үй Әлем жаңалықтары Қайрат Умаров БҰҰ-ның есірткіге қарсы комиссиясының 66-шы сессиясының ашылуына қатысты

Қайрат Умаров БҰҰ-ның есірткіге қарсы комиссиясының 66-шы сессиясының ашылуына қатысты

0

1423 rob

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров ү.ж. 13-17 наурыз аралығында Аустрия астанасында өтіп жатқан БҰҰ-ның Есірткі заттары жөніндегі комиссиясының 66-шы сессиясының ашылуына қатысты. Біздің еліміз 2020-2023 жылдары Комиссияның мүшесі бола отырып, халықаралық есірткі бақылау режиміне қатысты мәселелері бойынша шешімдер қабылдауға қатысады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстан делегациясының басшысы өз сөзінде қазіргі таңда, әсіресе жаһандық және өңірлік тұрақсыздықтың күшеюі жағдайында өңірлік бастамалардың маңыздылығын атап өтті. Осы бастамалардың бірі ретінде 2010 жылы құрылып, Алматы қаласында орналасқан Есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық және үйлестіру орталығын назарға алды.

Аталған Орталық есірткіге қарсы 50-ден астам операцияларды үйлестіруге жәрдемдесіп, нәтижесінде 700 келіден астам ауыр есірткі жойылды және трансұлттық қылмыстық топтардың 50-ден астам мүшесі қамауға алынды. Қазақстан ұйымның қызметі туралы хабардарлықты арттыру мақсатында Комиссия отырысы аясында қатар өтетін іс-шараны Орталықпен бірлесіп ұйымдастырды.

Сонымен қатар Комиссия отырысы аясында Қазақстан тарапы ШЫҰ мен БҰҰ Есірткі және қылмыс басқармасының бірлескен іс-шарасына қатысып, баяндама жасады.

Сол күні Қ. Омаров Аустрия Сыртқы істер министрлігінің Бас хатшысы Петер Лаунски-Тиффентальмен кездесу өткізді. Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін және әртүрлі салалардағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Жоғары және аса жоғары деңгейде өзара сапарларды ұйымдастырудың маңыздылығы атап өтілді.

Аустриялық дипломат елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың барысы, сондай-ақ алдағы кезектен тыс парламенттік сайлауы туралы хабардар етілді.

Тараптар халықаралық өзекті мәселелер бойынша да «сағаттарын теңестірді».

Өз кезегінде П. Лаунски-Тиффенталь еліміздегі өзгерістерді құптай отырып, елдер арасындағы ынтымақтастықтың келешегін жоғары бағалады. Ол Қазақстанның халықаралық ұйымдардағы, оның ішінде ЕҚЫҰ-дағы белсенді жұмысын және еліміздің халықаралық күн тәртібіндегі маңызды мәселелерге теңдестірілген көзқарасын атап өтті.

Кездесу нәтижесінде Астана мен Вена арасындағы екіжақты және көпжақты форматтағы өзара іс-қимылды одан әрі жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қазақстан делегациясы Комиссияның 66-шы сессиясы аясында жұмысын жалғастыруда. Сонымен бірге, Венада орналасқан халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесулер жоспарланған.

Источник: dknews.kz

Exit mobile version