынды ұсынылды. Айта кету керек, бұл фильмнің алғашқы марапаты емес – өткен жылы ол Ресейдегі кинофестивальдерде 2 мәрте гран-при алды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ресми өкілі — баспасөз қызметінің жетекшісі қызметіне Мөлдір Әбдуәлиева тағайындалды. Ол осыған дейін ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі болған. 2015 жылдың мамыр айынан 2018 жылғы мамырға дейін «Еуразия» бірінші республикалық телеарнасының продюсері болып қызмет істеді. 2018 жылдың мамырынан 2021 жылдың мамырына дейін Atameken Business республикалық телеарнасының тілшісі және жүргізушісі қызметін атқарған.

Хоккейден Қазақстан қыздар құрамасы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын жеңіп алды. Шешуші ойында біздің команда Исландияны 7-0 есебімен ұтты. Осылайша, қазақстандық хоккейшілер бес матчтың бесеуінде жеңіске жетіп, турнир қорытындысы бойынша 15 ұпаймен екінші дивизионның А тобына шықты.

Источник: dknews.kz