үй Әлем жаңалықтары Қазақстан Елшісі Иерусалимдегі UNTSO штаб-пәтеріне барды

Қазақстан Елшісі Иерусалимдегі UNTSO штаб-пәтеріне барды

0

650 rob

Қазақстан Елшісі Сатыбалды Бұршақов пен әскери атташе Вячеслав Волков БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы бітімгершілікті қадағалау миссиясының (United Nations Truce Supervision Organization, UNTSO) штаб-пәтерінде болды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Сапар аясында Миссия басшысы генерал-майор Патрик Гоша UNTSO-ның мандаты туралы презентация жасады. Сондай-ақ аймақтағы әскери-саяси ахуал туралы пікір алмасу болды.

Елші БҰҰ бітімгершілеріне Қазақстанның Таяу Шығыстағы мемлекеттермен достық қарым-қатынасы және Сирия мәселесі бойынша «Астана процесі» халықаралық платформасының дамуы жайлы айтып берді.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат Миссия басшысын елімізде бітімгершілік жөнінде қабылданып жатқан шаралар мен қазақстандық бітімгерлердің БҰҰ миссияларында географиялық қатысуы туралы хабардар етті.

Тараптар Түркия мен Сириядағы жойқын жер сілкінісінің салдарын да талқылады. Осы ретте, С. Бұршақов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен екі елге гуманитарлық көмек жеткізілгенін атап өтті.  Сондай-ақ, Түркиядағы қазақстандық құтқару тобының қызметі мен түрік тарапына бөлінген 1 млн АҚШ долл. көлеміндегі қаржылай көмекке жеке тоқталды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты байланыстарды жандандыруға жәрдемдесуге келісті.

UNTSO – штаб-пәтері Иерусалимде 1948 жылы құрылған БҰҰ-ның алғашқы бітімгершілік операциясы.  Миссия аясында әскери бақылаушылар атысты тоқтату және бітімгершілік келісімдердің сақталуын қадағалау, сондай-ақ Таяу Шығыстағы қақтығыстардың өршуіне жол бермеу жөніндегі міндеттерді орындайды. БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі UNTSO-ны оның жеке құрамы есебінен, әлемнің кез келген елінде бітімгершілік операциялар жүргізуге болатын негізгі миссия ретінде қарастырады.

Источник: dknews.kz

Exit mobile version