104 Арман
Фотосурет: Yevgeniy Sambulov/CP
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының деректері бойынша 2022 жылғы 27 желтоқсандағы жағдай бойынша банктер 298,8 млрд теңгеге өтініш қабылдады, бұл мемлекет беретін өтемақының әлеуетті сомасының 89% -ын құрайды.
2022 жылдың соңына дейін қазақстандықтар 2022 жылғы 23 ақпанға дейін ашылған теңгелік депозиттер бойынша 10% мөлшерінде өтемақы (сыйлықақы) алуға өз келісімін растай алады. Ол үшін депозит орналастырылған банкке 2023 жылғы 1 қаңтардан кешіктірмей өтініш беру қажет!
Екінші деңгейдегі банктердің көпшілігі бұл қызметті мобильді қосымшаларда не олардың сайттарында іске асырады. Өтемақы төлемдері 2023 жылғы 23 ақпаннан кейін басталады. 10% өтемақы есептелуі мүмкін ең жоғары сома бір банкте 20 млн теңгені құрайды.
Қазақстанда салымшыларды қолдау мақсатында Жеке тұлғалардың ұлттық валютада орналастырылған депозиттері бойынша өтемақы (сыйақы) төлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағида) әзірленді, ол 2022 жылғы 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді.
Қандай салымдар бойынша мемлекеттен сыйлықақы алуға болады?
Қағидаларға сәйкес, қоса алғанда 2022 жылғы 23 ақпанға дейін ашылған теңгедегі депозиттер бойынша ғана өтемақы алуға болады.
Өтемақы мынадай салымдар бойынша төленеді:
- жинақ, яғни ақшаны ішінара алу құқығынсыз қайтарып алынбайтын депозит;
- мерзімді салым (білім беру жинақтау салымдарын және тұрғын үй құрылыс жинақтарын қоса алғанда). Сыйлықақы тек осы салымдар бойынша және 20 миллион теңгеден аспайтын сомаға төленетін болады.
Бұл ретте, сыйлықақы мыналарға:
- талап етілгенге дейінгі салымдарға, яғни банк белгісіз мерзімге ашатын және клиенттің бірінші талабы бойынша қайтарылатын салымдарға;
- шартты салымдарға;
- ағымдағы банктік шоттарға қолданылмайды.
Депозиттер бойынша өтемақы төлеу жеке тұлғаларға, резиденттерге және бейрезиденттерге, оның ішінде дара кәсіпкерлерге, жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға, кәсіби медиаторларға төленуге тиіс.
Егер салымшының бір банкте бірнеше депозиті болса, онда өтемақы жалпы сомасы 20 млн теңге көлемінде төленеді. Ал егер салымшыда түрлі банктерде депозиттер болса, онда сыйлықақы әрбір салым бойынша ол да 20 млн теңге шегінде төленетін болады.
Салымшылар өздерінің теңгемен салымдары бойынша, егер:
- олардың салымдарының мерзімі аяқталмаған немесе 2023 жылғы 23 ақпанға дейін (бір немесе бірнеше рет) ұзартылған;
- банктік салым шарты тоқтатылмаған және салымшы өзінің барлық жинақтарын депозиттен толығымен алмаған жағдайларда сыйлықақы алуларына болады.
Өтемақы қалай есептеледі?
Өтемақы төлеудің негізгі талабы – бұл 2022 жылғы 23 ақпанда операциялық күннің соңында депозитте болған сома және ол жыл бойына өзгеріссіз қалуы керек. Яғни, салымшы депозиттен ақша алмауы керек!
Егер салымшы, айталық, депозиттен қаражаттың бір бөлігін алған болса немесе шотты толықтырса, онда 2022 жылғы 23 ақпаннан бастап 2023 жылғы 23 ақпанды қоса алғанда кезеңдегі депозиттегі ең аз қалдыққа өтемақы төленуге тиіс.
