үй Қазақстан жаңалықтары Сені мақтан етеміз

Сені мақтан етеміз

28
0

335 rob

Сені мақтан етеміз

Еркежан Қанатқызының бауыры Әділжан Қанатұлына деген сағыныш хаты.

Ұлттық ұлан қатарына Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанған бауырым қатардағы Әділжан Қанатұлы әскери өмірдің қыр-сырын меңгеріп, қатаң тәртіпке төселіп қалған. Бауырым әскери жаттығулардан қолы босаған сәтте ата-анама хабарласып, амандығын жеткізіп отырады. Мен онымен көп сырласамын және ол әскердегі қызықтары мен қиыншылықтарымен бөлісіп отырады. Бауырымның айтуынша, әскердегі күндері өте қызықты өтуде. Ол көп нәрсені түсінгенін айтады және ата-ана, бауыр, достарын қатты сағынып жүргенін жеткізеді. Бір қуантарлығы – ол әскерге келгеніне өкінбейді, керісінше, мақтанып айтады. Себебі, әрбір ер-азамат жауынгерлік қызмет пен оқ ату жаттығуларынан міндетті түрде өтуі тиіс екен. Отан алдындағы азаматтық борышты өтеудің өзі – бақыт екенін жеткізді.

Бауырым әр сенбі-жексенбіде қоңырау шалып, бізді қуантып отырады. Сол кезде мен де өз тарапымнан ауылдың тыныс-тіршілігін, жаңалықтарын бөлісіп отырамын. Азаматтық борышын өтеп жүрген әскердегі азаматқа отбасының тыныштығы мен амандығынан артық еш нәрсе жоқ шығар? Сондықтан, мен бауырыма туған жерінің амандығымен қоса, достарының есендігін, ата-анамның денсаулығының жақсы екенін хабарлаймын.

Мен бауырыммен әрқашан бірге сырласып, ішімдегі ешкімге айта алмайтын сырыммен бөлісіп, мұңымды шағатын едім. Сондықтан оның келуін асыға күтіп жүрмін. Бірақ, уақыт деген жүйрік қой, көзді ашып-жұмғанша өтіп кететініне сенімдімін.

Бауырым Ұлттық ұлан қатарындағы 6679 әскери бөлімінде қызмет атқарып жатыр. Оған әскери бөлім командирлері мен бөлім басшылары, рота командирлері әрқашан көмекке келіп жүреді екен. Жас сарбаздарға білмегендерін үйретіп, әскерге бейімдейді деп айтады. Әділжан достарының барлығына «әскерге келіп, азаматтық борыштарыңды атқарыңдар!» дейді екен. Соған қарағанда, оған әскерде өте қатты ұнайды және борышын адал атқарып жүр деп сеніп отырмыз. Бауырым Әділжан, біз сені әрқашан мақтан тұтатын боламыз және әскердегі абыройлы, адал атқарған қызметің сенің дәрежеңді өсіретініне сенімдіміз! Сені қатты сағындық, жүздескенше күн жақсы болсын! Еліміздің ұйқысының тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында атқарып жатқан қызметің әрқашан сәтті болсын!

Әпкең, Еркежан

Источник: dknews.kz