үй Әлем жаңалықтары АӨСШК мерейтойлық медальдары Қытайдың мемлекеттік органдары мен қоғамдық топтарының өкілдеріне табысталды

АӨСШК мерейтойлық медальдары Қытайдың мемлекеттік органдары мен қоғамдық топтарының өкілдеріне табысталды

0

260 rob

Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінде «Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 30 жылдығы» мерейтойлық медальдарымен салтанатты марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шара барысында Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Ш.Нұрышев 2022 ж. 9 наурыздағы «АӨСШК-нің 30 жылдығы» мерейтойлық медалі туралы Ережеге сәйкес төрағалық етуші мемлекеттің атынан АӨСШК процесін нығайтуға және дамытуға елеулі үлес қосқан Қытайдың мемлекеттік органдары, ведомстволары және ғылыми топтарының өкілдеріне мерейтойлық медальдарды табыс етті.

Марапаттау рәсімі АӨСШК-нің бұрынғы Атқарушы директоры Гун Цзянвэйді еске алу үшін бір минут үнсіздіктен басталды.

Өзінің құттықтау сөзінде Ш.Нұрышев Қазақстанның тәуелсіздік таңында бастама жасаған АӨСШК-нің өткен үш онжылдықта Азия құрлығындағы көпжақты дипломатияның тиімді және беделді алаңына айналғанын атап өтті. Ол қазіргі уақытта АӨСШК толыққанды халықаралық ұйымға біртіндеп трансформациялау үшін барлық қажетті әлеуетке ие екенін айтып, Қытайлық тарапқа Қазақстанның осы бастамасын жан-жақты қолдағаны үшін алғысын білдірді.

Елші Қытайдың АӨСШК-нің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады. Қазақстандық дипломат ҚХР Кеңесті құру идеясын алғашқылардың бірі болып қолдағанын және оның қызметіне 30 жыл бойы белсенді қатысып келе жатқанын баса айтты. 2014-2018 ж. Қытайдың АӨСШК-ға табысты төрағалығын, оның барысында ҚХР бастамасы бойынша талдау орталықтары мен үкіметтік емес ұйымдар форумдарының құрылғанын ерекше атап өтті.

Марапаттау рәсімінде ҚХР Үкіметінің Еуразия елдерінің істері жөніндегі арнаулы өкілі Ли Хуэй де сөз сөйледі. Ол өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі, саяси диалог пен сенім шараларын нығайтудағы АӨСШК қызметіне жоғары баға берді, сондай-ақ Қытайдың АӨСШК-тің одан әрі қызметіне қолдауын білдірді.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтастықты нығайту жөніндегі халықаралық форум болып табылады. Қазіргі кезде АӨСШК құрамына 28 мүше — мемлекет, 9 байқаушы мемлекет, сондай-ақ 5 байқаушы ұйым кіреді.

Источник: dknews.kz

Exit mobile version