Маңызды! Мемлекеттен ең жоғары сыйлықақы алу үшін бір жыл ішінде – 2022 жылғы 23 ақпаннан бастап қоса алғанда 2023 жылғы 23 ақпан аралығында депозиттен қаражат алмаған жөн! Егер шот бойынша қозғалыстар болған болса, онда осы депозитте бір жыл ішінде тіркелген ең төменгі сома өтелуге тиіс. Өтемақы төлеу үшін арнайы жеке шоттар ашудың қажеті жоқ!
Өтемақы төлеу тетігін бірнеше мысалдармен талдап көрейік.
№1 мысал. Егер 2022 жылғы 23 ақпаннан бастап 2023 жылғы 23 ақпанға дейін салымшының өтемақы төленетін депозиттегі сомасы 5 млн теңгені құраса және осы кезеңде толықтырылмаса және алынбаса, онда оған 10% мөлшерінде, яғни 500 мың теңге мемлекет сыйлықақысы есептелетін болады.
Егер осы кезеңде салымшы депозитті толықтырса немесе өз қаражатын ішінара алса, онда 10% мөлшеріндегі сыйлықақы осы кезеңдегі операциялық күннің соңында тіркелген ең төменгі қалдыққа есептелетін болады.
№2 мысал. Салымшының өтемақы төленетін депозитінде 2022 жылғы 23 ақпандағы күннің соңында 500 мың теңге болды. Бір жыл ішінде, 2023 жылғы 23 ақпанға дейін ол ақшаны ішінара алды, ал депозиттегі ең төменгі қалдық 200 мың теңге болды. Ол сондай-ақ депозитті толықтырды, нәтижесінде 2023 жылғы 24 ақпанда оның депозитіндегі сома 800 мың теңгені құрады. 10% мөлшеріндегі сыйлықақы 200 мың теңгеге есептелетін болады, себебі Қағидаларға сәйкес өтемақы ең төменгі қалдыққа есептеледі.
Банктер Проблемалық кредиттер қорынан (ПКҚ) және Қазақстанның орнықтылық қорынан (ҚОҚ) өтемақы сомасын алғаннан кейін 2 жұмыс күні ішінде салымшылардың ағымдағы банктік шоттарына сыйлықақыны есептейді. Ағымдағы шот болмаған жағдайда өтемақы төленетін депозит ашылған банкке жүгіну қажет.
Маңызды! Салымшылар Қағидаға сәйкес өтемақы алу үшін ақшаны толық алуға жол берілмейтінін есте сақтауы қажет.
Қосымша ақпарат алу үшін қайда жүгіну керек?
Өтемақы төлеу Қағидалары бойынша сұрақтар туындаған жағдайда азаматтар «1477» нөмірі бойынша ҚР Үкіметімен бірлесіп теңгемен салымдарды қорғау бағдарламасын іске асыратын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне жүгіне алады.
Қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар өз құқықтарын қорғау үшін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне egov.kz порталы, «e-Otinish» ақпараттық жүйесі арқылы, не А15С9Т5, Алматы қаласы, Көктем-3 шағын ауданы, 21-үй мекенжайы бойынша жазбаша жүгіне алады.
Өңірлердің тұрғындары тұрғылықты жері бойынша – Агенттіктің Өңірлік өкілдіктері басқармаларына жүгіне алады.
Сонымен қатар, Агенттікте Қоғамдық қабылдау жұмыс істейді, онда азаматтар ақпараттық-анықтамалық сипаттағы консультациялар ала алады және реттеушінің қызметіне қатысты мәселелерді жедел шеше алады.
Агенттіктің Қоғамдық қабылдауына жазылу үшін Yermek.Utemisov@finreg.kz электрондық мекенжайға өзінің ТАӘ, ЖСН, байланыс деректерін, ұйымның толық атауын, өтініштің қысқаша сипаттамасын жіберу және міндетті түрде «Азаматтарды қабылдауға жазылу» тақырыбын көрсету қажет немесе осы ақпаратты Қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметкеріне хабарлау, «1459» нөмірі бойынша Агенттіктің call- орталығына қоңырау шалу немесе «Fingramota Online» мобильді қосымшасы арқылы жазу қажет.
Источник: dknews.kz