265 rob
Фотосурет: ҚР Су ресурстары және ирригация Министрлігі
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің бір аптадағы жаңалықтарына қысқаша шолу, деп хабарлайды DKNews.kz:
Үкімет ҚР Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Тұжырымдамада еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су тапшылығын азайту мақсатында 20 су қоймасын салу, 15 су қоймасын және 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналды реконструкциялау және гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту бойынша бірқатар шұғыл шаралар қарастырылған.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Алматы облысындағы ирригация желілерін модернизациялау барысымен танысты. Су ресурстары және ирригация министрлігі Алматы облысындағы егіс алқаптарының 67%-на су үнемдейтін суару жүйесін енгізуді жоспарлап отыр.
Нұржан Нұржігітов Қонаев қаласындағы тамшылатып суару жүйелеріне арналған қосалқы бөлшектер шығаратын зауытты аралап көрді. Кәсіпорын қуаты аптасына 500 гектарға дейін жерді тамшылатып суару технологиясымен қамтамасыз етуге жетеді деп күтіліп отыр.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі трансшекаралық өзендердің суын бірлесіп пайдалану мәселесін Халықаралық су ағындарының кеме жүрмейтін түрлерін пайдалану құқығы туралы конвенция аясында шешуге ниетті. Қазақстан 2024 жылы аталған конвенцияға қосылды.
Қазақстан Үкіметі Өзбекстан және Қытаймен трансшекаралық өзендерде су бөлу туралы келісімдерге қол қоюды жоспарлап отыр.
«Болашақ» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, оған «Гидрогеология», «Су ресурстары» және Су қауіпсіздігі» секілді су саласының мамандықтары қосылды. Нәтижесінде, қазақстандық студенттер биылдан бастап аталған мамандықтар бойынша шетелде білім ала алады.
Источник: dknews.kz